Атырау облысында Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынылған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне төрт нысан енгізілді. Бұл туралы Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат ЖОЛАЕВ айтты.
Олар: Хан ордалы Сарайшық, Индер ауданындағы М.Өтемісұлы мазары, Жылыой ауданындағы «Ақмешіт» және «Ұшқан ата» қорымдары екен.
- Бұл жерлерге халықтың көп баратыны белгілі болды. Тізімге оларды сол себепті қостық, - дейді Жолаев. - Сарайшыққа жеке тоқталар болсақ, «Сарайшықтың 70 пайызы суға шайылып кетті, қазатын жер қалған жоқ» деп осы уақытқа дейін айтылып келді. Бірақ, ғалымдар мұны жоққа шығарып отыр, яғни олардың пайымдауынша, қалашықтың орталық бөлігі құрлықта - Сарайшық ауылына қарай болуы керек. Сондықтан археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кезде біздің ол жерден табатын құнды заттарымыз әлі көп болады деп ойлаймын.
Күні бүгін Сарайшық қалашығын Жайық өзенінің арнасының шайып кетуінен сақтап қалу қалуға 1,6 млрд. теңге қаралып, жағаны бекіту жұмыстары жүргізілуде.
Биыл мәдениет саласында материалдық-техникалық базаны нығайтуға 220,3 млн теңге бөлінген. Бұл қомақты қаражаттың бір бөлігі шығармашылық ұжымдарға автокөліктер, сахналық киімдер мен музыкалық аспаптар сатылып алуға жұмсалған.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА