Тарихын тереңге жайған, «қазақ мұнайының» қара шаңырағы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның құрылғанына биыл 95 жыл толып отыр. Ембілік мұнайшылар 95 жылдың ішінде ел экономикасы мен әлеуетін көтеруде аянбай тер төгіп келеді.
Мерекеге орай «Ембімұнайгаз» АҚ өз қызметкерлерінің арасында «Алтын ұя» атты спорттық шара өткізді. Спорттық шараның басты мақсаты - компания қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттап, олардың өмірінде отбасы құндылығының мәнін арттыру.
Алғашқы болып «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының намысын қорғап келген Хамит Жарас Жақайұлы жанұясымен шықты. «Өндірісті автоматтандыру» бөлімінің инженері қызметін атқаратын Жарас Жақайұлының жеңіске жетуге құлшынысы зор.
Екінші болып «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының атынан оператор Оралбеков Мұхаммедрахим отбасымен шықты. Мұхаммедрахим - күрестен бірнеше дүркін чемпион, жоғары дәрежелі спортшы. «Отбасымызбен жеңіс шыңын бағындырамыз» дейді.
Үшінші болып «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына «жеңіс сыйлаймын» деген үмітпен Қилашев Біржанның отбасы шықты. Команданың мүшесі 13 жасар Бақытжан өскенде әлем чемпионы болуды мақсат тұтады.
Келесі болып «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында 4 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Көшелеков Ғарифолла жанұясымен шықты. Ұңғымаларды жер асты жөндеу операторы болып қызмет атқаратын Ғарифолла «жеңісті қолдан бермеуге- отбасымызбен тырысамыз» дейді.
Қызғылт сары түсті формамен №5 болып «Ембімұнайэнерго» басқармасының намысын қорғап Әсет Нұрлан отбасымен шықты. Әсет Нұрлан «командамызға жеңіс сыйлауға 9 жасар Арсен көмектеседі» дейді.
Тамаша көңіл-күймен келесі болып «ӨТҚжЖК» басқармасынан Бисалиевтер отбасы шықты. Бисалиевтер отбасының спортпен үнемі айналысып жүретіндіктерін айтады.
Жанжігітов Нұрхан өз жанұя мүшелерімен «КМЖ Кэтринг» намысын қорғап шықты. «Өзге де білікті мұнайшылармен бір шарада өнер көрсету біз үшін жеңіс» дейді Жанжігітовтер отбасы.
Соңғы болып «Ембімұнайгаз» АҚ-ның орталық аппаратының намысын қорғап Ермұханов Азамат Маратұлы шықты. Азамат Маратұлының командасының ұраны «Ең бастысы жеңіс емес ,бақ сынау!»
«Ембімұнайгаз» АҚ-ның басқарма төрағасы Жақсыбеков Әнуар Еркінұлы барлық Ембі мұнайшыларын бүгінгі атаулы мерекемен құттықтады:
- Құрметті мұнайшылар! Осы жылы «Ембімұнайгаз» АҚ-на 95 жыл толып отыр. Осындай айтулы мерекені мұнайшылар отбасымен тойлап отырғанымызға қуаныштымыз. Ел үшін, елдің әлеуеті мен экономикасын көтеруде аянбай еңбек ететін мұнайшыларға бүгінгі жарыста сәттілік тілеймін!
Келесі болып сөз алған кәсіподақ комитетінің төрағасы Шаңқанов Кенжеғали мырза барша Ембілік мұнайшыларды құттықтап, еңбектеріне табыс тілей отырып, «Ембімұнайгаз - өз мұнайшыларымен мақтанатынын» айта кетті.
Қамидуллин Қуандық Мәдениетұлы, әлеуметтік саясат департаментінің директоры бүгінгідей отбасылық спорттық шара алғаш рет өткізіліп отырғанын, бұл шараның болашақта жалғасын табатынын айтты.
Ойынға «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Жақсыбеков Әнуар Еркінұлы, кәсіподақ комитетінің төрағасы Шаңқанов Кенжеғали мен ҚХА мүшесі Байкенова Гульсина төрағалық етті.
«Алтын ұя» спорт сайысы 7 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең - доп эстафетасы. Ойын шарты бойынша әр отбасы мүшесі 3 допты қолдарына ұстап, мәре сызығын айналып келеді. Допты түсірмей, мәре сызығына алғаш болып келген топ өз қоржындарына жоғары ұпайды салады. Алғашқы кезеңде «Ембімұнайэнерго» басқармасы командасының ең кішкентай мүшесі 9 жасар Арсен ептілігімен көпті тәнті етті.
