Атырау, 27 қараша 07:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Өзгенің қарызы үшін жауап бермейді

3 929 просмотра

Алаяқ фирмалардың көптеген адал серіктері зардап шеккен Қылмыстық кодекстің «Жалған кәсіпкерлік» бабы жойылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы бойынша өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек ЖАКИЕВ (суретте) хабарлады.

Бұл проблема заңға бағынатын бизнесмендердің бас ауруына, ал кей жағдайларда, оларды ойсыратқан себепке айналған еді. Жалған кәсіпкерлер шот-фактуралар жазып беріп, серіктері оларға ақша аударып отырған. Ал ол ақшалардан ҚҚС төленуі қажет. Алайда алаяқтар мұны жасамаған. Фирманы жалған кәсіпорын деп таныған кезде олардың қарыздары автоматты түрде салық органдарының талаптары бойынша кезінде қажетті соманы аударған адал серіктеріне жүктелген. Осындай істер бойынша талап-арыз мерзімі 5 жыл, осы жылдың ішінде кез келген бизнесменге салық органдары алаяқтардың қарыздарын қосып есептей алады.

2016 жылы «Атамекен» ҰКП-на осы бап бойынша зардап шеккен кәсіпкерлерден 150-ден астам шағым түсті. Атырау облысында тек Жылыой ауданында осындай 22 жағдай тіркелген. Бұл мәселе облыс кәсіпкерлерінің бизнес-омбудсмен Болат ПАЛЫМБЕТОВПЕН кездесу кезінде де көтерілді. Енді  Қылмыстық кодекстің «Жалған кәсіпкерлік» деп аталатын 215-бабы алып тасталды, алайда алаяқтық әрекеттер үшін кодекстің басқа баптарында қылмыстық жауапкершілік қарастырылған: кредитті заңсыз алу (219-бап), салық төлеуден жалтару (245-бап), алдау жолымен мүліктік залал келтіру (195-бап) және т.б.

Өңірлік палата басшысы біздің өңіріміздегі бизнестің өзекті мәселелеріне қатысты ахуалдың қалай өзгергені туралы әңгімеледі. Палата шағымдармен жұмыс жасай бастаған кезде жер қатынастары саласы көш бастап тұрған болса, қазір азаматтық-құқықтық даулар бірінші орынға шыққан. Монополистермен қарым-қатынас - алдын ала төлем алу, тарифтер, желілерге қосу және т.б. мәселелер үшінші орында.

Мәселен, 2014-2015 жылдары Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 3 млн теңге несие алған кәсіпкерлердің көпшілігінің әлі күнге дейін өз нысандарына инфрақұрылым жүргізуге мүмкіндіктері жоқ. Әсіресе бұл аудандарда қатты сезіледі. Адам жұмысын бастамай жатып, өз бизнесін тоқтатуға мәжбүр. Бұдан басқа, монополистер кәсіпкерлерге өте қымбатқа шығатын қосу нүктесін ұсынады. Мәселен, құны 5 млн теңге болатын жылыжай инфрақұрылымын қосуға техникалық шарт бойынша 7 млн-дай қаржы керек.

Тағы бір өте өзекті тақырып – газ үшін алдын ала төлем. Айта кету керек, палата «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен өзара қарым-қатынас мәселелерін (жоғалған пайда үшін төлем, кем алу-артық алу, жазғы кезеңге газ қазандықтарын пломбалау, кәсіби қызмет көрсету) үнемі талқылап отырады. Шілдеде «Атамекен» ҰКК мен «ҚТГА» басшылығы арасында кездесу өтті, алайда мәселе әзірге ашық күйде қалып отыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

2 тамыз 2017, 15:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.