31 тамыз күні «Ембімұнайгаз» АҚ-да кәсіпорынның құрылғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған шаралар басталды.
Мерейтойлық шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Исқазиев, «ҚАЗЭНЕРДЖИ» Ассоциациясы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин, ардагерлер мен компания қызметкерлері қатысты.
Ембі – кеше және бүгін
«Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ өз баяндамасында компанияның қалыптасуының негізгі кезеңдеріне тоқталды:
- «Ембімұнай» тресінің бірінші басшысы Рувим Фридман 1922 жылдың қыркүйегіндегі IV Гурьев уезі кеңестерінің съезінде кәсіпшіліктегі өмір сүру жағдайының өте ауыр екенін, келген адамдардың климаттық жағдайларға шыдамай кетіп жататынын немесе науқастанып қалатындарын баяндаған еді... 1940 жылға қарай мұнай өндіруді 750 мың тоннаға жеткізген алғашқы ембілік мұнайшылар осындай қиын жағдайда жұмыс жасаған. Соғыс жылдарында «Ембімұнай» жұмысты бір минутқа да тоқтатпады. Бұл жылдары Ембіде мұнай соғыс алдындағы бесжылдыққа қарағанда 39 %-ға көп өндірілді. Соғыс кезіндегі қиындықтарға қарамастан Комсомол-Мақат, Қошқар-Сағыз мұнай құбырлары жүргізілді, Қамыскөлдегі бу турбиналы электр стансасы мен Гурьев мұнай өңдеу зауыты салына бастады. «Қазақстанмұнай» өндірістік бірлестігі болып қайта құрылған «Ембімұнай» тресінің құрамына 1945 жылы Қазақ ССР-нің мұнай саласының барлық кәсіпорындары енді.
Ембілік геологтар Батыс Қазақстан жеріндегі көмірсутек шикізатының ірі кен орындарын алғаш ашушылар: Теңіз, Өзен, Маңғышлақ, Прорва, Кенбай және т.б., олардың арқасында мұнай-газ саласы күні бүгінге дейін ел экономикасын дамытудың қозғаушы күші болып табылады».
Компания басшысы кәсіпорынның даму жоспарымен де бөлісті. Бүгінде геологиялық барлау және бұрғылау жүргізу үшін болашағы бар бірнеше тұзүсті және тұзасты нысандары анықталған. 2018 жылы тереңдігі 6 мың метр болатын ұңғыманы бұрғылау жоспарланған. Сонымен қатар, «Ембімұнайгаз» жоспарына жұмыс жасап тұрған кен орындарын сатып алу да кіреді.
Өңір мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесіне келсек, соңғы төрт жылда компания республикалық және жергілікті бюджеттерге салық түрінде 625 млрд. теңгеден астам қаржы аударған, оның шамамен 81 миллиард теңгесін 2016 жылы аударған. Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға 1,7 млрд теңгеден астам сома, демеушілік пен қайырымдылыққа 1,7 млрд теңге аударылған. Компания жыл сайын халықтың әлеуметтік осал тобына көмек ретінде едәуір қаржы бөледі және мүмкіндігі шектеулі балаларға да үлкен көңіл аударады.
Өз сөзінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев мұнайшылардың жетістіктеріне жоғары баға берді.
- Ембі «жасына» қарамастан өзіне сенімді компания, мұнай және газды тұрақты өндіруді қамтамасыз етіп отыр әрі жаңа жобаларды жүзеге асырып келеді. «Ембімұнайгаз» компаниясының ресурстық базаны кеңейту мен өндірісті әртараптандыру бойынша үлкен жоспарлары бар.
Қазіргі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ-на бірнеше жаңа келісімшарттық территорияны, соның ішінде Каспий маңы ойпатында орналасқан болашағы бар Забурын және Жайық алаңдарын беру мәселесі шешілуде, - деп кейін «ҚМГ ҰК» АҚ басқарма төрағасы журналистерге хабарлады.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев алғашқы мұнайшылар еңбек еткен ауыр жағдайдың оған өте таныс екенін айтып өтті. Ол өз қызметкерлеріне жұмыс жасау үшін жағдай туғыза білген компанияның үлкен жетістікке жеткенін атап өтіп, демеушілік қызметі үшін алғысын білдірді.
Салтанатты жиналыс барысында ҚР Энергетика министрлігінің мерейтойлық медальдарымен өндіріс ардагерлері және компанияның бұрынғы басшылары марапатталды.
Ардагерлер және ...
