Сүрия мен оның одақтастарының әскери күштері Әл-Харата мұнай кен орнын басып алғаннан соң, "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының қол астындағы Дайр-әз-Заур қаласына бет алды. Бұл туралы "Әл-Жазира" ақпараттық агенттігі жазды.
"Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымы қала ішіндегі үкіметтік анклав пен жақын маңда орналасқан әскери базаны есептемегенде, шаһарды түгел иелігіне алған. Дайр-әз-Заур аймағының губернаторы Мұхаммед Ибрагим Самра Reuters ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында, Сүрия әскері қаладан 18-20 км қашықтықта екенін және 24-48 сағат ішінде азат ету жұмыстарын бастайтынын жеткізді.
Сенбі күні "Хезболла" бастаған топ Дайр-әз-Заурдың батысындағы Жебел-әл-Башри мекенін босатып, қалаға 30 км жерге келіп таяды.
"Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының содырлары мен олардың отбасыларынан тұратын 17 автобус Дайр-әз-Заур қаласына бағыт алған жолда Сүрия әскерінің шабуылына тап болып, мақсат қылған межесінен жаңылды. Соңғы жеңістер елдің әскери күштері мен оның одақтастарының қаланы азат ету операциясының сәтті өтеріне деген сенімді күшейтеді.
Дереккөз: qazaqtimes.com