8 тамызда Доссор-Құлсары тас жолында үш автокөлік соқтығысып, оқиға салдарынан бір адам қаза тапты.
Атырау облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің жетекшісі Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВАНЫҢ хабарлауынша, Volkswagen Sharan көлігінің жүргізушісі (Жылыой ауданының тұрғыны, Құлсарыдан келе жатқан) алдында келе жатқан көліктермен ара қашықтықты сақтамай рөлді солға қарай бұрып, бірақ басқа Volkswagen Sharan көлігіне соқтығысады. Басқару жүйесін игере алмай, қарсы жолаққа шығып кетіп, Доссор бағытынан қарама-қарсы келе жатқан Toyota Carina автокөлігіне соқтығысады.
- Апат салдарынан Toyota Carina автокөлігінің жүргізушісі, ШҚО-ның 1981 жылы туған тұрғыны оқиға орнында мерт болып, сол көлікте жанында отырған 1996 ж.т. жолаушысы, Жылыой ауданының тұрғыны, дене жарақатымен Жылыой аудандық ауруханасына түскен, - дейді Н.Қайсағалиева. - Ал, Volkswagen Sharan автокөлігінің алты жолаушысы (арасында балалар да бар) Доссор селолық ауруханасына, жүргізушінің өзі облыстық ауруханаға жатқызылған.
Қазір осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА