Атырау, 27 қараша 03:16
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Аңқау елге арамзалар көп

2 671 просмотра


«АЖ» редакциясына қазақстандықтарды алдау-арбаудың тағы бір түрінен қорғау мақсатында Украинаның Кривой Рог қаласының Владислав есімді тұрғыны хабарласқан еді.


ЕНДІ ҚАЗАҚСТАНДА

Ер адам аз уақыт бұрын кеңселері Украинада жұмыс істейтін  польшалық PVM Group компаниясына телефон операторы болып жұмысқа орналасқанын айтып берді. Ол саламатты өмір сүру салтын насихаттайды-мыс.

- Операторлардың міндетіне компанияның әлеуетті сатып алушыларының мәліметтер базасын жасақтау кіреді. Біз Украинаның, Ресейдің және жақын арадан бастап Қазақстанның кез келген қаласының телефон нөмірлеріне хабарластық. Украина мен Ресейде біз өзімізді «Арбат-Москва» компаниясының қызметкерлері ретінде, ал, Қазақстанда «Органика Казахстан» компаниясының өкілі ретінде таныстырдық, - дейді Владислав.

Сөйлесу кезінде оператор адамдарға олардың қаласында жақын арада тегін аспаздық шоу өтетінін хабарлайды. Шоу қонақтарының барлығын сыйлық күтеді (шынында, сыйлық дегеніңіз кір жууға арналған арзан шар) және олар майсыз, тұзсыз дәмді әрі пайдалы тағам дайындаудың құпияларын көру мүмкіндігіне ие болады. Кіру – тек шақыру билеттері бойынша. Сондықтан арнайы шақыру билетін жіберу үшін операторлар адамдардың құжатының мәліметтерін, мекенжайлары мен пошталық индекстерін сұрап алады.

- 35 пен 78 жас аралығындағы адамдарға артықшылық беріледі. Үлкен жастағы адамдар әдетте сенгіш, иланғыш келсе, орта жастағылар саламатты өмір салтын сақтаумен әлек әрі дұрыс тамақтану қазір сәнде. Аталмыш аспаздық шоуларға шақыратындарды осындай жандардың арасынан іздейді де, қарапайым ыдысты өте қымбатқа оп-оңай сатып жібереді, - деп әңгімелейді Владислав.

Владислав ұсынған ішкі қолдануға арналған ескертпеге сәйкес, телефон операторлары өте жақсы дайындалған. Ескертпеде телефон қоңырауына және шақыруға сақтықпен қарайтындар үшін алдын ала дайындалған жауаптар бар. Мәселен, тереңірек танысу мақсатында компания сайтының мекенжайын сұраушыларға оператор осы сәтте сайтта, өкінішке орай, қайта құру жұмыстары жүріп жатқанын хабарлайды. «Ал, ол шараларыңызда мені бір тауар сатып алуға мәжбүрлемей ме?» деген сұраққа оператор шақыру билетін жіберетін компания шараның демеушісі екенін және бас аспаз тағам дайындайтын ыдысты ұсынатынын айтады. Шоу аяқталған соң қатысушылар үшін «ақылды» ыдыстың көрмесін (сатып алу міндетті емес) ұйымдастырады.

- Операторлар былай дейді: «Аспаздық шоуға ақшасыз келе беріңіз, ештеңе ақша төлемейсіз. Тек өзіңізбен бірге төлқұжатыңызды ала келіңіз, біз сіздің сол адам екеніңізді білуіміз керек». Операторлардың басты мақсаты – саламатты өмір салты мен сәнге айналған дұрыс тамақтануды сылтауратып адамдарды осы шараға шақыру.


ҚИТҰРҚЫ ШОУ

Осындай шоуларға қатысып үлгерген ресейліктер мен украиндықтардың пікірлеріне қарасақ, олардың бәрі бір сценариймен өтеді. Компания қызметкерлері экологиялық таза материалдан жасалған, піскен тамақ өте пайдалы әрі дәмді болып шығатын «ақылды» ыдыстың таныстырылымын өткізеді. Қонақтардың көзінше бір-екі тағам дайындалып, дәм татқызады. Содан соң адамдарға денсаулықтан артық ештеңе жоқтығын, сол себепті осы ыдысты алу керектігін меңзейді. Әрі осындай керемет кастрюльдер мен табаларды тап қазір осы жерде сатып алу керектігі ескертіледі – интернетте, дүкендерде сатылмайды. Кейбіреулер бірден келісе кетеді, ал, әңгімеге жоқтармен жеке дара жұмыс жүреді – көндіруге тырысады, иландырады, соңында адам қарайған ақшаға ыдыс жиынтығын сатып алады. Өзіңізбен бірге ақшаңыз жоқ па? Ешқандай қиындығы жоқ – тауарды сол жерде бөліп төлеуге рәсімдейді.

