Атырау, 27 қараша 05:38
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

ММСҚ: Емхананы қалай ауыстырғаным туралы

3 781 просмотра


Биылғы жылдың шілдесінен бастап жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер мен мемлекет жаңа жүйе іске қосылатын 2018 жылдың 1 қаңтарына ақша қорын қалыптастыру үшін Міндетті медициналық сақтандыру қорына жарналар аудара бастады. Ол үшін белгілі бір емханаға бекітілу қажет. Айтпақшы, қызметкерлердің өздерінің жалақыларынан ММСҚ сомасы 2019 жылдан бастап ұсталады.

БАСТАПҚЫ АҚПАРАТ

Бұл туралы толық ақпарат сервисі бар Астананың электронды әкімдігінің сайтында http://service.astana.kz/clinic жазылған. Ол жерде астаналық тұрғындар ғана емес, бүкіл Қазақстан азаматтары да қамтылған.

Көрсетілген бағанға өзіңнің ЖСН-іңді тересің, сонда қай уақыттан бастап қандай емханаға тіркелгенің, учаскелік дәрігерің кім екені туралы ақпарат шығады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы екі жылдан бері өз қалауың бойынша мекенжайыңа қарамастан медициналық «тіркеу орнын» ауыстыруға болатынын еске салды. Бұл мемлекеттік емхана да, жеке емхана да болуы мүмкін. Мұны жылына бір рет 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында немесе басқа елді мекенге көшсеңіз, кез келген уақытта жасауға болады.

Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының өңірлік филиалы атыраулықтар тіркеле алатын медициналық ұйымдардың тізімін ұсынды. Аудан тұрғындары үшін бұл аудандық орталық ауруханалар, ал облыс орталығының тұрғындары үшін - №№ 1, 2, 3, 4, 5 7, Геологтағы емханалар, Еркінқала дәрігерлік амбулаториясы. Жеке емханалардың арасынан тек екі мекеме – «Салимжан и К» (Томарлы ауылы) ЖШС мен  «Медикер Жайық» ЖШС белгіленген. Айта кету керек, қажетті талаптарға сай келсе, мемлекеттік тапсырыс бойынша кез келген жеке емхана жұмыс жасай алады.

ӨТІНІШ ПЕН ЖЕКЕ БАС КУӘЛІГІ

Мен өз емханама разы емеспін, сондықтан медициналық «тіркелу орнын» ауыстыруды ұйығардым. Сөйтіп №1 емханаға бардым, үйіме жақын орналасқан емхана осы. Тіркеу орнындағылар көрсетілген қабылдау сағатында ықтимал учаскелік терапевіме қабылдауға келуге кеңес берді. Өзіммен бірге жеке бас куәлігім мен оның көшірмесі болу керек екен.

- Сосын бас дәрігердің атына өтініш жазып, осы жерге қалдырып кетіңіз.

- Бұрынғы емханамнан есептен шығудың қажеті жоқ па?

- Жоқ. Біздің емханаға тіркелгеннен кейін ол жақтан автоматты түрде есептен шығарады.

- Тек жеке бас куәлігі керек пе? Ешқандай анықтаманың қажеті жоқ па?

- Жоқ, тек жеке бас куәлігі.

Жарайды, бұл рәсім соншалықты қиын емес екен. Ал жеке емханада қалай екен? Өйткені, ол жерде қызмет көрсету анағұрлым жақсы деп есептеледі ғой. Өзіңе қолайлы сағатқа жаздырасың, дәрігердің кабинетінің жанында кезексіз және жанжалсыз келіп тұрасың...

«Медикер Жайық» медициналық орталығының тіркеу бөлімінен аса бір ерекшелік жоқ екенін білдім: ол жерде де жеке бас куәлігі мен басшысының атына өтніш жазу керек екен. Бәлкім, электронды үкімет порталы арқылы тіркелетін болар.

«Медикер Жайық» ЖШС-нің емдеу жұмыстары жөніндегі директордың орынбасары Күлән АХМЕТОВА:

- Бізге тіркелгендер саны 7 мыңнан астам адам, оған жақында тіркелу науқанында тіркелген 1 160 адамды қосыңыз.

- Ниет білдірушілердің санын игере алмай қаламыз деп қауіптенбейсіздер ме?

- Біздің медорталық күніне 500-ге дейін келу санына есептелген. Тіркелген тұрғындардан басқа пациенттерге сақтандыру бойынша қызмет көрсетеміз. Олардың саны бүгінде 39 мың. Әзірге игеріп жатырмыз...

 

СҰРАҚТАР МЕН ЖАУАПТАР

Оқырмандарымыздың бірнеше сұрағына облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған жауаптарды назарларыңызға ұсынамыз.

- Менің тұрақты жұмыс орным бар, бірақ сонымен қатар жеке кәсіпкер ретінде коммерциялық қызметімді жүзеге асырамын. Сонда медициналық сақтандыру қорына жарналар екі қаржы көзінен – негізгі жұмыс орным бойынша жұмыс берушіден және ЖК ретінде менен алына ма? Бір қаржы көзінен аударылатын жарналармен шектелуге бола ма?

- Бұл жағдайда сіздің жұмыс берушіңізден де, жеке кәсіпкер ретінде сізден де жарналар аударылу керек.

- Мен зейнеткермін, медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы ретінде тіркелгім келеді. Зейнеткерлерге ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну керектігін газеттерден оқыдым. Ал ол жердегілер электронды базаның әлі іске қосылмағанын, жалпы, ешқайда барудың қажеті жоқ екенін, өйткені емханаларда әлеуметтік осал топтардағы адамдардың тізімі бар екенін айтты. Біздің бәрімізді автоматты түрде медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар қатарына қоса ма?

- Иә, солай. Бастысы – сіз емханаға тіркелген болуыңыз керек. Егер тіркелген болсаңыз, сіздің мәртебеңіз белгіленген. Егер тіркелмеген болсаңыз, өз емханаңызға жеке бас куәлігімен келіңіз.

- Мен Атырауда ұзақ іссапармен жүрмін. Келесі жылдың ортасына дейін осында боламын. Жергілікті емханаларға тіркелудің мәнісі жоқ, өйткені жұмыс беруші сақтандыру жарнасын жеке емханалардың біріне аударады. Дегенмен де, міндетті медициналық сақтандыру енгізілуіне байланысты маған осы қалада болған уақытымда атыраулық емханаға тіркелуім керек пе?

- Егер сіз тұрғылықты мекенжайыңызда емханаға тіркелген болсаңыз, Атыраудағы емханаға тіркелудің қажеті жоқ.

- Үй шаруасындағы әйелмін, жұмысқа орналасу жоспарымда жоқ. Өз мәртебемді жұмыссыз ретінде белгілеу үшін жұмыспен қамту орталығына бардым. Ондағылар маған еңбек биржасына есепке тұру керектігімді, әйтпесе мен үшін мемлекеттің жарналар аудармайтынын айтты. Енді не істеймін?

- Мұндай жағдайда міндетті медициналық сақтандыруға жарналарды өзіңіз кез келген екінші деңгейлі банктер немесе Қазпошта бөлімшелері арқылы аударуыңызға болады.

Дайындаған Тамара СУХОМЛИНОВА 

7 тамыз 2017, 16:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.