Атырау, 27 қараша 05:48
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Билік айтса, бағынамыз»

5 153 просмотра


Алдағы күндері Атырауда  4 мешіттің  – Нұрсая, Балықшы, Еркінқала және Привокзальный ықшам аудандарында құрылысын бастауға берілген өтініштер рәсімделмек. Бұл туралы брифингте Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қайролла КӨШҚАЛИЕВ мәлімдеді.

Оның айтуынша, Дін істері басқармасының «Ақпараттық-талдау орталығы» КММ-і мен «Шапағат» ҚБ-нің  теолог және психолог мамандары шетелде  салафилік оқу орындарында оқып жүрген студенттердің отбастарымен үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде өткен жылы олардың 17-сі оқуларын тастап, үйлеріне оралды, соңғы үш жылда осылайша елге оралғандардың саны 46-ға жетті. Дегенмен күдік ұялататын шетелдегі оқу орындарында әлі де 30 студентіміз білім алып жатыр. Олар: Мысырда – 23, Сауд Арабиясында – 6, Йеменде – 1 студент.

Ол сондай-ақ, жергілікті түзету мекемесінде  «Терроризм» баптарымен сотталған 47 адамның жазасын өтеп жатқанын атап өтті. Басқарманың төрт теологы олармен үнемі кездесу өткізіп, оңалту жұмыстарын жүргізіп отырады.

Көшқалиев Ораза айында «ВК» әлеуметтік желісі арқылы бір азаматтың өз парақшасында ораза және мұсылмандар жайлы жағымсыз пікірлер қалдырғандығы туралы мысал келтірді:

- Бұл жөнінде Атырау тұрғыны шағымданып келді. Оның айтуы бойынша біз әлгі адамның парақшасын қарап, «муж делает жене ауызашар» деген сияқты тікелей мағынасында, тұрпайы түрде бейнеленген суреттердің жарияланғанын көрдік. Оның 2015-2016 жылдардағы парақшасындағы жазбаларын тексеріп көргенімізде де  мұсылмандардың ар-ожданына тиетін көптеген жазбалары табылды. Барлық материалды біздің министрлікке сараптамаға жібердік. Бұл жазбалар дін аралық алауыздық тудыратын материал болып танылды.  Құқық қорғау органдары ол адамды іздеп тапты, ол Атырау қаласының тұрғыны болып шықты. Сот шешімі арқылы аталған азаматқа 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Кейін ол жігіт өз қатесін түсініп, парақшасы арқылы оқырмандарынан кешірім сұрады.

«АЖ» сауалдары:

- Өткен жылдың қаңтарында  Білім және ғылым министрлігі мектептердегі міндетті форманың талаптарын бекіткен болатын. Яғни, министрліктің бұйрығына сәйкес, мектеп формасында ешқандай діни атрибуттар болмауы тиіс. Санаулы уақыттан соң жаңа оқу жылы басталады. Қазіргі жағдай қалай?

- Бұл мәселе төңірегіндегі дау бітер емес, бірінші кезекте әңгіме қыздардың басына орамал тартуына қатысты болып отыр. Біз өткен жылы осы бағытта жұмыстар жүргіздік, ата-аналарға біздің зайырлы мемлекет екендігіміз және мектептерде мектеп формасының сақталуы керек екендігін түсіндірдік. Біздің сөзімізге құлақ асып, олардың көпшілігі қыздарының  орамалын шешіп, шаштарына  бантик байлап, келгендері болды. Айтпақшы бұған қарсы «Сіздер мектепке қысқа белдемше киюге неге тыйым салмайсыздар?» деген шағымдар да болды. Олардың ұсынысы ескеріліп, білім беру басқармасы алдағы күндері тізеден 10-15 сантиметрге төмен тұратын мектеп формасын дайындап жатыр.

- Соңғы уақыттарда мешіттің ішкі тәртіптерінің бұзылуы жиелеп кеткен сияқты, кейбір мешітке келушілер намаз кезінде имамға кедергі келтіреді. Биылғы жылы мұндай жағдайлардың нешеуі тіркелді?

-  Мешіттің ішкі ережесіне бағынғысы келмей, намаз уақытында мешіт қызметкеріне кедергі жасаған 8 жағдай болды. Оның біреуі Құрманғазы ауданында, тағы бір жағдай Индер ауданы, қалғаны Құлсары қаласында орын алды. Нақтырақ тоқталар болсақ, ережені бұзғандар намаз уақытында имамның ескертпесін тыңдағысы келмей, ішінен айтылуы тиіс «Әмин» сөзін, айналасындағыларға кедергі келтіре тұрып, айқайлап тұрып айтқан. Бұл дұрыс емес, намазға жығылушы айналасындағы адамдарды сыйлауы тиіс, оларға кедергі болмауы керек. Ондай адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылады және айыппұл төлейтін болады.

- Қазір біздің министрлік діни қызмет туралы заңнамаға өзгерістер  мен толықтырулар енгізетін жоба дайындап жатыр. Жекелей алғанда, никаб киюге тыйым салу жоспарланып отыр (көз көрінетіндей жіңішке ғана ашық қалдырған, бетті түгел жауып тұратын мұсылман әйелдерінің бас киімі – Г.Т.) . Бұл өзгешелік қоғамда екі тараптың арасында наразылық тудырмай ма?

- Иә, дайындалып жатқан жобада қоғамдық орындарда бетті тұмшалайтын киімдер киюге тыйым салатын баптар бар. Бұны дұрыс деп есептеймін және айтарлықтай дау туғыза қоймас деп олаймын. Біздің басқарма қызметкерлері әйелдері никаб киетін жанұялармен осы тақырыпта сауалнамалар жүргізді. Сауалнамаға қатысушылар: «Егер билік мұндай шешім шығаратын болса, біз оған бағынамыз» деп жауап берген.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

20 тамыз 2017, 10:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.