Ардагерлердің бірі Шаймерден ТӨЛЕҢГІТОВ былай дейді:
- 1977 жылы Алматы политехникалық институтын тәмамдаған соң мен «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-не оператор болып жұмыс жасауға келдім. Ол кезде мұнайшының жұмысы қандай болды? Техника жетіспеді, барлық операцияларды қолмен жасауға тура келді. Жатақханалар, асханалар, медициналық пункттер, вахталық поселке дегендер болған жоқ. Бригадаларды Аққыстаудан кәсіпшілікке дейін үсті ашық ЗИЛ-130 жүк көлігімен таситын. Қазіргідей кен орындарына дейін асфальтталған жолдар, арнайы киімдер болмады. Жастарға қандай өсиет айтамыз? Біздің басымыздан не өткергенімізді ұмытпаңыздар, ерінбей еңбек етіңдер және тату болыңдар!
... жас мамандар не дейді?
Біз «Ембімұнайгаз» АҚ геологиялық барлау жұмыстары департаментінің басшысы Шайхан МУХАМЕТРАХИМОВТАН алдағы жоспарлар туралы айтып беруді өтіндік:
- Біздің мамандарымыз көптеген ірі кен орындарын ашты. Мысалы, Теңіз, Жаңажол, Кеңқияқ және т.б. Біздің мақсатымыз: қол жеткен жетістікпен тоқтап қалмай, дәстүрді жалғастыра отырып, жаңа мұнай кен орындарын ашу. Біз Каспий маңы ойпатының тұзүсті және тұзасты бөлігінде бірнеше перспективалы құрылымдар дайындадық. Алдағы 5 жылдықта терең тұзасты, сонымен қатар, тұзүсті ұңғымалар бұрғыланатын болады. Бұл бізге мұнай өндірудің қол жеткен көлемін сақтауға, өндірісті кеңейтуге және жұмыс орындарын арттыруға мүмкіндік береді.
Компанияда енгізілген жаңа жобалар туралы мұнай және газ өткізу департаментінің директоры Марат ТҰРДЫБЕКОВ айтып берді:
- Компанияда жаңа технологиялар енгізілуде. Олардың бірі – «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-де енгізілген Уаз сандық кен орнының тұжырымдамасы, соның арқасында электр энергиясына кететін шығындар үштен бірге қысқарады. Екіншіден, компания көп жылдар бойы Прорва топтық кен орындарында ілеспе газдың көп бөлінуі салдарынан мұнай өндіру көлемін арттыра алмай келген еді. Биыл бұл жерде қуаты жылына 150 млн. текше метр болатын тауарлық газ өндіру бойынша кешен салынды. Соның арқасында, енді Прорваның «көгілдір отыны» халық игілігіне жұмсалады! Ілеспе газды өңдейтін осындай кешендер бұрын «Жайықмұнайгаз» және «Доссормұнайгаз» МГӨБ-терінде салынып, олар табиғи газды жеңілдетілген бағамен Мақат, Исатай және Қызылқоға аудандарының тұрғындарына жеткізіп отыр.
Қала тұрғындарына арналған концерт пен отшашу...
Салтанатты шаралар Исатай-Махамбет атындағы Атыраудың орталық алаңында жалғасын тауып, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтті. Бағдарлама басында ұйымдастырушылар жергілікті әртістердің сахнаға шығуына мүмкіндік берді. Әншілердің өнерлерін тамашалауға келген көрермен риза болды.
Концерт «С-Класс» триосының «Қазақстан – байтақ елім» патриоттық әнімен басталды. Әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Қуандық Нұғымаров Лев Лещенконың репертуарындағы «Соловьиная роща» және Николай Басковтың «Все цветы» әндерін орындады. Жанар Ермағамбетова сүйікті қазақ әндерінен попурри орындап, соның ішіндегі «Сыңарымсың» әніне жиналған халық вальс билеп кетті. Қараңғы түскенмен, алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтарының арасында ине шаншар жер қалмады. Вальс билеуші жұптардың қатары Медет Қарамырзаның орындауындағы танымал «Каспий толқындары» әні кезінде көбейіп кетті.
«Ембімұнайгаз» мұнайшылары мерейтой құрметіне қала тұрғындары мен қонақтарына қазақ эстрадасының жұлдыздарының концертін тарту етті – сахна төріне ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева, белгілі әншілер Тамара Асар, Ақылбек Жеменей және Бейбіт Көшқалиев, әнші-домбырашы Айгүл Қосанова көтерілді. Концерт мерекелік отшашумен аяқталды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