Жақында бір шаруаларыммен «Атырау-Маңғышлақ» пойызымен Ақтауға бардым. Бұрын-соңды бұл пойызға мініп көрмеп едім. Пойыз күнделікті қатынаса да, оған билетті алдын ала сатып алу керек. Мен плакцарт вагондағы орынды 2 663 теңгеге сатып алдым. Вагонда көрген қиындығымызды айтып жеткізу қиын.
Солардың бірі – күн ыстықта салқындатқышсыз вагонда бір сағаттан артық жүрген соң адамдардың қолтығы мен аяғының иісі қосылады да одан не болатынын айтып жеткізу қиын.
Пойыз Атыраудан 15 минут жол жүрген соң Теңдік станциясына тоқтап, ол жерде 20 минут аялдайтынын хабарлады. Жүргенімізден тоқтағанымыз көп болды. Кестені қарауға барып едім, ол жерде біздің құрам сағатына 3 реттен және Маңғышлаққа жеткенше 40 разъезге тоқтап баратыны жазылған екен. Елсіз далаға да 15 минуттап тоқтайтыны кестеде көрсетілмеген, оны жүре бара білдік.
...Жолсеріктің купесіне қарсы ашық тұрған терезеден ауа жұтып тұр едім, қасыма артымнан футболка мен трико киген бір жігіт келіп, «бауырым, вагондағы единственный сквознякты жауып тұрсың, деп ығысуымды өтінді. Бұл - жолсеріктің өзі екен. Ол өзі айтқандай, формасын үлкен станцияға тоқтағанда ғана киеді.
Сағат 15:01 де Мақатқа жеттік. Мұнда да 30 минут аялдайды. Жолаушылар вагонда қалып қоятындай топырлап, пойыздың көлеңкесіне жайғасуда. Балмұздақ алу үшін кезекке тұрған адам санында шек жоқ. Жетер жолымызға әлі 14 сағат бар. Ызаға булығып, әбден шаршаған жолаушылар телефон соғып жағдай сұрағандарға «келе жатырмыз ғой жолда қол көтергеннің бәріне тоқтап» деп жауап беріп жатады. Кейбіреулер одан да таксимен барғанымыз артық еді деп жатыр. Атырау-Құлсары-Бейнеу-Ақтау бағытымен 10-12 мың теңгеге келуге болатын еді. 24 мың теңге тұратын ұшақ билетінің бағасынан арзан, әйтеуір.
Сыртынан қарасаң, тоз-тозы шыққан вагондағы терезелердің бəрінен баклажкалармен тіреп қойған көріністерді көресің. Көшіп бара жатқан сығандар сияқты.
Бір əжеміздің қан қысымы көтерілді ме, пойызда отырып қатты қиналды.
- Екі ай сайын Атырауға келіп тұрамын. Мұнда қыздарым, жиендерім бар, - дейді. – Бірақ, енді күн жанып тұрғанда бармаспын, қиын екен.
Басқа да жолаушылармен сөйлесіп көріп едім, шағымдары жетерлік: мұнда телефонды қуаттау мүмкін емес, ток жоқ; шəй ішпек болсаң, самаурынның түбінен топырақ су ағады; сүртінетін орамал жыртық; төсек-жабдықтың тозығы жеткен; дəретханасында қыстап қалған иіс отыруға мүмкіндік бермейді.
Бұл екі мұнайлы да «бай» өлкені жалғап тұрған жалғыз пойыз.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор