АҚШ-тың Шарлотсвилл қаласындағы қақтығыстардың ушығуына байланысты Вирджиния штатының губернаторы шаһарда төтенше жағдай жариялады.
Оған қоса ереуілді заңсыз деп атап, тәртіп сақшыларының оны тарқатуына рұқсат берді. Мұндағы жағдай биліктің шаһар саябағындағы Конфедерация генералы Роберт Лидің ескерткішін алып тастау туралы шешімінен кейін ушыққан. Себебі ақ нәсілділер өздері мақтан тұтатын тұлғаға қойылған белгінің орнында қалғанын қалайды. Ал оны сүріп тастауға бекінгендердің айтуынша, ескерткіш құлдық дәуірді еске салады. Осылайша пікірі екіге бөлінген жұрт бір-біріне жұдырық ала жүгірді. Қақтығыс кезінде жараланғандар бар. Іске полиция араласып тараптарды тарқату үшін көз жасаурататын газ қолданды. Тіпті тәртіпке бағынбағандарды қамауға алған.
Дереккөз: 24.kz