Атырау, 27 қараша 05:38
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Атырау әкімі жауап берді

4 943 просмотра


Атырау әкімі Серік ШАПКЕНОВПЕН сұхбатымыз сырттай, виртуалды болса да, сұрақтар қойылып, жауаптар алынды. Шындығында, бұл осыдан екі ай бұрын өзінің баспасөз қызметі арқылы журналистермен байланысуға ниет білдірген әкімнің өз идеясы болатын.

Әкім алдын ала электронды пошта арқылы сұрақтар жолдауды өтінді. Біз сұрақтарымызды жолдап, шыдамдылықпен күттік. Алайда, кездесу кейінге қалдырыла берді. Жақында ғана баспасөз қызметі біздің әкімге қойған сұрақтарымызға жазбаша жауаптар жолдады. Әрине, әкіммен жүзбе-жүз танысармыз деген үмітімізді жоққа шығармаймыз. Дегенмен, алынған сұрақ-жауаптарды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

- Әбілхайыр хан атындағы трассаны көгалдандыру (ағаштар отырғызу) тендерін қай компания ұтып алды? Тендер қашан өтті, тапсырыс сомасы, серіктестік шарты қандай? Кәсіпорын бұл маусымда қанша көшет отырғызуы, қандай мөлшерде тыңайтқыштар қолдануы тиіс? Ол қалай суарылады?

- 2017 жылға ұсынылған бюджетке сәйкес, Атырау көшелерін және Әбілхайыр хан трассасының бойын көгалдандыру (ағаштар отырғызу) қарастырылмаған. Алайда, бұл учаскеде ағымдағы жылдың көктемгі маусымында «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясының және қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар, оқу орындары мен мемлекеттік органдардың екі айлығы шеңберінде 4 200 дана мөлшерінде көшеттер отырғызылды. Трасса бойында жаңа суару құбырының салынуына байланысты қазіргі кезде осы учаскеде көшеттерді суару-жуу машиналары суаруда.

- Сәтпаев мен Әбілхайыр хан даңғылдарының бойындағы суару жүйесін салу қашан аяқталады?

- Бүгінгі күні құрылыс-монтаждау жұмыстары 90 пайызға орындалып отыр. Орталық көпірден бастап «Тамаша» сауда орталығына дейінгі көшеттер құрылыстың аяқталған бөлігіндегі суару (сплинкерлік) жүйесімен суарылады. Екінші бөлік бойынша: «Тамаша» сауда орталығынан әуежайға дейін суару құбырын іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде.

- Соңғы жылдары билік әзірлеп жатқан «Ақылды қала» жобасының мәртебесі қандай?

- «Ақылды қала» жобасы тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын, қоғамдық қауіпсіздігін арттыруға, Атырау инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Негізгі ерекшелігі - инвестициялық қаржы есебінен қаржыландыру. «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыру мынадай бағыттарды қамтиды:

«Safe smart city» («Қауіпсіз ақылды қала») жобасы

Көшедегі бейнебақылау интеллектуалды жүйесін және жол-көлік ережелерінің бұзылуын фото-бейнетіркеу жүйесін құру. Инвесторлардың қаржыларын қайтару инвестициялық шығындарды өтеу және қолжетімділік үшін ақы төлеу арқылы жүзеге асырылады. Жоба бастамашылары: Safran Identity and Security консорциумы және Securetech Corporation ЖШС. Жоба тікелей келіссөздер кезеңінде тұр.

«Атыраудағы көше жарығы жүйесін салу және пайдалану» жобасы

Энергия-сервистік келісімшарт шеңберінде қаланың жарық-диодты көше жарығы жүйесін салу және пайдалану. Көше жарығы жүйесінің мәлім етілген техникалық көрсеткіштері: 106 км торап, соның ішінде ВЛ; 20 трансформатор; СТ-08 600 бағана; 600 жарық-диодты жарықшамдар; диспетчерлік пункт; ақпарат іздеуге және алуға арналған клиенттік интерфейсі бар орталық серверлік бөлімі бар АСУНО жүйесі. Жобаны жүзеге асыру жыл сайын 40 пайызға дейін электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді. Инвестицияны қайтару инвестициялық шығындарды өтеу және қолжетімділік үшін ақы төлеу арқылы жүзеге асырылады.

Жоба бастамашылары: «Батыс Транзит» ЖШС. Мәртебесі: жоба бойынша келісімшартқа қол қойылуда.

Қоғамдық көлікте электронды жолақы төлеу жүйесін құру

Жоба бойынша инвестор оған өз қаржысын салады. Жүйе тасымалдаушыларға маршруттардың табыстылығын арттыруға, мемлекеттен субсидия алуға және жолаушылар ағымының есебін үнемі жүргізіп отыруға мүмкіндік береді. Инвестор өз инвестицияларын тасымалдаушылардың табысына қатысу арқылы қайтарады. Мәртебесі: жоба бойынша келіссөз жүргізілуде.

Атырау қаласынан 8 мектеп салу.

Жоба бастамашысы: KUKE. Мәртебесі: жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

Атырау қаласынан 5 мың орындық 20 балабақша салу.

Жоба бастамашысы: KUKE. Мәртебесі: жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

(KUKE деген қандай кәсіпорын? Бұл жерде польшалық «Экспортты несиелерді сақтандыру корпорациясы» компаниясы туралы сөз қозғалып отырған сияқты. Оның функциясына Польшадан әкелінетін тауарлар мен қызметтер экспортын жүзеге асыратын компаниялардың тәуекелдіктерін сақтандыру кіреді. Ағымдағы жылдың көктемінде облыс әкімдігінің шақыртуымен Атырауға Польшаның мемлекеттік банкінің және осы сақтандыру компаниясының өкілдерімен бірге түрлі кластерден құралған польшалық бизнесмендер тобы келді. Сол кезде Польшадағы құрылыс компанияларының бірі өз ұсыныстарымен таныстырды. Шамасы, поляктар біздің биліктен қызығарлықтай коммерциялық ұсыныс алғанға ұқсайды – З.Б. ескертпесі).

- Аялдама павильондарының жай-күйі мен ондағы таблолар туралы комментарий берсеңіз.

- Атырау қаласының әкімдігі 2015 жылдан бастап жолаушылар тасымалының сапасын жақсарту үшін «7 нақты қадам» жобасын жүзеге асыру жұмыстарын бастады. Атырауда орталық аялдамаларда 20 ақпараттық табло орнатылған. Бұл құрылым үзіліссіз бақылауды, жаңа технологияларды енгізуді және үнемі жаңа шешімдер ізденуді талап етеді. Ақпараттық табло бағдарламалық жасақтамаға сәйкес тексеріліп, тамыздың аяғында жұмысқа жарамды күйге келтіріледі. Қаладағы аялдама павильондары қайта жарақтауды қажет етеді және ол бірыңғай сәулет келбетіне сай келуі тиіс.

- Қалалық әкімдікте қоғамдық көлікке қатысты шағымдарды нақты кім қарайды? Кері байланыс бар ма? Жолаушылар жосықсыз, жол жүру ережесін бұзатын және қоғамдық әдеп нормаларын ұстанбайтын қоғамдық көліктердің жүргізушілері мен кондукторларын қалай жауапкершілікке тарта алады? Бөлімнің немесе жекелеген қызметкердің байланыс нөмірін берсеңіз.

- Қоғамдық көлік үшін қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауап береді. Қалалық әкімдікке түсетін тұрғындардың шағымы тіркеліп, жауапты тұлғаларға, бөлім қызметкерлеріне таратылады. Бөлім жұмысы тиімді болу үшін 2016 жылдың 6 қазанындағы қала әкімінің қаулысымен ТКШ жанынан «Смарт Атырау» КМК құрылды. Кәсіпорынның негізгі мақсаты - қоғамдық көлікке жүйелі және үздіксіз мониторинг жасауды ұйымдастыру, жол қозғалысы қауіпсіздігін және жолаушылар тасымалының қолайлы болуын қамтамасыз ету, жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту.

