Қазақ халқы ежелден әйел баласының ұзын шашын аса құрметтеген. Тіпті, жаңа туған сәбилерге Қарашаш, Сұлушаш, Алтыншаш, Шашбаулым, Шолпы деп керемет есімдер қоятын. Ал, әжелеріміз түскен шаштарын жинап, өріп, сақтап, «Менімен бірге көміңдер» дейтін.
Шаш қоюдың да өз әдебі мен мәдениеті бар екенін көпшілігіміз біле бермеспіз, мәселен, жаңа түскен келіндер шашын екі бұрым қылып өрген соң ұштарын бірге байлайды екен, онысы «Мәңгі бірге болайық», «Жұбымыз жазылмасын» дегенді білдіреді, қыз балалар болса, шашын бір өреді немесе екі бұрымын жалғамай, бос қояды.
Бұрымды сұлуларға арналып жазылған өлең мен әнде есеп жоқ шығар. Абайдың «Білектей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын. Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?» деген өлеңі қазақ қыздарының асқан сұлулығын дәріптеп тұр.
Бүгінгі таңда қолаң шашты, шолпысы сыңғырлаған қыздарды сирек-ақ көреміз. Сондай үш аруды біз жақында іздеп таптық.
Лаура ЛАТИПОВА Мақат кентінде тұрады. Жасы 16-да. Қазір оның шашының ұзындығы 1 метр 25 см. Негізінде кішкентай кезінде шашын жиі қиғызған. Тек 6-сыныптан бастап өсіре бастаған. Ол жақында ауданда өткізілген «Бұрымды қыз» байқауына қатысты.
- Ұзын шаш қашан да қазақ қызының әдемілігін, нәзіктігін айқындай түсетін белгілердің бірі. Сол себепті шашымды қиғым келмейді, - дейді Лаура.
- Ұзын шашты күту қиын болар?
- Соншалықты қиын демес едім. Аса қатты күтім жасамаймын. Қарапайым сусабын пайдаланамын. Шашымды аптасына екі рет жуамын, түрлі маскалар, ерекше кремдер қолданбаймын. Шашымның түсі қара, қалың.
Атырау қаласында тұратын 20 жастағы Айдана МУТАЛИФОВАНЫҢ шашының ұзындығы 1 метр 20 см:
- Шашымды балабақшадағы кезімнен бері өсіріп келемін. Негізі, нағашыларым шашымның ұзын болғанын қалаған, қайшы тигізбеген, қиғызбаған. Өсе келе мен де шашымды қиюға қарсы болдым. Тек арасында ұштарын тегістеп тұратыным бар.
Айдананың да аса бір ерекше күтімі жоқ екен, 2-3 күнде сусабынмен жуады, үйде көбіне кедергі келтірмес үшін түйіп қояды. Кейде шашқа арналған шолпы, шашбауларды пайдаланады.
- Достарыммен қыдыруға шыққанда, т.б. кездерде шашымды өріп қойғанды ұнатамын. Шашымды көрген адамдар қызыға, кейде қызғана қарайды. «Шашын өсіретін қыздар бар екен ғой қазір де» деп таң қалып жатады, - дейді Айдана.
Айдананың туған бөлесі Вероника ЛИ – Махамбет ауданы Ақжайық аулының тумасы. Әкесі – кәріс, анасы – қазақ Вера қазір АМУ-дың журналистика факультетінде білім алып жатыр. Шашының қазіргі ұзындығы 1 метр 15 см, ең ұзын болған кезде 1 метр 25 см-ге дейін жеткен.
- Кәрістерде сәби қырқынан шыққанда шашын алады деген дәстүр жоқ, менің қарын шашым тек 1 жасқа келгенде алынған екен. Содан бері шаш өсіріп келемін. Ал, күтімге келсек, күнара жуамын, шашым құрғақ, қатты, фен, шаш тегістегіш үтік немесе бұйралағыш сияқты электр құралдарын мүлдем пайдаланбаймын. Шашым бұйра емес, түзу, қара түсті, дегенмен жақында қара түске боядым, - дейді Вера.
Шынымен, көше бойынан ұзын шашты бойжеткен көрсеңіз, еріксіз бұрылып қарайтынымыз рас қой. Қандай керемет десеңізші!
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор