Атырау, 27 қараша 03:16
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Санжар Мадиев: Жақсы кітаптар оқыңыз

5 887 просмотра


Атырауда танымал жас актер Санжар МАДИЕВ болып қайтты. Біз оған мүмкіндікті пайдаланып, бірнеше сауал қойдық.   

Санжар Мадиев - актер, бастаушы режиссер, продюсер. 1986 жылы Алматыда туған. Қазақ ұлттық өнер академиясында «театр режиссері» мамандығы бойынша және New York Film Academy-да  (Лос-Анджелес, Калифорния) «Film Making» мамандығы бойынша білім алған. 2009 жылдан бастап қазақстандық («Сказ о розовом зайце», «Обратная сторона», «Замуж в 30», «Дорога домой», «Аманат») және ресейлік («Ёлки-2», «Защитники», «Алтын Орда» сериалы) фильмдерге белсенді түрде қатысып жүр.

- Санжар, қош келдіңіз. Қазіргі уақыттағы жұмысыңыз туралы айтып беріңізші. 

-  Бірінші арна үшін түсірілген, экранға әлі шықпаған «Алтын Орда» сериалын айтайын. Картина 16 сериядан тұрады. Онда ресе            йлік актерлермен бірге қазақстандық актерлер Аружан ЖАЗЫЛБЕКОВА, Дина ТАСБОЛАТОВА, Еркебұлан ДАИРОВ, Асқар ІЛЬЯСОВ түсті. Сериал өте қызықты, бірақ біздің көрермендердің оған қатысты сұрақтары болады деп ойлаймын. Өйткені, Алтын Орда Ільяс Есенберлиндікі емес. Соған қарамастан авторлар барлық нюанстарды ескеруге тырысты. Және меніңше ешкімге тіл тигізбеді. Содан соң өткен жылы біз «Қазақфильмде» әйгілі домбырашы Әміре ҚАШАУБАЕВ туралы «Әміре» картинасын түсірдік. Режиссер – американдық Джефф ВЕСПА, оператор - Максим ОСАДЧИЙ. Фильм Әміре Қашаубаевтың бүкіл өмірі жайында емес, оның 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО-дағы атақты орындауы, Мұстафа Шоқаймен танысқаны үшін НКВД-ның артына түсуі туралы болды. Фильм толығымен ағылшын тілінде, өйткені экспортқа кетеді. Мен онда голливудтық актриса Эбби КОРНИШПЕН бірге түстім. Фильмді осы күзде шығаруға уәде етіп отыр.

- Демек, сіз ағылшын тілінде еркін сөйлейсіз ғой?

- Абсолютті түрде.

- Фильмде сіз домбырада ойнайсыз.

- Менің талантты досым – домбырашы Нұржан ТӘЖІКЕНОВТЕН сабақ алдым. Біз күніне бірнеше сағаттан айналыстық.

Ал соңғы рольдерімнің бірі – өкінішке орай өмірден өтіп кеткен Вера ГЛАГОЛЕВА түсірген «Глиняная яма» драмасындағы роль. Керемет адам,  кәсіпқой. Мен үшін онымен бірге жұмыс істеу зор құрмет. Мен фильмнің қашан шығатынын білмеймін, бізде түсірілетін бір күніміз қалды. Оны қыркүйектің аяғында, қазанның басында түсіріп бітетін болармыз, сосын монтажға кіріседі. Ал алдағы уақыттағы жұмыстарды айтсам, жақында Ұлан-Батырға ұшамын, онда экшн стиліндегі американдық-моңғолдық картинаның түсіріліміне шақырған болатын.  



- Осы жақында ғана сіз ресейлік «Защитники» фильмінде басты рольдердің бірін сомдадыңыз. Бұл қаһармандар туралы блокбастердің жалғасы бола ма? 

- Болатын болар. Менің келісімшартым үш бөлімнен тұрады, оған қоса спин-оффтар, сиквелдар бар, егер прокат жақсы болса. Қазір Қытаймен келіссөз жүріп жатыр. Шілдеден бастап тамыз аралығында қытайлық фильмнің прокаты болды, оларға ұнады. Олар өздерінің екі қаһарманын қосуды ұсынып, бірлескен кино түсіруді ұсынып отыр. Ал қыркүйектен бастап картина бүкіл Латын Америка бойынша прокатқа шығады, яғни 900 кинотеатрда көрсетіледі. Үлкен көлемдегі жарнамалық акция жүріп жатыр, жақында Мексикадан оралдым. Біз бүкіл әлемдегі прокаттың соңын күтіп, бокс-офисті есептеуіміз керек. Сценарийдің 2-ші бөлімі жазылып жатыр. 

- Сіз Лос-Анджелесте актер мамандығын оқыдыңыз. Айтып беріңізші.

- Мен Калифорнияда екі рет оқыдым – 2010 жылы кино режиссері және 2011-2012 жылдары актер мамандығын. Бұл уақыттың мен үшін көп пайдасы тиді. Онда сен кино әлеміне еніп кетесің,  себебі, Калифорнияда, Голливудта әрбір даяшы актер немесе, сценарист, режиссер, продюсер болғысы келеді. Және киноиндустрияда қандай да бір тәжірибесі бар. Егер сіздің майкаңызда қандай да бір кинокомпанияның эмблемасы болса, онда міндетті түрде даяшы оған жақындап, өзінің түйіндемесін ұсынады. Бұл жүз пайыз солай. Біз тексеріп көргенбіз.   

- Ал ұсынылған рольдерден бас тартқан кездеріңіз болды ма?

- Бір емес, бірнеше рет болды. Картиналарды атамай-ақ қояйын, себебі менің тарапымнан бұлай еткен жақсы болмас. Айтарым, бұл рольдер мен үшін ештеңені білдірмейтін. Мәселен, студенттің ролі. Мен студентті қалай ойнаймын, егер ол ештеңе жасамаса, ол әжесіне жақындап келіп, онымен сөйлеседі, ол оған бата береді, ол жәй ғана жүреді де қояды, яғни кейіпкер жоқ. Студент – бұл кейіпкер емес, жәй типаж. Өзегі болмаса, ойнайтын ештеңе болмаса, мен бас тартамын. 

Маған: «Санжик, бізде фильм болады, түсесің бе?» деп сұрап, жиі хабарласады. Сонда мен: «Қашан?» деп сұраймын. «Бір аптадан соң бастаймыз». «Ал сіздер актерлардың жартысы жоқ болса, бір аптадан соң қалай түсірмексіздер?». «Ештеңе етпес, табамыз». Олай етпейді.

- Бірақ, сіз бұлай етуге қазір жол бере аласыз. Ал киноға қалай келдіңіз?

- Бұл 2008 жыл болатын. Мен қазақстандық «Обратная сторона» детективті картинаның кастингінен сәтті  өттім. Онда ресейлік жұлдыз Дмитрий ДЮЖЕВ те болды. Содан бастап менің кионадағы өмірім басталды. Мен сол кезде банктегі жұмысымнан шығып кеттім, себебі 9-дан 18-ге дейін жұмыста костюммен жүргенді ұнатпайтынмын. Клиенттерге телефон соғуды да.  Айтпақшы, сонда жұмыспен Атырауға да соққанмын. Бұл банк мұнай компанияларымен жұмыс істейтін. Мәселен, келісімшартты ұзарту үшін хабарластым, ал маған ылғи да жекіп тастайтын.

Кинода жүргеніме 9 жыл болды. Мұнда жүру жеңіл дегендерге сенбеңіз, бұл шындығында азапты жол. Біріншіден, бұл тұрақты жұмыс емес. Мысалы сен ертең не болатынын білмейсің, қазір мені Моңғолияда түсірілім күтіп тұр, ал кейін не болатыны белгісіз.  Келіссөздер жүріп жатыр, құдайға шүкір, қазір менің ресейлік агенттерім бар, олар мен үшін роль іздеуде. Бірақ, бұрын мүлдем басқаша болды ғой. 2008 жылы маған бәрі: «Неге сен кинода жұмыс істегің келеді? Кино Қазақстанда жоқ қой» дейтін. Ал мен: «Жігіттер, мен осында болғым келеді, маған бұл ұнайды». Басында түсірілім аз болатын, бірақ мен тырыстым, ақша таптым, жарнамада режиссер ретінде қысқаметражды фильмдер, клиптер түсіре бастадым. Енді қазір халықаралық жобаларға шақырып жатқанын көріп, мұның бәрі бекер болмағанын түсіндім. Сенің әрбір жасаған жұмысың жоғарыға қарай апаратын баспалдақ секілді. 

- Ал сіздің кино әлеміне енудегі алғашқы қадамыңыз 2005 жылы түсірілген қазақстандық «Көшпенділер» тарихи суперфильмдегі түсірілімдермен байланысты екенін білемін. Осы жайында айтып беріңізші. 

