Атырау, 27 қараша 07:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Болашақтың энергиясын қалай тапқаным туралы

Сурет
6 022 просмотра


Жылдың ең көп талқыға салынған жобасы – халықаралық «Астана ЭКСПО-2017» жобасы өзінің бір жарым миллион келушісін атап өтті.

 

«МЕГА» МҮДДЕСІ

Билік күш салып, бұл цифрды 3 миллионға дейін жеткізетін шығар. Тіпті, көрме қарсаңында әкетілген бомждардың барлығын әкелсе де, ең тәсілқой деген менеджменттің өзі бұдан артық бере алмайды. Әзірге келушілердің басым бөлігін «отан мүддесі үшін» басшылықтары міндеттеп қойған барлық деңгейдегі бюджет қызметкерлері, сондай-ақ, демеушілер қаржысына барып жатқан оқушылар мен студенттер құрап отыр. Егер демеушілер табылмаса, жергілікті бюджеттен қаржы табады. Көрмеде мұндай меймандар бірден көзге түседі. Олар павильонды топ болып аралап, бір-бірімен қол ұстасып жүреді. Ұйымдастырушылар көз жазып қалмас үшін бастарына бірдей реңді бейсболкалар киіп алады. Жинақы, келісті киінген, сары түсті бейсболкалы мұғалімдер ығы-жығы топтың ішінде: «Владимировна, адасып қалма, осы жерден бірден «Мегага» барамыз!» деп өзара дауыстап жатады. Етжеңді келген Владимировна бұл нұсқауды командаға жеткізеді, әрі қарай топ тізіліп, көрме жанында орналасқан сауда орталығын бетке алады. Өзіне кең пейілмен берілген БЖЗҚ қаржысына Мега Астана салған, Елбасыға жақын жүрген олигарх Нұрлан СМАҒҰЛОВ несиені мерзімінен бұрын өтеуге уәде берді. Шын мәнінде, ЭКСПО ағымының арқасында (көрме билеттері ойын-сауық орталығында сатылады) бұл уәдесін орындауы әбден мүмкін. Көріністер мен сауданың қатар орналасуы провинция меймандарына өте қолайлы болуы да осы тұрғыда ұтып  кетеді. Содан соң меймандар өзінің, отанының алдындағы борышын өтеген соң марқайған көңілмен салтанатты жаңа (6 қабатты) «Нұрлы жол» вокзалына немесе «Нұрсұлтан Назарбаев» әуежайының кеңейтілген жаңа терминалына аттанады.



ПІЛ СҮЙЕГІ ПАВИЛЬОНЫ

Көрме кешенінің өзі шынымен де таң қалдырады. Ол жердегінің бәрі ғаламат, салтанатты көрінеді.  Жалпы алғанда, Тарковскийдің фильмдерін еске түсіреді: әуезді музыка ойнаған байтақ алаңдардан созылып жатқан алып павильондарды көруге болады. Мұнда әрбір қатысушы елдердің атаулары белгіленген. