Атырау, 27 қараша 05:35
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қауіпті өткелдер

Сурет
3 316 просмотра

Жаяу жүргіншілер өткелі – адам өзін қауіпсіз сезінуі тиіс жол бөлігі. Ал Атырауда бәрі басқаша.

Сәтпаев даңғылымен қиылыстағы Тайманов даңғылы арқылы өтетін өткел. Екі жақтан түсетін ыңғайлы еңіс жер бар, ал ортасында бөлу жолағының үлкен кедергісі тұр. Балаларын арбаға салған аналарға арбаны көтеріп, бірер қадамнан кейін кері түсіруге немесе кедергіні айналып өту үшін көлік жолына шығуға тура келеді.


Сәтпаев даңғылындағы «Академия» аялдамасы маңындағы қауіпті өткел. Халыққа қызмет көрсету орталығы жақтан және автобус аялдамасынан өткел салынған. Бұл жерде қозғалыс өте көп. Көлік жүргізушілері үсті үстіне сигнал беріп, жаяу жүргіншілер жолақпен жүгіріп өтуге мәжбүр. Бұл жер шынымен де қорқынышты.


Владимирский көшесінің бойындағы бірнеше өткел көру қабілеті бұзылған адамдар жиі өтеді деген белгілермен жарақталған. Бағдаршамдар да дыбыстық сигналдармен жабдықталған. Бәрі жақсы секілді, алайда жобалаушылар бұл жердегі жолжиектерді алып тастауды ұмытқан.



Қаладағы бүкіл өткелдер дерлік жолжиектермен жарақталған. Жол соңында адамдарды тағы бір кедергі күтіп тұрады. Ол суару жүйесінің құбырлары. Мұндай өткелдер бірнешеу, мәселен, Құнанбаев көшесінде, Әуезов көшесінде, Азаттық даңғылында. Кей жерлерде бұл құбырлар жаяужолдарды да кесіп өтеді. Бір сөзбен айтқанда, аузыңды ашпай, аяғыңның астына қарау керек.


Құнанбаев көшесіндегі бұрынғы кеме жөндеу зауыты маңындағы қауіпті өткел. Бұл жерде сабақ кезінде оқушылар жолдан жиі өтеді. Көпір алыста емес, одан түсетін көліктер қатты жылдамдықпен жүреді. Бұл бағытта ауыр жүк көліктері де көп өтеді. Олар жол кедергілерін баяғыда «тегістеп» тастаған. Бұдан басқа, жолдың екі жағында ағаштар өсіп кеткен. Жүргізушілер оның тасасынан келе жатқан жаяу жүргіншілерді байқамайды.



Балықшыға кіре берістегі Құнанбаев көшесіндегі өткел де қауіпті. Өйткені, Азаттық даңғылының Маслопромнан Сельстройға дейінгі бөлігінде өткелдер көп. Жүргізушілер де Балықшыға жақындағанда құйындатып жүреді. Қала тұрғындарының айтуынша, бұл өткелде адамдарды талай қағып кеткен.



Баймұханов көшесіндегі Халыққа қызмет көрсету орталығының жанындағы өткел. Оны көшенің айналма жолға шығатын жеріне орналастырған. Неліктен?



Баймұханов көшесі -  Бірінші учаске ауданындағы өткелден де мұқият өткен жөн. Өткелдің бір жағындағы шошайып тұрған тұрған темірден айналып өту керек, оған бір кездері қоқыс жәшігі ілінген. Ал өткелдің екінші жағында жолжиектен соң дренаж науасы тұр. Егер жаз болып, күн құрғақ болып тұрса жақсы, секіріп өтуге болады. Ал егер қыста, күн тайғақ болса ше?


Баймұханов – Амандосов көшелерінің қиылысындағы өткелден шығатын жаяужол жылу трассасына тіреледі. Сізге тіке жүру керек пе? Онда айналып жүресіз.



Бұл өткел бұрынғы аттракциондар паркінің маңында орналасқан және тіке оның дуалына апарады. Жолдың бір жағында жаяужол бар, екінші жағында жолдың жиегімен жүруге тура келеді. Сабақ кезінде бұл жерде қозғалыс көп болады.



Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Тек қалалық биліктегі шенеуніктер мен құрылыс басшылары аяқтай жүріп өтіп, өз көздерімен көрсе ғой.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суреттерді түсірген автор

16 тамыз 2017, 15:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.