Атырау, 27 қараша 05:40
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Депутаттар шағымдар бойынша ел арасында жүр

Сурет
3 105 просмотра


Атырау қаласындағы сәулет және жер қатынастары бөлімінің жұмысына қатысты көптеген шағымдардың түсуіне байланысты қалалық мәслихаттың депутаттары бұл ұйымдарда не болып жатқанын өздері анықтау үшін уақытша комиссия құрды.

Депутат Гүлзейнеп ДҮСІПОВАНЫҢ айтуынша, мәслихат депутаттары мен «Нұр Отанға» жолданған 10 арыздың 8-і  жер алуға, құрылысқа рұқсат беруге, учаскені кеңейтуге және т.б. қатысты. Шағымдарға жауап беруге қатысты кешеуілдеулер, терезелердегі қызметкерлердің біліксіздігі байқалады. Ал бұған  депутаттар қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне кірген кезде тап болған көріністер себеп болды. Сейсенбі – қабылдау күні емес, сондықтан фойеде халық көп болмады. Бірақ келген адамдар сұрақтарына жауап алу үшін бір терезеден екінші терезеге ауысып жүр.



- Мен №6 терезенің алдында жарты сағат тұрдым, тек кезегім келген кезде ғана маған №2 терезе керек екенін білдім. Автоматты түрде қажет терезеге нөмір беретіндей қылып, неліктен электронды кезек ұйымдастырмасқа? – деп сұрайды келуші.

- Кезінде жер алуға құжаттар бердім. Кезектің қалай жылжып жатқанын білу үшін келсем, құжаттарым жоқ. Жер бөліміндегілер маған осында барыңыз деп айтты. Жарты жылдан бері жер бөлімі мен сәулет бөлімінің арасында құжаттарымды таба алмай жүрмін, - деп шағымданды Жұмазия МЕҢДІҒАЛИЕВА.



Фойе қабырғасы А4 форматындағы парақтарға толы. Бірақ депутаттық комиссия оларды ақпаратты емес деп есептейді. Ол жерде жалпы ережелер, заңнан үзінділер, қағидалар бар, бірақ адамдарға стендтерде көрсетілген құжаттарды қайдан алуға болады, құжаттарды қандай себептер бойынша қараусыз қайтаруы мүмкін және мұндай жағдайда не істеу керектігі туралы қажетті әрекет алгоритмі жоқ.

Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қуанышбек МАҚАШЕВ басқаша пікірде:

- Мен «Нұр Отан» желісі бойынша да азаматтарды қабылдаймын, бірақ кейде тек бір адам ғана келеді. Өйткені басқалары тікелей біздің бөлімнен кеңестер алып үлгереді. Күніне бізге 250-300-дей хат келіп түседі, қызметтердің басым бөлігі «мемлекеттік» санаты бойынша ХҚО арқылы көрсетілетіндіктен, ол жерде орындау мерзімдері регламенттеледі. Біз мерзіміне үлгереміз. Бірақ мемлекеттік қызметтерден басқа жұмыс түрлері де бар. Мәселен, учаскелерді кеңейту, қайта жобалау, жалғамалар салу – бұлар әзірге біздің бөлім арқылы жүргізіледі. Терезелерде уақытша қызметкерлер отыр, кейде олар да келушілердің сұрақтарына толық жауап бере алмай қалады, сол кезде бөлім мамандарын шақыртады. Топографиялық қызметтермен «Атыраубасжоспар» ЖШС айналысады. Ол лицензиясы бар біздің еншілес кәсіпорнымыз. Олардың өз калькуляциялары бар, біздің оған қатысымыз жоқ. Бірақ топография – бұл қызметтің лицензияланатын түрі. Тұрғындар бұл қызмет бойынша тек «Атыраубасжоспарға» ғана емес, лицензиясы бар кез-келген ұйымға тапсырыс жасай алады. Ұйымдар тізімін Мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау басқармасынан алуға болады. Стендтер стандарт бойынша рәсімделген, барлық жұмыстар мемлекеттік сатып алулар порталы арқылы жүргізілген. Ал көп кешікпей кәсіпкерлікті қолдау орталығын ашу жоспарланып отыр. Ол жерде бүкіл бөлімдер – ТКШ, біз, жер бөлімдері және т.б. орналасатын болады.