Бұл жүйе бізге таныс. Үш жыл бұрын Атырауда «сұлулық салондары» да осылай жұмыс жасаған, ол жерде келушілерге «ғажайып» косметикалық құралдарды сатқан. Қарапайым ғана тәсіл: адамның қалтасында ақшасы болмаса, ол ақшамен оңай қоштаса салады.

Ал бұл жердегі қаржы қомақты. Мысалы, таба 160 мың теңгеге бағаланса, кастрюльдің бағасы 250 мың теңге. Ал, жалпы жиынтық бір жарым миллион теңге тұрады. Әрине, несие рәсімдеген кезде сізге жеңілдік жасап, соманы миллионға дейін түсіріп береді. Ал, осындай шоуларға қатысқандар тап сондай ыдыстарды қарапайым дүкендерден өз бағасына сатып алуға болатынын айтуда.


"ЖҮЛДЕНІ ТӨЛЕҢІЗ"

Виртуалды кеңістікте Ресей қалаларында бірнеше жылдан бері өткізіліп жүрген «Арбат» аспаздық шоуы туралы көптеген пікірлер бар. Олардың көпшілігі – негатив пікірлер. Форумдардың біріндегі мына пікірге назар аударыңыз: «Екі апта бұрын үй телефонына телефон соғып, даусы жағымды ер адам аспаздық шеберлік сағатына шақырды. Тамақ пісіретінімізді, кейін оның дәмін татып көретінімізді айтты. Жолдасымды немесе құрбымды ертіп келуіме болатынын да ескертті. Сөйлесіп, өз координаталарымды айттым. Ол шақыру билетін жіберетінін айтты. Келістім, себебі, үйіме жақын еді. Өзіммен бірге енемді де шақырдым. Келдік, отырдық. Қонақтардың басым көпшілігі зейнет жасындағы адамдар екен. Алдымызда үстел тұрды, оның үстінде қызыл шүберекпен жабылған бір нәрсе тұрды. Барлығымызға сауалнама таратты – бір бетіне атымызды, жасымызды, ал екінші бетіне достарымыз бен туыстарымыздың 15 телефон нөмірін жазу керек болды. Мен достарымды жамандыққа қимадым, бірақ қызығушылығымды басу үшін қалдым. Қысқаша, қызыл шүберекті ашты, астында керемет ыдыс тұр екен. Бір қыз шығып, тамақ пісіре бастады. Біз оған көмектесіп, дәм де таттық. Тауардың бағасы туралы әңгімеге кезек келгенде мен аузымды ашып қалдым: ең арзан таба 32 мың рубль тұрады екен. Одан кейін сыйлықтар ойнатылып, мен үлкен жеңілдікпен үш заттан тұратын жиынтықты ұтып алдым. Оны сол жерде несиеге рәсемдеуді сұрады. Мен бірден ештеңе сатып алмайтынымды, басқа мәселелерім бар екенін айттым. Бір жас жігіт ол қандай мәселелер екенін білуге тырысты. Басқа қонақтарды да жеке сөйлесу үшін осындай «психологтар» жан-жаққа алып кетіп, қағазға кастрюльдердің суреті мен төлем жасаудың сызбасын түсіріп жатты. Бір әйел келісіп, келісімшарт рәсімдеуге кетті. Соңында мен мына циркке қарап күліп алдым...».

- Бұл компанияда мен көп жасаған жоқпын. Адамдарды алдауға қатысым бар екенін, ол адамдардың көпшілігі зейнеткерлер екенін  білгенде жұмыстан шығып кеттім, - дейді Владислав. – Бұл компания енді Қазақстанда да осы тектес «шоуларды» өткізе бастайтынын ескертуді өзімнің парызым деп есептеймін. Сақтансаң, сақтармын деген.

Тамара СУХОМЛИНОВА

5 қыркүйек 2017, 16:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.