30 тамыз қарсаңында Ата заңымыздың шығу тарихын еске түсіруді жөн көрдік. Біздің елімізде екі Конституция болды.
Алғашқы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің сессиясында қабылданды. Сол кездегі Конституция еліміз егемендігін бекітіп, қазақ тілін мемлекеттік тіл қылды. Қазақстан парламенттік республика болып, Президент Жоғарғы кеңес алдында есеп беріп, билігі шектеулі еді.
1995 жылы президент жаңа Конституция әзірлейтін жұмыс тобын құру туралы ұсыныс тастады. Жоба 1995 жылы 30 тамызда республикада бүкілхалықтық референдумға ұсынылып, басым дауыспен қабылданды. Ата заңда Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылып, Жоғары кеңес таратылды, екі палаталы (сенат пен мәжіліс) парламент құрылды. Формалды түрде бұл парламенттік-президенттік басқару жүйесі болып аталғанымен билік бір адамның қолына шоғырланды.
Бұл Конституцияға 1998, 2007, 2011 және 2017 жылдары төрт рет түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде президенттің басқару мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылып, мемлекет басшысы 2 мерзімнен артық сайлауға түсу құқығына ие болды. Сенаторлықтың мерзімі 4 жылдан 6 жылға дейін, ал мәжіліс депутаттарының мерзімі 4 жылдан 5 жылға дейін ұзартылып, мемлекеттік қызметшілердің жас шектеулері (бұрын 63 жасқа дейін болды) алынып тасталды. Елбасы кезектен тыс президенттік сайлау белгілеу құқығына ие болды.
Жақында (осы жылдың наурыз айында) Конституцияға енгізілген ірі түзетулер Н.Назарбаевтың бастамасымен өзгертілді. Іс жүзінде ол Парламенттің және жергілікті атқарушы органдардың, сонымен қатар Министрлер кабинетінің құзыретін арттыруы тиіс болды. Бұл соның ішінде, енді заң күші бар президент жарлықтары шықпайды, сондай-ақ президент аса маңызды мәселелер бойынша үкімет отырысына тек «қажет болған жағдайда» ғана төрағалық ететінін білдіреді.
Ал облыс және республикалық маңыздағы қалалардың әкімдерін президент енді жергілікті мәслихаттың келісімімен тағайындайды. Конституцияға Парламент Қазақстанда заң шығарушы билікті (бұрын заң шығарушы қызмет атқарады делінген) жүзеге асырады деп норма бекітті. Енді премьер-министр Үкімет қызметінің негізгі бағыттары мен маңызды шешімдері туралы Президент пен Парламентке баяндайды. Бұрын тек Президентке ғана мәлімдейтін еді. Бұның халыққа не беретінін көрейік.
Қайырбек САНСЫЗБАЕВ