Содан соң комиссия жер қатынастары бөліміне бет алды. Бұрынғы кітапхана ғимаратының бірінде бүгінгі күні қалалық әкімдіктің бірнеше бөлімі қатар жұмыс істейді. Фойе сәулет бөліміндегіден де тар. Сол кезде түрлі терезелерде кезек тізіле қалды.

- Ұзақ уақыттан бері шаштараз бен дүкен салу жұмыстарын бастай берейін бе, жоқ па, соған нақты жауап ала алмай келемін. Менің учаскем Әйтеке би көшесіндегі қаланың ескі бөлігінде орналасқан. Маған үйді өзгертіп салуға рұқсат бермейді, біздің бүкіл аудан күрелуге кетеді дейді. Ал бизнес нысандарын салуға рұқсат берді. Құрылыс салуға өз қаржым жоқ, несие алуға тура келеді. Егер жұмыс қызған кезде бұл аудан шынымен де күрелуге кетсе, үлкен шығынға ұшыраймын ғой, - деп әңгімелейді келушілердің бірі.

- Құрылыс салуға рұқсат беру біздің жұмысымыз емес, бірақ қаланың ескі ауданын шынымен де күреу жоспарланып отыр, - дейді жер қатынастары бөлімінің басшысы Кәкім ШАЛТАНОВ.

Осы жерде комиссия Жұмазия Меңдіғалиева берген өтініштің тағдырын анықтауға тырысты. Сөйтсе, сәулет бөлімі жер бөліміндегілерге кезекке тұрушылардың тізімін берген екен.  Сол бойынша қазір олардың электронды дерекқорлары жасалуда. Оны тамыздың аяғында іске қосу жоспарланып отыр. Бірақ құжаттарда сәулет бөлімі берген кейбір фамилиялар жоқ. Сондықтан да, жер бөлімінің қызметкерлері кезекке тұрушыларды құжаттар ол жақа қалған шығар деген үмітпен кері сәулет бөліміне жібереді.

Өткен жылдан бері бақша учаскелерін беру уақытша тоқтатылды. Таяу уақытта оларға тексеру жүргізу жоспарланып отыр.



- Адамдар жер телімдерін бақша егу үшін алады, ал содан кейін бұл аудандарда коттедждер, тұрғын үйлер бой көтереді. Егер жеке тұрғын үй құрылысының мақсатын өзгерту керек болса, оған коммуникациялар жүргізіп, жолдар салу керек. Ал онда әуел бастан мұның бәрі қарастырылмаған, тиісінше, жағдай да жоқ, үйлер арасындағы ара қашықтық кішкентай болады, жолдардың ені инженерлік желілер салуға келмейді, -деп түсіндірді К.Шалтанов.

Журналистер жер телімдерін алу кезегін сатуға қатысты мәселені көтерді. Мұндай хабарландырулар БАҚ беттеріне жиі шығады.  Шалтановтың растауынша, бұл заңсыз ғана емес, сатып алушы үшін үлкен тәуекел. Жер кезегін сатудың заңды тәсілі жоқ, сатушы ақшаны алады да сатып алушыға оның атынан әрекет етуге: жер телімін рәсімдеп, үй салуға сенімхат жазып береді. Алайда жерге тұрақты мемлекеттік акті рәсімделген кезде сатушы жер сатуды ресми рәсімдеуден бас тартуы немесе келісім құнын көбейтіп жіберуі мүмкін.

Комиссия анықтаған бүкіл проблемалық мәселелерді депутаттар мәслихаттың таяудағы сессиясында қарауға уәде берді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН


11 тамыз 2017, 23:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.