Өзбекстанның GM Uzbekistan компаниясы автокөліктердің бағасын девальвацияға дейінгі деңгейде сақтап қалды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі компанияның сайтына сілтеме жасап.
5 қыркүйектен бастап GM Uzbekistan автокөліктерінің бөлшек саудадағы бағасы тек қана ұлттық валютада белгіленеді. Бұған дейін де баға суммен анықталатын, бірақ доллар бағамына байланысты апта сайын өзгеріп тұрған.
GM Uzbekistan компаниясы Chevrolet, Ravon брендтерімен автокөліктің 10 үлгісін, атап айтқанда, Matiz, Spark (R2), Nexia (R3), Cobalt (R4), Lacetti (Gentra), Captiva, Malibu, Orlando, Damas және Labo үлгілерін шығарады.
Өзбекстан билігі сондай-ақ елде жеке тұлғалар үшін шетелдік валюталарды сату және сатып алу рәсімдері жеңілдетілгенін хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, Өзбекстан Орталық банкі елдің ұлттық валютасы – сумды екі есеге жуық құнсыздандырды.
2017 жылдың 5 қыркүйегінен бастап бағам бір долларға 8 100 сум көлемінде бекітіледі. Орталық банктің мәліметінше, өткен аптада бір доллардың құны 4 210,35 сум болған.
Девальвация 2017 жылдың 2 қыркүйегінде Өзбекстан президенті «Валюта саясатын ырықтандыру бойынша бірінші кезектегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаннан кейін жасалды.
Дереккөз: Вaq.kz