Атырау қалалық білім бөлімі ғимаратын жөндеуге байланысты сыртқы әлеммен байланыссыз қалды, оларда телефон да, Интернет те жоқ.
Біз бұл туралы редакция сауалдарына жауап болмаған соң, сол жерге аяқтай барып білдік. Сөйтсек, қазір қалалық білім бөлімі уақытша №14 мектептің ғимаратында орналасқан екен. Бізді кірер ауызда қарсы алған кезекші кімге және қайда бара жатқанымызды тәппіштеп сұрап, содан соң басқа мекен-жайға – қалалық ТКШ, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөліміне жіберді: білім беру бөлімінің кеңсе бөлімі уақытша сол жерге орналасыпты. Кеңсе бөлімінің мекемеден бөлек орналасуына қатысты қисын табу өте қиын... Бірақ, жарайды, біз де ТКШ бөліміне беттедік.
Кеңсе бөлімінің қызметкерлері кіріс-шығыс тіркеу журналдарын ұзақ парақтап, сіздің хаттарыңыз бойынша орындаушы сол жерде отырады, содан барып біліңіздер деп, бізді қайтадан №14 мектепке жіберді. Кері келіп, бізді мамандарға жіберуден бас тартып, қайтадан кеңсе бөліміне жолдауға тырысқан кезекшімен тілдесуге тура келді.
- Бұл жерде мамандардан ешкім жоқ. Олар бір жерге кетіп қалды, - деп түсіндірді ол.
- Жақсы, ендеше біз басшының орынбасарларына барамыз. Олардың қайсысы бар?
- Олар да жоқ.
- Ал басшы?
- Ол әлдебір жиналыста. Бәрі жиналыста.
- Ал басшының хатшысымен сөйлесуге бола ма? Бәлкім, біздің хаттарымызға жауаптар қабылдау бөлмесінде жатқан болар?
- Хатшы да жоқ.
Бөлімнің қалалық телефондарына қоңырау шалуға да мүмкіндік жоқ екен. Кезекшінің айтуынша, бөлім мектепте уақытша орналасқан, сондықтан мемлекеттік мекемеге телефон желілері ұсынылмаған. Міне, солай. Бірақ іс мұнымен бітпеді. Мектеп ғимаратының алдындағы көлеңке түскен асфальтқа жайғасқан әйелдерге назарымыз ауды. Сөйтсек, олар балабақшаға қатысты мәселелерін шешу үшін кезек күтіп отыр екен.
- Қабылдау күндері – бейсенбі мен жұма, бізді бір маман ғана қабылдайды. Ал адамдардың сұрақтары көп – балабақша жолдамасы, бір балабақшадан екіншісіне ауыстыру, кезектегі орындар, шағын орталыққа жолдама және т.б. Таңертеңгі сағат тоғызда келіп, кезек аламыз. Күні бойына тұрамыз. Түске дейін 68 адамды қабылдады. Бұл жерге тізім қалдырып кетуге мәжбүрміз, тізімдегі адамдар саны 150 адамнан көп. Кейбіреулер кезектерін таңнан күтіп тұрады. Енді не істесін? – деп әңгімеледі әйелдер.
Әрине, қалалық білім беру бөлімінің басшылары қабылдауға келушілердің мұндай қолайсыздықтарға неліктен шыдауға мәжбүр екенін түсіндірсе екен дейміз. Бірақ қалай? Байланыс та жоқ, өздері де жоқ.
P.S. Бүгін 23 тамызда қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Абдолов біздің редакция атынан жолданған сауалымызға былай деп жауап берді: «Бөлім ғимараты қазір күрделі жөндеуге байланысты жабық, сондықтан да №14 А.Чехов атындағы орта мектеп ғимаратында жұмыс жасауда. Бөліммен мына телефон арқылы байланыса аласыз: 45-14-13».
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген Анастасия АЛЮШИНА