Атырау, 27 қараша 05:48
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

​«Жерім тарылды...»

4 205 просмотра


Индер ауданы Есбол ауылының бірқатар малшысының үй-жайы және жайылымдық жеріне қатысты мәселе туындап отыр. Бұл жағдаймен «АЖ» танысып, мәселенің анық-қанығын білмек болды.

Жанесен СИДЕҒАЛИЕВ, Ержан РАМАЗАНОВ, Маруа ІЗБАСАРОВА, Баязи АМИРОВ, Жібек БИЛЯШОВА, Есбол ДҮЙСЕҒАЛИЕВ, Жанболат ЗҰЛҚАРНАЕВ бір кездері «Правда» совхозының базасында құрылған «Есбол» ЖШС еңбек етеді. Міне, бірнеше жыл болды, олар ауылдағы үйлерінің құжаттарын ала алмай отыр және далада қаңғып қаламыз ба деп қауіптенеді.

- Біз «Есбол» ЖШС басшылығына барғанымызда олар бізге бұл тұрғын үйлердің тиесілі емес екендігін айтты, - дейді малшылар.

Осыдан үш жыл бұрын олар аудандық сотқа шағымданған. 2014 жылы маусымда сот медиациялық тәртіппен жауапкер «Есбол» ЖШС қарамағындағы үйлерді Есбол округі әкімшілігінің теңгеріміне заңдарда көрсетілген тәртіппен беру жөнінде шешім шығарып, отбасы мүшелерінің келісімімен жекешелендіруді міндеттеді. Алайда, үйлерді әкімшілік балансына беру жөніндегі сот шешімі әлі күнге орындалмай отыр.

- Біз сол кездегі Есбол ауылдық округінің әкімі Ерлан ҚАЛИЕВКЕ бірнеше рет бардық, ол барған сайын бұл мәселенің жуық арада шешілетінін айтып шығарып салатын. Бірақ, ештеңе шешілген жоқ. Ал егер әлдекім келіп біздерді қуып шықса қайтпекпіз? Барар жеріміз жоқ, - дейді менің арызданушыларым.

Ержан РАМАЗАНОВ
Ал таяу уақыттан бері тағы бір маңызды мәселе – жер мәселесі қосылды. Ержан РАМАЗАНОВТЫҢ отбасы ауылдан отыз шақырым жердегі «Шегенді» қыстағында он жылдан аса тұрып келеді. Бұрын ол малын қыстақтан 700 метрдей жердегі құдықтан суаратын.

- Өткен жылы бұл құдықты жыңғылмен шегендеп дұрыстап алған едім. Биыл оның басқа иесі табылып, екі айдан бері құдықты кілттеп тастады. Бірлесіп пайдалануға болар ма еді. Мен бұл жөнінде аудан әкімі Серік АРЫСТАННЫҢ да қабылдауында болдым, бұл мәселені шешу жөнінде тапсырмалар берген, бірақ, орындалған жоқ, - дейді Рамазанов.


Әңгімеге оның жұбайы Салтанат ІЗБАСАРОВА араласты:

- Біздің айналамыздағы жерді «Арсен» шаруа қожалығы иеленіп алды. Олар бізден жерді босатуды талап етіп отыр және құдықтың да өздеріне тиесілі екендігін айтты. Біздің осы жерде көптеген жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқандығымыз неге ескерілмейді? Енді біз малды қайда бағамыз? «Есбол» ЖШС-де осыншама уақыт жұмыс істедік, енді, міне, бір күнде керек болмай қалдық.

Олардың қарсыластарының өз дәлелдері бар:

- Біз бұл жерден заңды түрде 2 000 гектар жерді алдық, құдық та бізге тиесілі. Олар менің жерімді заңсыз пайдаланып отыр. Мен оларға бірнеше рет ескерткенмін, ал олар құдықты әлі де пайдаланып келеді, - дейді «Арсен» ШҚ басшысы Майра ҚОНАСОВА. – Ақырында құдықты кілттеуге тура келді, өйткені, мал көп, су жетіспейді.

Жанесен СИДЕҒАЛИЕВ

«Мұқанғазы» қыстағындағы Жанесен СИДЕҒАЛИЕВТІҢ де басында осындай жағдай:

- Бүгінгі күні мен «Есбол» ЖШС-нің қойларын бағып отырмын. Әрине, өзімнің де азын-аулақ малым бар. Егер біздерді үйден шығаратын болса, біз қаңғып қаламыз, барар жеріміз жоқ. Оның үстіне біздің айналамыздағы жерлер әркімге таратылып жатыр, біз пайдаланып келген құдық та басқаның меншігіне өтіп кетті. Біз бұл туралы «Есбол» ЖШС директоры Сапаровқа айтқанымызда, ол бәрі де шешіледі деп сендірген болатын. Біздің көп уақытымыз далада өтеді, сондықтан да біз көптеген жаңалықтардан тыс қалып жатамыз. Егер кезінде бізге жерлерді беріп, «өз күндеріңді өздерің көріңдер» дегенде біз өз тіршілігімізді жасар ма едік? Қыстақтағы үйіміз жекешелендірілген жоқ, әрі жерімізден де айрылдық. Енді келіп бізге «неге өздерің әрекет қылмадыңдар» дейді. Біз бұл жерлерді ЖШС жері деп ойладық қой.


«Есбол» ЖШС басшысы Мұхтар САПАРОВПЕН болған біздің әңгімеміз оның шаруашылығының ауыр экономикалық жағдайы төңірегінде басталды:

- Бүгінде ЖШС қарамағында аз ғана мал қалды. Еңбекақыға біз малдай немесе арасында ақшалай түрде беріп тұрдық. Енді мекемені осы жылдың аяғында таратамыз, бары оншақты адам қалды, мамандар түгел кетті.

- Қазіргі жағдайда Сидеғалиев, Рамазанов және басқалардың жағдайы қалай болмақ?

- Жер біздің жеріміз емес, жер комитетінің балансында. Жерді бізден ескертпестен алып қойды. Оларға жер алу үшін өтініш жазу керек. Ал енді баспаналарына келетін болсақ, бір ай бұрын мен олардың үйлерін ЖШС балансынан ауылдық округ балансына беру жөнінде арыз беріп қойдым.

Біз аудандық жер қатынастары бөліміне бардық, ондағылар бөлім басшысы К.БАҒЫНОВТЫҢ еңбек демалысында екендігін айтып, шығарып салды.

Есбол ауылдық округінің жаңа әкімі Ерболат САБИРОВ бізге былай деді:

- Кезінде «Есбол» ЖШС басшылығы малшыларды жер ЖШС иелігінде, алаңсыз мал баға беріңіздер деп сендіріп қойған. Уақыт өте келе осы учаскелерді алуға ниет білдіргендер табылып, өтініш жазып, заңды негізде осы жерлерді ала бастады. Сіз айтып отырған малшылар арыздарын берген жоқ. Енді олар малдарын бағатын жер алу үшін өтініш берулері керек. Сапаров айтқандай, бір ай бұрын үйлерді теңгерімге беру жөнінде бізге ешқандай құжат түскен жоқ. Қайта біз үйлерді жекешелендіріп беру үшін жұмыстанып жатырмыз. Осы жылдың аяғына дейін бұл жұмысты аяқтайтын боламыз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

24 тамыз 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.