АҚШ президенті әкімшілігінің киберқауіпсіздік бойынша үйлестірушісі Роб Джойс америкалық қолданушыларды "Касперский лабораториясы" компаниясының бағдарлама қондырғыларын мүмкін болса орнатпауға шақырды. Бұл жайында Роб Джойс CBS News телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Бұған дейін АҚШ билігі "Касперский лабораториясын" америкалық мемлекеттік құрылымдарға компьютерлік бағдарламалар сатып алуға рұқсат берілген компаниялар қатарынан шығарып тастаған болатын. Мұндай шешім "жете, мұқият" жасалған тергеуден соң Ресейде құрылған бұл компания арнайы қызметпен жұмыс істесуі және Кремль бақылауы мүмкін деген қауіптен қабылданған.
Роб Джойс енді "Касперский лабораториясы" өнімдерін штаттардың билік органдарында, жеке бизнес пен жеке мақсатта пайдаланудан бас тартуға шақырып отыр. Телеарна ақпаратына қарағанда, АҚШ Федералдық тергеу бюросының агенттері жеке компаниялармен оларды Касперский бағдарламаларынан бас тартуға көндіру үшін сөйлесіп жатыр.
Компания басшысы Евгений Касперский компаниясының Кремльмен және Ресей арнайы қызметімен байланысы туралы тұжырымдарды "бос сөз" деп атады. Ол мұндай айыптау бәсекелестердің бизнес мүддесінен туындауы мүмкін екенін айтады.
Ол сонымен қатар АҚШ билігіне өз бағдарламаларында "тыңшылық жасайтын белгілер" жоғына көз жеткізу үшін олардың бастапқы кодымен танысуды бірнеше рет ұсынған. Касперский бұдан өзге АҚШ Конгресінде жауап беруге дайын екенін де мәлімдеген.
Дереккөз: azattyq.org