Атырау тұрғыны жол қозғалысы ережесін бұзушылармен күресуді өзі қолға алды. Ержан ХАСАНОВ – жергілікті Facebook пайдаланушылар оны осындай лақап атпен біледі.
- Күн сайын Атыраудан жол-қозғалысы ережесінің өрескел бұзылғанын жиі көремін. Жилгородокта көз алдымда жаяу жүргіншілер өткелінде қара джип жүргізушінің сөмке арқалған оқушы қызды қағып кете жаздағанын көргенде, шыдамымның таусылған жері осы болды. Менің де балаларым бар, күн сайын оларды мектепке жібергенде жолдан көлденеңнен аман болып, өтіп кетсе екен деп уайымдаймын. Құйындатып жүретіндер көп қой, ондайлар әрі жазасыз қалып жатады. Жақында ғана ЖПҚ көлігінің қарсы жолақтан зымырап өткен көліктің жанынан өтіп кеткенін көрдім. Яғни, полиция қызметкерлері еш елең еткен жоқ, - деп ойын бөлісті «Ержан Хасанов». – Сол кезде өзім кірісуге бел будым.
Ол алдымен осындай ереже бұзушылармен күресетін басқа «азаматтық» белсенділердің тәжірибесін зерттеген.
- Алматылық «Азаматтық патруль» интернет-қоғамдастығын таптым. Ол жерде белсенділер жол қозғалысы ережелерінің бұзылғанын бейнежазбаға түсіріп, құзырлы органдарға жолдайды. Бұл әкімшілік құқықбұзушылық туралы істің қозғалуына негіз бола алады. Ол туралы әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 802-бабында жазылған. Мен де осы жолмен жүрдім.
Жол бойындағы ереже бұзушылықты «Ержан Хасанов» кезекті сапарына шығар алдында көлігінің алдыңғы әйнегіне бекітіп қоятын смартфонына түсіріп алады. Бейнежазбаның немесе суретте түсірілген уақыты туралы ақпараттың болуы өте маңызды.
- Бірақ ереже бұзушылықты бейнежазбаға түсіру – істің жартысы ғана. Көпшілігі мұндай роликтерді әлеуметтік желілерге салып, бәрін талқылап, наразылық танытып жатады. Ал мен үшін бастысы - бұл істі соңына дейін жеткізіп, ереже бұзушыны жазалау. Сондықтан бүкіл бейнежазбаларды тиісті арызбен құқыққорғау органдарына жолдаймын. Олар өз кезегінде азаматтың арызы бойынша әрекет етуге міндетті.
Өз науқанын белсенді 25 шілдеде бастаған. Ол күніне кем дегенде 3-4 ереже бұзушылық анықтайды. Оның полицияға берген арызынан кейін төрт «фигурант» айыппұл түрінде жазаларын алған.
- Жауапкершілікке тарту туралы жауаптарды мен ғаламтордағы танымал «Atyrau Auto Club» топтарына жариялап, «Шағымдар мен ұсыныстар кітабына» жазамын. Мұның бәрін «ұзын құлақтан» естіген кейбіреулер жол бойында анағұрлым мұқият бола түссін деген үмітпен жасаймын.
Әлеуметтік желілердің пайдаланушылары екі лагерьге бөлінді. Біреулері оны қолдап, «Робин Гуд» деп атаса, екіншілері...
- Комментарийлерде менің сазайымды береміз дейтіндер де бар. Ереже бұзушылар шығар деп ойлаймын. Қалай дегенмен де өзімнің шынайы есімімді құпия ұстаймын.
Ал белсендіні қолдайтындар да ереже бұзушыларды бейнежазбаға түсіре бастады.
- «Әрі қарай шара алу үшін» маған жолдайды. Бірақ өздеріңіз де қолға алыңыздар. Бәлкім, жұмыла көтерсек, жолдарға тәртіп орнатармыз.
P.S. Материал дайын болған кезде, жарияланым кейіпкері бізбен байланысқа шығып, былай деп хабарлады:
- Мен Facebook-тегі есімімді өзгертуге мәжбүрмін. Маған тіс қайраушылар аты-жөні шын Ержан Хасанов дегенді іздеп тауып, оған қоқан-лоққы жасап жүр. Өз кінәсін, дұрыс еместігін мойнымен көтере алмайтындардың кесірінен басқа адамдардың зардап шеккенін қаламаймын. Сондықтан бүгіннен бастап өз посттарымды Қалқаман Хасанов деген жаңа псевдониммен жариялаймын. Өз принциптерім мен мақсатымнан бас тартпаймын.
Тамара СУХОМЛИНОВА