Екінші кезең отбасы бірлігін арттыруға бағытталып, «Отбасы эстафетасы» деп аталды. Бұл турда бүлдіршіндер резеңке доппен секіріп, аналар секіртпеден секірсе, әке бір қолмен допты соғып, мәре сызығына бірінші баруы тиіс. Оңай тапсырмалар отбасы мүшелеріне қиынға түспей, бірінен соң бірі мәре сызықтарын кесті.
Үшінші кезең нағыз мұнайшы отбасыларына арналды. Өйткені, берілген әріптерден «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты кен орындарының атауларын 2 минутта жазып шығу қажет болды. Кім көп жазса-сол команда жеңіс шыңында. Бұл кезеңде бір командалар кен орындарын естеріне сала алмай қиналса, енді бірі қысқа кен орындарының атын таңдап жеңіске жетуге ұмтылды. Ең бастысы, білімді мұнайшылар компанияның өзге де кен орындарының атауын жетік білетіндерін көрсетті.(Естеріңізге сала кетсек, Атырау облысы аумағында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 41 кен орны жұмыс істеуде.)
Ойын жалғасқан сайын тапсырмалар да қиындай түсті. Төртінші кезең «Ассорти» деп аталып, балалар теннис доптарын теннис таяғымен ұрып, құлатпай мәре сызығына жетуі тиіс болды. Ал аналар болса бос құтыны табақшаға салып, бір қолмен құлатпай кері айналып келсе, мұнайшы әкелерге допты бір аяқпен теуіп, мәре сызығын кесу міндеттелді. Бұл турда «Орталық аппарат» командасының мүшесі 9 жасар Самира жеңісті қолдан бермеуге тырысса, «Доссормұнайгаз» командасының мүшесі Қилашева Замзагүл тапсырманы мүлтіксіз орындағанымен, жылдамдық жағынан сәл бәсең түсті.
Отбасы мүшелерінің командалық жұмысын бағалауға арналған келесі «Шеңбер эстафетасы» кезеңінде барлық отбасы мүшелері шеңбермен жүгірді. Балалар шеңберге бойлары жетпей қалып қойып жатса, отбасы әкелері жылдамдығымен көзге түсті. Мәре сызығын алғаш болып кескен командаға жоғары ұпай берілді.
Алтыншы кезеңде «Өнімдерді жина» ойынында әр отбасы мүшесі жүгіріп бір қолдарымен жердегі жемістерді жинады. Әкелер өнімдерді тез жинап келсе, аналар жарларынан қалмай, мәре сызығын алғашқы болып кесуге ұмтылды. Өнімді жинауда ептілік танытқан «Жайықмұнайгаз» командасының анасы Құсайынова Венера жылдамдығымен көзге түссе, «КМЖ Кэтринг» командасының ең кіші мүшесі Алихан өзінің ептілігімен командасын жеңіске жетеледі.
Ақтық кезеңде қазақтың ұлттық ойыны «Арқан тартыс» болды. Барлық команда мүшелері бұл турда белсенділік танытып, жеңісті қолдан бермеуге тырысты. Айта кету керек, «Ембімұнайгаз» АҚ барлық кен орындарын спорттық бөлмелермен қамтып, мұнайшылардың жұмыстан кейінгі бос уақыттарында спортпен шұғылдануына жағдай жасауы бұл спорт додасында өз нәтижесін берді.
Спорттық шараны ұйымдастырушылар қатысушыларды қолдауға келген жанкүйерлерді де назардан тыс қалдырмай, оларға арнап ойын ұйымдастырды. Жанкүйерлер арасынан бірнеше командалар жасақталып, кен орындарының атын табуда сынға түсті. Жеңіске жеткен жанкүйерлерге «Ембімұнайгаз» АҚ-ның атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.
Әділқазылар шешімі бойынша ойында белсенділік танытып, ұпай қорларына ең көп ұпай жинаған командалар І, ІІ, ІІІ орындарды иеленді. ІІІ орынды «КМЖ Кэтринг» атынан шыққан Жанжігітов Нұрхан отбасы иеленсе, ІІ орынды «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында ұңғымаларды жер асты жөндеу операторы болып қызмет атқаратын Көшелеков Ғарифолла отбасы қанжығасына байлады. «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының намысын қорғап шыққан Оралбеков Мұхаммедрахим отбасымен І орын тұғырынан көрінді. Барлық қатысушыларға «Ембімұнайгаз» АҚ-ның атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді. Компания Орталық аппараты Кәсіподақ ұйымының атынан дайындалған сыйлықтар барлық командаларға табысталды.
Фархат ӘБІЛОВ