- Бұл трагикомедиялық оқиға. Менің танысым бір күні суперкеремет жоба абсталғанын айтып, кастингке баруды ұсынды. Қысқасы, мені алды. Және менің басты рольге жақын образды сомдайтынымды айтты. Ол кезде менің жасым 20-ға да жетпейтін. Мен сондай қуанып кеттім, барлық туыстарыма телефон соғып, хабарладым. Үйімізде той басталып кетті. Кейін телефон соғып: «Қазақфильмге таңғы 5-те кел» деді. Таңертең ертемен студияға келдім. Онда тағы да көптеген жас жігіттер болды. Бізді автобусқа отырғызып, қаланың сыртына алып кетті. Сосын маған жоңғардың киімін берді. Және бұл ең басты жоңғар емес болатын. Мен: «Жігіттер, бұл қате, мен басты кейіпкермін» дедім. Бірақ, бұл түрмеде отырып, «Мен кінәлі емеспін» деумен бірдей еді. Олар маған: «Иә, иә, сен басты кейіпкерсің» деп қояды. Біздің топты жинап, бір жерге апарды... Қысқасы бұл массовка болатын. Бізге, «жоңғарларға» жұмысымыз үшін 1800 теңгеден төледі, ал «қазақтарға», неге екені белгісіз, екі есе көп төледі.

Біздер түсірілімді күтіп төмпешікте отырғанда, бұралаң жолдармен аппақ машина келе жатқанын көрдік. Ішінен Дильназ АХМАДИЕВА шықты. Сондай әдемі, оған бәрі жеміс-жидек, салқын минералды суын бірден ұсынды. Ал біз тер-тер болып, кір-кір болып бірнеше сағат күннің астында шыжып отырмыз. Тығылатын жер де жоқ. Ал мен сол кезде: «Бір күндері мен де ол тұрған жерде боламын. Басты рольдерде боламын» деп қойып қалдым. Бәрі күлді. Кейін мені «жоңғарлар» арасында болған бір танысым тауып алып, маған сол оқиғаны еске салды. Ол қазір сәулетші. Ал жақында күтпеген жерден Дильназ Ахмадиеваны мейрамханадан кездестірдім, ол маған менің жанкүйерім екенін айтты (күлді).

- Көптеген актерлар кинодағы түсірілімдерден бөлек театрда жұмыс істейді. Ал сізде қалай? 

- Маған кино жақын. Театрда артқы орындарда бәрі естілетіндей ойнау керек. Кино әлдеқайда интимді процесс дер едім. Сенің көздеріңді жақыннан түсіреді, сен бүкіл сезіміңді көрсете білуің керек. Мен жақсы қойылған дауыспен барына шығарып, мені естісін деп қатты сөйлегім келмейді. Маған сыбырлап сөйлеген ұнайды және мұны кинозалда отырған әрбір көрермен естиді. Әрине, театрда өзінің адреналині бар, онда бәрі сол жерде, сол сәтте өтеді, сенің қателесуге, әріптестеріңді ұятқа қалдыруға хақың жоқ. Ал кинода тағы бір дубль түсіруге болады. 

- Актер болғысы келетіндерге қандай кеңес бересіз? 

- Жақсы әдебиетті көбірек оқысын дер едім. Және актерлік шеберлік бойынша кітаптарды міндетті түрде оқу керек: Станиславский, Михаил Чехов, Мейерхольд, Страсберг. Режиссура туралы оқу керек, себебі сен фильм түсіретін адамның басында не бар екенін жақсы түсінесің және саған түсірілім алаңында жеңілдеу болады. Оператордың жұмысы туралы білген де жақсы. Камераның қалай жұмыс істейтінін, жарықты жауып тастамас үшін қай жағынан тұру керек екенін және т.б. түсіну керек. Спортқа жақын болу керек, аттың үстінде отыруды, жүзуді және басқа да көптеген нәрселерді білу керек. Өйткені сен алда қандай роль берілетінін білмейсің, сондықтан бәріне дайын болуың керек. Және әрине адам болу керек. Себебі қандай да бір танымалдылыққа ие болған кейбір актерлар өздерін тым әлдеқандай етіп көрсетеді. Мұны мен кастинг-директорлардан, режиссерлерден естимін. Түсірілімдерге кешігіп келеді, өздеріне түсірілім алаңында ерекше шарттар талап етеді. Өздерін оларға біреу міндетті сияқты ұстайды. Ешкім саған ештеңе міндетті емес, сен жұмыс істеуге және қолыңнан не келетінін көрсете алуға міндеттісің. 

- Фейсбуктегі жазбалардың бірінде сіз өзіңізді «скотина» деп атадыңыз. Өзіңізді сынға көп аласыз ба?

- Иә, көп сынаймын. Өзімнің фильмдерімді қарай алмаймын, бірақ көруге тура келеді. Американдық ұстаздар қарауға және қай жерінде нені дұрыс жасамағынды түсінуге кеңес беретін., мен үнемі өзіме тиісіп отырамын. Бірақ, бұл алға қарай жылжуға көмектеседі. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

5 қыркүйек 2017, 14:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.