Атырау, 27 қараша 03:15
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Махаббат, қызық мол жылдар

Сурет Бейнежазба
5 817 просмотра

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында әуесқой жастар театры «Ауылдағы Retro Party» музыкалық комедиясын ұсынды.



Бұл әлеуметтік желіде танымал Ару есімді бойжеткенге ауылдың төрт жігіті ғашық болуы туралы оқиға. Бірі жұмысбасты ересек азамат болса, бірі спортшы, енді бірі қызға алғаш рет ғашық болып тұрған жігіт. Ал, төртіншісі байдың романтик баласы болады. Олар қойылымда Аруға сезімін білдіру сәтіндегі қызықты эпизодтармен ерекшеленіп, содан оқиға кешкісін ауылдың Retro Party кешінде өрбиді. 

- Бәріміздің түбіміз ауылдан шыққанын ұмытпауымыз керек. Қанша жерден сөйлеу мәнерімізді, өмір сүру стилімізді өзгерткенімізбен қоғамдағы қыз бен жігіт жүретін құбылыс сол қалпында өзгермейді. Осы орайда өзіміздің балалық кезімізді, ауылда өткен жастық кезді еске түсірейік деген мақсатпен «Ауылдағы Retro Party» қойылымын өмірге әкелген болатынбыз, - дейді жастар театрының режиссері Гүлнұр ҚАЙЫРЛИЕВА. - Жастар оны өте шебер алып шықты. Театр - жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, әрі әртістік қабілеті бар жастардың талабын шыңдап, тәжірибе жинауына мүмкіндік жасау мақсатында жұмыс жасап келеді.

Құрылғанына үш жыл болған әуесқой театрдың құрамына отыздан астам әртіс жиналған. Қазір театрдың репертуарында 8 қойылым бар. Жастар бірі ән салса, бірі билеп, аспаптарда ойнап, бірі сөз жазып, ән шығаратын өнерімен ерекшеленеді. Бүгінгі таңда театрдың әртістеріне қазірден-ақ ұсыныстар түсуде. Қос әртіске деректі фильмге түсуге, бір жігітке көркемфильмге түсуге ұсыныс түссе, екі әуесқой әртісі үйренгенін әрі қарай кәсіби деңгейде шыңдау үшін «Шабыт» ұлттық өнер университетіне оқуға тапсырып отыр.   

- Қала сыртындағы ауылдық округтерге де шығып тұрамыз. Көбіне сахнасы жақсы болған соң Дамбы округіне барамыз. Жақында Еркінқалаға барып, ол жерде клуб жоқ, далаға қойып келдік, - Г.Қайырлиева. - Құрманғазы мәдениет сарайының сахнасын аптасына үш рет пайдалана аламыз.  

Қуанышбек ХАЙРУЛЛИН, жастар театрының әртісі:

- Театр қатарына ең алғаш 2014 жылы кастинг арқылы келіп, содан күні бүгінге дейін бірнеше спектакльдерде ойнап, шығармашылығымды шыңдадым. Негізгі мамандығым электрик. Бірақ, болашақтағы мақсатым - үлкен театрлардың әртісі болу. 



Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

5 қыркүйек 2017, 18:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.