Тұрғындармен кері байланыс бар. Әр шағым бойынша тасымалдаушыларға ресми сауал жібереміз. Факт расталған жағдайда тәртіптік кеңес өткізіледі, олардан түсініктемелер алынып, кінәлі тұлғаларға қатысты шаралар алынады. Жүргізушілер жол жүру ережесін бұзған жағдайда және кондукторлар дөрекі болған жағдайда «СмартАтырау» КМК диспетчерлік бөліміндегі 8 (7122)755757 нөміріндегі қауырт желіге соғуға болады. «СмартАтырау» КМК диспетчерлік қызметі жұмысын бастағалы бері 79 заң бұзушылық анықталды. Тұрғындардың өтініші бойынша 33 қатаң сөгіс беріліп, 1 жүргізуші жұмысынан босатылды. Бұдан басқа, автобус жүргізушілерінің өздіктерімен gps-трекерді ажыратып тастау фактілері анықталды. Осы үшін олар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

- Өткен жылы демеушілер тобы тарту еткен және біздің қаламыздың символы болған жасанды мұнай тербелмесі бірнеше айдан бері жұмыс жасамай тұр. Неліктен? Неліктен оның алаңына екінші рет (соңғы рет осы аптап шілдеде) қылқан жапырақты көшеттер отырғызылды? Тіпті, маман емес адамға да бұл көшеттердің жерсінбейтіні, отырғызу ережесінің бұзылғаны көрініп тұр.

- Сәтпаев даңғылы мен Пушкин көшелерінің қиылысында орналасқан біздің қаламыздың символы болған мұнай тербелмесі шынымен де техникалық ақауларға байланысты тоқтатылды, тығыздама істен шыққан. Қазіргі кезде ақауларды жою жұмыстары жүргізілуде. Шілдеде отырғызылған қылқан жапырақты (аршалар) көшеттерге келер болсақ, бұл жұмыстар демеушілік қаржылар есебінен жүргізілді. Топырағы бар көшеттер отырғызылды. Бұл отырғызу маусымына қарамастан олардың жерсінуін едәуір арттырады. Мұнымен қатар, анағұрлым қолайлы күзгі маусымда отырғызу үшін әрі қарай жерсінбеген көшеттер ауыстырылады.

- Неліктен Атырауда велосипедпен жүру мүмкін емес? Автожолдарда белгілер жоқ. Алайда, жол жүру ережесі бойынша, велосипедшілер де - автокөлік қожайындары секілді қозғалысқа қатысушылар. Осы себепті велосипедшілер іс жүзінде жол жүру ережесін бұзуға және аяқжолдармен, жүруге бейімделмеген төсемтастармен жүруге мәжбүр. Біздің қала тұрғындарының мүддесі үшін оларға жағалаумен жүруге тыйым салынды. Салауатты өмір салтын насихаттау үшін және ауаға шығарындылар тастауды азайту үшін велосипедшілер мүддесін қорғайтын қандай нормалар әзірленуде? Қазақстанның ірі қалаларында велосипед прокаты станциялары жұмыс істеуде. Атырау үшін осындай мүмкіндік қарастырылып жатыр ма?

- Бүгінде Атырауда Әбілхайыр хан атындағы трассаның бойында («Тамаша» сауда орталығынан әуежайға дейін) ұзындығы 4,6 км болатын велосипед жолы бар. Онда жол таңбалары, тиісті белгілер мен жарықтар орнатылған. Велосипед прокаты станциясына қатысты осындай мүмкіндікті қарастырып жатырмыз.

