Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ депутаттар корпусы, аудан әкімдері және басқарма басшылары алдында облыстың 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша есеп берді. Бұл негізінен өткен аптада өтуі тиіс облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХVІ сессиясы болатын.
МҰНАЙ, АУЫЛ, ТҰРҒЫН ҮЙ, ЖОЛДАР
Облыс әкімінің есебінде келтірілген цифрлар мен пайыздық көрсеткіштерге қарасақ, өңірдің барлық саласында былтырғы жылмен салыстырғанда ілгерілеушілік бары байқалады. Аймақтағы жалпы өңірлік өнім 1 трлн 335 млрд теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға өскен. Сондай-ақ, өнеркәсіптегі нақты көлем индексі 6 айда 3 трлн 137 млрд теңгені құраған. Атап айтқанда, мұнай өндіру өткен кезеңмен салыстырғанда 22 пайызға жоғары, ал ілеспе газды өндіру 24 пайызға артқан.
Облыста жалпы құны 3 трлн болатын 5 600 жаңа жұмыс орнын ашатын индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 54 жоба басталды.
Өткен жылы облыс аумағында 7 600 гектар егіс алқабы бар болса, биыл оның көлемі 8 477 гектарға дейін кеңейген. Күні бүгін ауыл шаруашылығында өндірілген өнім сомасы 22,9 млрд теңгені құраған. Жыл соңына дейін 560 мың шаршы метр (былтыр 448 шаршы метр) тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде мемлекеттік және демеушілік көмек арқылы 2007 пәтер болатын 37 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, мемлекеттен инфрақұрылымды дамытуға бөлінген қаражатты пайдалана отырып, 4 600 пәтерді құрайтын 43 көпқатарлы үйдің құрылысын бастау жоспарланған.
Облыста жыл аяғына дейін 302 шақырым жол жөнделеді: оның 311-і қалада, қазіргі таңда 275 көшені жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Әкім бұл орайда қала және ауылдардағы жол жиегіне төселген шебін, қиыршық тастарды сол маңдағы тұрғындар ұрлап, үйлерінің алдына төсеуге пайдаланып жатқанын айтты және депутаттарға жергілікті полиция өкілдерімен бірге бұл мәселені қатаң назарда ұстап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
ЖҰМЫС ҚАШАН ДА БАР
Биыл жылу беру маусымына 5,2 млрд теңге бөлінген. Облыс әкімі осы саладағы көптен келе жатқан проблеманы атады. Ол - Балықшы кентіндегі жылу, ыстық су мәселесі. Бұл жылу мәселесі Жылыой ауданында да өзекті.
Облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз.
- Жұмыс жоқ дейтін кейбір жерлестеріме айтарым, жұмыс жоқ емес, бар. Егер мамандық болмаса, оны алуға мемлекет жағдай жасап отыр. Мамандығы сәйкес келмесе, қайта даярлауға қаражат бөліп келеді. Бұл мәселелер қалада және аудан орталықтарындағы жұмыспен қамту орталықтарында жолға қойылған, - деді Ноғаев.
Бұдан соң облыстағы білім беру саласына тоқталған өңір басшысы келер жылы апаттық жағдайдағы мектептердің мүлдем болмайтынына уәде етті. Сонымен қатар, қазір облыстық мұражайдың эскиздік жобасы жасақталып жатқанын хабарлады. Жаңа ғимарат салынып біткесін Халық Қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған арнайы бұрыш бөлінбек.
Облыс тұрғындарының тағы бір өтініші - Индер ауданынан шыққан тұңғыш мәдениет қайраткері Ғабдолла Мұсағалиевтің есімін аудан көлеміндегі мәдениет мекемелерінің біріне беру жөнінде болатын. Әкім президенттің жарлығымен нысандарға ат беруге, қайта атауға мораторий қойылғанын еске салып өтті. Себебі, соңғы кездері «еңбегі сіңді» деп, біреудің атасын, біреудің нағашысын немесе біреудің көкесіне есім алып бергісі келетіндер көбейген.
Сессияда күн тәртібіндегі мәселеге пікір білдірген облыстық мәслихат депутаты, Атырау облыстық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер одағының төрағасы Әлия БЕКҚОЖИЕВА облыс әкімінен шетел компанияларына жергілікті кәсіпкерлердің, яғни отандық тауарларды тұтынуға жәрдемдесуді өтінді.
Әкім сонымен бірге мұнай және басқа да ірі компаниялардың талаптарын ескеру керек деді:
- Біз жұмыртқа, азық-түлік және көкөніспен өз-өзімізді қамтамасыз етіп отырмыз және басқа мұнай компанияларына беруге мүмкіншілігіміз бар. Бірақ, бізде тамыз-қыркүйек айларында шығарған өнімдер қаңтар-ақпан айларында таусылып қалады. Ал шетелдік компаниялар сапалы тауарды үзілместен, жыл бойы алғанды қалайды. Сол себепті біз бұған дейін кәсіпкерлерге заманауи талаптарға сай қойма салуды және онда қысы-жазы шыққан өнімдерді сақтауды айтып келеміз.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН