Влад пен Данила құрылыс компаниясындағы ауыр жұмыс күнінен соң текке отырмай, мәтін жазып, клип түсіреді. Бұл жолы жігіттер түсірілім үшін Ақкегершін деген керемет орынды таңдапты. Ол жерде «Не говори мне» деп аталатын әнге клип түсіріп қайтты.
Ақкегершін борлы үстірті Атырау мен Ақтөбе облысының шектескен жерінде орналасқан. Бір кездері бұл жер көне мұхиттың орны болған екен, ал қазір ежелгі қаланың қирандысын еске түсіретін асқақ тау жұрнақтарын көруге болады.
- Біз 12 адам болып, қаладан ерте шығып кеттік. 250 шақырымдай жер жүру керек болатын. Мұқырға дейін жол жақсы болды, одан кейін ойлы-қырлы жерлермен әрең жеттік. Діттеген жерімізден жігіттер шағын лагерь ұйымдастырып, түсірілімге дайындала бастадық. Әр адамның өз міндеті болды, біз тіпті тамақты дайындаумен кім айналысатынын да бөліп қойдық. Адам қай уақытта да тамақтануы керек қой, - деп күлді Влад.
Жігіттер клипті бар ынталарымен түсірген, өйткені ол жер бетіндегі ең үлкен сезім - махаббат туралы болатын.
- Күні бойына түсірілім болды, бірақ біз күннің батуын күттік. Өйткені, тәуліктің осы уақыты ерекше сиқырлы болады ғой. Мұндай алуан түрлі боялған түрлі реңдер көзге көрінбейтін суретшінің қолынан шығып жатқандай, - деп әсерлене сөйледі Влад. – Түсірілімнен кейін біз ұзақ уақыт бойына осы көріністі тамашалаумен болдық. Бірақ бұл жерде өте абай болу керектігін ұмытпау керек: бор таулар өте нәзік, әсіресе құзға жақын жерлер сәл жанап кетсе опырылып кетуі мүмкін. Адамдардың сезімі де сондай, түсінесіз бе? Сәл шалыс бассаң, сәл жаңылыс сөзден адамды мәңгілікке жоғалтып алуың мүмкін. Ән мен клипте осы туралы айтылады.
Анастасия АЛЮШИНА