Атырау, 27 қараша 07:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Баклажкалар қайда жөнелтіледі?

5 661 просмотра


Атыраудағы қоқыс алаңдарының жанына арнайы пластикалық қалдықтарды тастайтын торлы жәшіктердің қойылғанына төрт айдан асты. Алайда, көпшілік ол пластик бөтелкелердің қайда жөнелтіліп, одан қандай өнім жасалып жатқанынан бейхабар.

Осы орайда біз қаладағы пластиктерді жинаумен айналысатын жеке кәсіпкерді тауып, жұмыс барысымен танысып білген едік. Қоқыс алаңдарындағы пластик жинайтын торлы жәшіктер «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің меншігіне кірмейді. Бұл бастаманы Атыраудың ерікті жастары қолға алған. Бастамашыл істің басында жүрген кәсіпкер бізге жұмыс барысы мен алдағы жоспарлары жөнінде әңгімелеп берді. 


Әзілхан БАЙБАТЫРОВ

«ЭкоПластик» ЖШС директоры, кәсіпкер Әзілхан БАЙБАТЫРОВ:

- Пластиктерді жинап оларды пайдаға асырсам деген мақсатта өткен жылы «ЭкоПластик» деген атаумен ЖШС ашып қойғанмын. Алғашқы жылы мекеменің тек атауы ғана болды. Бүгінге дейінгі уақытым тәжірибе жинақтаумен өтті. Жұмысымның іске асуына «Жүректен жүрекке» ұсынған мамырдағы жоба түрткі болды. 

Осы жылдың басында Атырау облысы әкімдігі қоршаған ортаның тазалығын сақтау мақсатында халыққа насихат жұмыстарын жүргізуге арналған жобаны өмірге әкелді. Бұл жобаға табиғат жанашыры ретінде мен де қатысқанмын. Алайда, насихат жұмыстарын жүргізумен жеке кәсіпкер айналыса алмайтын болғандықтан бұл жобаны «Жүректен жүрекке» қоғамдық бірлестігі ұтып алып, жұмыстарды жүргізу үшін «ЭкоПластик» және «Альтайр групп» ЖШС мекемесімен меморандуға отырды. Содан жұмыстар мамыр айынан басталып, бүгінге дейін «ЭкоПластик» мекемесі қалаға 35 жәшік және серіктес «Альтайр групп» мекемесі 60 жәшік орнатты. Торлы жәшіктер жыл соңына дейін 200 жерге қойылатын болады. Бізден басқа қалада пластик жинаумен айналысатын тағы бес-алты мекеме бар. Олар қаладағы сауда орындарында, қоғамдық тамақтану орындарында жинаулы тұрған пластиктерді сатып алумен айналысады.

- Сіздер бүгінде қанша пластик жинадыңыздар?

- Химпоселоктен «Атырау Инновейшн» ЖШС-іне қарасты цехтың бір бөлігін жалға алдым. Қазір онда мамыр айынан бастап бүгінге дейін жиналған 6 тоннадай пластик бөтелке бар. Олар арнайы машинамен тығыздалды. Бұдан көп жинауға да болар еді, бірақ оларды жинап алатын техника табу қиын. Көпшілігі көлігін бүлдіргісі келмейді. Жинаулы тұрған пластик шөлмектерді цехқа тасу үшін 15 мың теңгеге ГАЗель жалдаймын. Бірақ, сол жиналған пластикті сатқан жағдайда бағасы сол 15 мың теңгеден әрі аспайды. Жұмыстардың көбі ерікті жастардың көмегімен жүзеге асуда. Кеше ғана «Теңізшевройлдың» «Жарқыра» жобасымен ГАЗель автокөлігін ұтып алдым. Осының алдында облыс әкімінің 2 млн 400 мың теңге грантын ұтып, оған пресс-машина сатып алған едім. Жұмыстар жақын арада нәтиже беруі тиіс. 



- Қазір пластиктер қайда жөнелтілуде?

- Пластиктерден өрнектастар (брусчатка) жасап отандық өнім шығарсам деген мақсатым бар. Дегенмен, бірінші жинағымды пластик шөлмектердің бір келісін (пресстеген кезде 40 баклажка 1 келі салмақ тартады екен. – Н.Н.) 100 теңгеден Ресейге саудалауға келісіп келдім. Өйткені қарамағымда үш айдан бері еңбекақы алмаған жұмысшылар бар.

Байбатыровтың айтуынша, облыста қалдықтарды қайта өңдейтін үлкен жоба қолға алынып, зауыт салынса барлық мәселе шешілгелі тұр.

- Біздің жұмысымыз алға басу үшін тұрғындарға әлі де түсінік жұмысын жүргізу қажет. Біріншіден тұрғындар торлы жәшіктерге тек қана пластик шөлмекті салса дейміз. Көбіне тұрмыстық қалдықтар тастап кету дәйектері кездеседі. Екіншіден қалада контейнерлермен қоса жиналған пластик шөлмектерді ұрлау мәселесі бар. Жақында, жәшіктердің қақпағын бұзып шөлмек ұрлап жатқан жас жігіттерді кездестірдім. Ауылдың жігіттері ішіне шұбат, сүт, айран құйып сатуға шөлмек таба алмай жүргендерін жеткізді. Егер де ол туберкулезбен ауырған адам пайдаланған шөлмек бір-екі жуғанға кетпейтінін, одан ауру тарайтынын жастарға айтып жеткіздім. Түсініп кеткендей болды, - дейді Байбатыров.

Кәсіпкердің айтуынша, пластик жинаумен айналысатын адамға пайданың көзі полигонда жатыр. Ол жақтан жәшіктеп емес КаМАЗбен тасуға болады. Бірақ полигондағы қоқысқа кіруге рұқсат берілмейді.

- Неге?

- Білмеймін.



Мұның себебін «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Самат ТҰРНИЯЗОВТАН сұрап білдік. Тұрниязовтың айтуынша, полигондағы пластиктерді жинаумен 2016 жылдан бері «КокандLTD» ЖШС айналысады.

- Бұған дейін полигонда жиырмаға жуық жеке кәсіпкер жүздеген Қарақалпақстан азаматтарын жалдап, заңсыз жұмыс жасап келген.  Ақырында еңбек қауіпсіздіктері сақталмаған жұмысшыларының бірі техникалардың астында қалып қаза тапқан жағдайлар болған. Жұмысшылардың заңсыз әрекетіне былтырғы жылы полигонға дрон ұшыру кезінде куә болдым. Содан 2016 жылы лицензиясы, техникалары бар заңның барлық талаптарына жауап бере алатын мекемеге тендер жариялап, нәтижесінде «Коканд LTD» ЖШС-мен келісімшартқа отырдық. Олар қазір өз жұмыстарын заңды жүргізіп келеді.

- Мекемеге пайда әкелетін табыс көзін «Арнаулы автобаза» неге жеке кәсіпкерге беріп қойып отыр деген сұрақ туындайды? 

- «Арнаулы автобаза» тұрмыстық қалдықтарды полигонға шығарады. Өзіміз апарған қоқыстың арасынан пластикалық шөлмектерді жинау үшін оған қосымша жұмысшылар мен арнайы техникалар қажет. Алайда, бұл табыс көзін түбегейлі жеке кәсіпкердің иелігіне бердік деген сөз емес. Біз жыл сайын жаңа келісімшарт жасап отырамыз.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

1 тамыз 2017, 18:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.