Мен бұл жігітті қаладағы мәдениет үйлерінің бірінде өткен бір шарадан көріп қалдым. Ол кітаптан көгершін, ал матадан қағаз шығарып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген болатын. Сол жерде таныстым, жерлесіміздің есімі Нұрмұқан НЫҒМЕТОВ (суретте) екен.
- Құпияға толы «иллюзия» әлеміне келуіңе не түрткі болды?
- Балалық шағымда сиқырға қызығатынмын. Теледидардан сиқыршылар бас киімнен қоян шығарып, таяқты матаға айналдырғанда таңғалатын едім. Кейін үш жыл бұрын американдық «Арбау иллюзиясы» фильмін көрдім. Сол фильм мені сиқыр әлеміне жетелеп әкетті. Міне, содан бері сиқырмен айналысып келемін. Алғашқы сиқырды үйренуге 3 айдай уақыт кетті. Ол сиқыр «адамның көзіне қарап, ойындағы картты табу» деп аталатын.
- Сенің сиқырыңның сырын біліп қалғандар болды ма?
- Сирек, бірақ, болды, оған көңілімді түсірмеймін. Қазіргі дамыған заманда барлық сиқырдың құпиясын ғаламтордан білуге болады. Оның құпиясын табу бір басқа, қайталап жасау бір басқа. Оны дайындау үшін - ептілік пен еңбек керек. Кейбір адамдар картама жармасып, әрлі-берлі төңкеріп, құпиясын таппақ болады. Бұл жағдайда ашуға булығамын, мәдениетсіздік қой!
- Ал өмірде сен секілді «арбаушыға» қалай қарайды?
- Бұл бөлек әңгіме. Кейбіреулер: «Сен сиқыр жасайсың, демек, өмірде де мені алдап кете аласың» дейді. Бірақ, мен бұл өнерімді жеке өмірімде, жеке мақсаттарыма қолданбаймын. Тіпті, «сен карттарды алмастыра аласың. Бізбен бірге карта ойнауға жүр. Бізге ұтуға көмектесесің де, ақшаны теңдей бөліп аламыз» дегендер де болды. Бірақ, мен бармадым. Бұл - нағыз алаяқтық қой.
- Тағы басқа қандай өнерге қызығушылығың бар?
- Гитарада ойнаймын, өлең жазамын, спортпен де шұғылданамын. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, көптеген өнерді өз бойыма жиғым келеді. Сиқыршылық өнерімді шыңдай беремін, ал ең үлкен арманым – кәсіби әнші болу.
- Бір сиқырыңды көрсетіп жіберші?
Ол қалтасынан екі кішкене допты шығарып, біреуін менің алақаныма, екіншісін өзінің алақанына салды. Нұрмұқан қолымды үрлеп жібергенде, бір таңғажайып орын алды: оның қолындағы кішкене доп ғайып болып, менің алақанымдағы бір доп екеу болып шыға келді...
Фархат ӘБІЛОВ