- Жақында Нұрсаядағы Атырау облыстық ІІД ғимаратының жанында көлік қоятын үлкен аймақ құрылысы аяқталды. Алайда, ол ықшамаудандағы онсыз да сапасыз аяқжолдардың тұтастығын өрескел бұзды. Биік жол жиектер жаяу жүргіншілер үшін қауіп пен кедергілер тудырады. Арбасымен сәбиін алып жүрген анаға және арбадағы мүгедек жанды сүйемелдеп жүрген адамдарға өтуге мүмкіндік бермейді. Құрылыс кезінде бұзылған аяқжолдар бөлігі тегіс қалпына келтірілмеген.

- ІІД ғимаратының алдындағы көлік қоятын орын құрылысы әлі аяқталған жоқ. Асфальт-бетон жабындарының жиек тастары 15 см, бұл құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келеді. Көлік қою орнына кіру және шығуға арналған жерлерде аяқжолдардың бұзылған жерлері әлі қалпына келтірілген жоқ. Олар ағымдағы жылдың тамызында қалпына келтірілетін болады.

- Атырау әкімі азаматтарды қалай қабылдайды?

- Қала әкімі, оның орынбасарлары мен аппарат басшыларының 2017 жылдың ІІІ тоқсанында жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау кестесі:

Серік Жамбылұлы Шапкенов, қала әкімі. Қабылдау күндері – айына екі рет, әр айдың екінші және төртінші жұмасы;

Мейірім Жоламанұлы Қалауи, орынбасар. Айына екі рет, әр айдың бірінші және үшінші сәрсенбісі;

Полымбет Максимұлы Хасанов, орынбасар. Айына екі рет, әр айдың бірінші және үшінші жұмасы;

Аппарат басшысы Серік Бағытжанұлы Нысанбаев. Айына екі рет, әр айдың бірінші және үшінші бейсенбісі.

Алдын ала қалалық әкімдіктің бірінші қабатындағы №104 кабинетіне жазылу керек, байланыс телефоны 27-10-30.

- Біздің қаламызда оның сәулеттік келбеті үшін кім жауап береді? Неліктен жаңа жобалар көбінесе стилистикасы бойынша бір-біріне қарама-қайшы болып отыр және бағасының өте қымбат болатындығына қарамастан ажарсыз әрі қарапайым көрінеді? Сіздің пікіріңізше, бұл үшін кім жеке жауапкершілікте болады - әкім ретінде сіз бе, әлде бас сәулетші ме? Ал қаланың бас сәулетшісінің білімі қандай, қандай жоғары оқу орнын бітірген және оны қай жылы алған? Көптеген қала тұрғындарының пікірінше көркемдік құндылығы күмәнді гипс гүлзарлар мен мүсіндерді орнату кезінде оның пікірлері ескерілді ме? Соңғы 5 жылда ол қандай ірі жобаларды мақұлдап немесе мақұлдаудан бас тартты?

- Қаланың сәулеттік келбеті үшін қаланың бас сәулетшісі жауап береді. Әрине, оның тиісті білімі болуы тиіс. Бас сәулетшінің тиісті сәулет білімінен басқа тағы екі жоғары білімі бар. 2001 жылы Х.Досмұхамедұлы атындағы АМУ-ді экономист-қаржыгер мамандығы бойынша, 2012 жылы Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітіріп, сәулет бакалавры біліктілігін алды. Салынып жатқан нысандар қаланың сәулеттік келбетіне сәйкес келу үшін Атырау әкімінің төрағалығымен бүкіл мүдделі органдар қатысатын қала құрылысы кеңесінің отырысы өткізіледі. Соңғы жылдары Бас жоспарға сәйкес, қалада заманауи баспаналар мен әлеуметтік нысандар салынып, сондай-ақ, жаңа тұрғын үй массивтері құрылды. Сондықтан сәулетшінің ең бірінші міндеті – жер телімдерімен дер кезінде қамту және жобалардың қала құрылысы нормативтеріне сәйкестігін қарау. Гипс гүлзарлар мен гипс мүсіндер 2014-2015 жылдары орнатылды. Ал қазіргі қала сәулетшісі 2015 жылдың 2 желтоқсанында тағайындалды, сондықтан оның гипс туындыларға қатысы жоқ.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

24 тамыз 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.