«АЖ»-ға Атырау тұрғыны Сұлу ҚАМЕДЕНОВА шағымданды. Ол 2009 жылы 28 шілдеде әлеуметтік осал тобы категориясы бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелген. Енді 2017 жылдың 9 наурызында кезектен шығып қалғанын білген.
Сұлудың қолында 2017 жылғы 10 шілде күні Атырау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Амантай Айтбаевтың қолы қойылған жауап-хат бар: «Сіз 28.07.2009 жылы тіркелген мүгедек ретінде халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын осал (әлсіз) топтарына жататын отбасылар тізімінен 2017 жылдың 9 наурыздағы «Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың есебін жүргізу және тұрғын үй кезегінен шығару» жөніндегі сараптама комиссиясының №21 хаттамасымен түсірілгендігіңіз туралы ескерту қағазын алдыңыз. Кезектен түсіру себебі – сізді кезінде тізімге қате тіркеген, ол кезде сіздің мүгедектігіңіз болмаған. Әрі 2005 жылдан бастап қаладағы банктердің бірінде техникалық қызметкер болып жұмыс атқарасыз. Отбасында – 1 адам.
Сіз ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 68-бабында көрсетілген әлеуметтік осал топтағы 11 категорияға жатпайтындықтан тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығарылуға жатасыз».
Заңның 68-бабында көрсетілген 11 категорияға:
1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
1-1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
2) 1 және 2 топтағы мүгедектер;
3) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;
4) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
5) жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
6) кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады;
7) оралмандар;
8) экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
9) көп балалы отбасылар;
10) мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
11) толық емес отбасылар жатады.
- Кезінде ол әкімнің атына өтініш жазып, өтініштің негізінде аз қамтылған отбасы санатына мүгедек ретінде кезекке тұрған. Ал, 2012 жылы 26 маусымда бекітілген «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидалары» туралы №856 қаулының негізінде кезекте тұрғандар әр категорияға бөліне бастады. Осы кезде Сұлу Қамеденованың ешқандай категорияға сай келмейтіні анықталып, біз оны қай санатқа қосатынымызды білген жоқпыз, сондықтан кезектен шығарылды, - дейді қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі Кенжегүл МУСАҒАЛИЕВА. - Сұлу Қамеденованың жолдасы қайтыс болған, балалары жоқ. Ол мүгедек те емес. Қазіргі кезде туған-туысқандарының үйінде уақытша тұрып жатыр.
- Алайда, олардың балалары өсіп, үйленіп, тұрмысқа шығып жатыр. Мен қашанғы біреудің үйінде жүремін? Кезекте тұрмын ғой деп үмітімді үзбей жүр едім. Енді қайтемін? – дейді Сұлу жыламсырап.
- Ол кісі кезекке қайта тұра ала ма? - деп сұрадық біз Мусағалиевадан.
- Заң бойынша ол кезекке тұра алмайды, комиссияның шешімі осындай болды. Ол кісіге жағдайды түсіндіріп айттық. Ол бұл шешіммен келіспесе, сотқа жүгіне алады. Егер сот кезекке қайта қою туралы шешім шығарса, біз қайта тіркейміз.
- Ал, ондай жағдайлар болды ма?
- Болды.
- Қайта тіркегенде оған бұрынғы кезек нөмірі беріле ме?
- Жоқ, кезекке жаңадан тұрады.
Мусағалиеваның айтуынша, әрбір санат бойынша жағдай әртүрлі. Мәселен, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және оларға теңестірілгендер санаты бойынша кезекте ешкім жоқ болса (барлығы баспанамен қамтылған), жетімдер тізімінде 1004 адам тұр. Жоғарыда көрсетілген әлеуметтік осал топқа жататын 11 санаттан бөлек кезекте бюджеттік қызметкерлер және жалғыз тұрғын үйі апатты болып танылған адамдар бар. Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтерлер тапсырылған кезде баспана барлық санаттағы азаматтарға теңбе-тең бөлінеді.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА