Бірнеше күндер бойы (тамыз айының 19-ы мен 22-ші жұлдызы аралығында) ауада сезілген бензиннің өткір иісіне шағымданған Атырау тұрғындарының арызынан кейін жүргізілген экологиялық тексерудің нәтижелері белгілі болды. Әдеттегідей, «бәрі қалыпты».
Атырау облысы экология департаментінің редакциялық сауалына берген жауабында былай деп хабарланған: «Мемлекеттік инспекторлар мен «ҚазГидроМет» филиалының қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы Құрсай, Водников, Химпоселке, Авангард ықшам аудандарының аумағында ауа құрамындағы ластанды заттардың мөлшері шекті рауалды концентрациядан аспайтындығын анықтады».
Атырау облыстық экология департаментінің зерттеу нәтижесіне көңілі толмайтындар әлеуметтік желіде өздерінің наразы пікірлерін білдіріп, тіпті қалада ауа құрамын өздері тексеру үшін өз қаржыларына арнайы құрылғыны сатып алмақшы. Олардың айтуларынша, аталмыш құрылғы Ресейде 8 мың еуро (3 млн теңгеден сәл асады) тұрады. Ал әзірше 115 мың теңгенің үстінде қаржы жиналған.
Қазіргі жағдайға байланысты біз Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан ҚАПАНОВПЕН сұхбаттасқан болатынбыз:
- Иіс нақты қайдан шықты?
- Қаланы жайлаған жағымсыз иістің шығу нүктесі - АМӨЗ. Қазір зауытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, кейбір құбыр-мұржаларды ашу нәтижесінде жағымсыз иіс ауаға таралып кеткен. Оңтүстіктен және оңтүстік-шығыстан соққан жел иісті қалаға әкелді.
- Сіз бұл жолы зауытты тексердіңіздер ме?
- Жағымсыз иіс шыққан түндері АМӨЗ-ды жақындап тексергенде, ауа құрамындағы концентраттар нормадан аспады. Бірақ біз қазір АМӨЗ-ге тексеріс жүргізіп жатырмыз. Тексеріс нәтижесі кейін дайын болады.
- Сіздерде атмосфераның ластануын тексеретін құрылғылар жеткілікті ме?
- Қала аумағындағы ауаны зерттейтін құрылғы жоқ. Бірақ тендер жарияланып, облыстық бюджеттен 60 миллион, министрліктің бюджетінен 13 миллион теңге бөлінді. Бүгін тендер аяқталып, 2-3 айда құрылғы қолымызға тиіп қалады.
- Құрылғыларыңыз болмаса, соңғы жағымсыз иісті немен зерттедіңіздер?
- Біз «ҚазГидроМет» РМК-нің құрылғыларын пайдаланып отырмыз. Құрылғы қолымызға тисін, зерттеу жұыстарын өз құрылғыларымызбен жүргізетін боламыз. Бірақ, мен мана айтып өткендей, біздер жақын арада Ресей Федерациясынан ауа құрамындағы қауіпті қоспаларды өлшейтін екі құрылғымыз болады. Біреуі қала ішінде тексеріс жүргізуге, екіншісін жолсапарларда қолданамыз. Құрылғы алғашында тек 3-4 қоспаны анықтаса, кейін арнайы бағдарламалар орнатып, 19 түрлі қоспаны анықтай аламыз.
- Атыраулық белсенділер өз күштерімен ауа құрамындағы газ мөлшерін анықтайтын құрылғыны сатып алмақшы.
- Әркім не алса да, өз еркі. Тек ол заңға қайшы болмаса болғаны. Мұндай құрылғыларға мемлекеттік рұқсат керек емес. Бірақ құрылғының көрсеткіштерін тек өздері үшін қолдана алатын болады. Егер олар біздің департаментпен бірлесе жұмыс істегісі келсе, біз қарсы емеспіз. Мамандарымызбен көмектесетін боламыз.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор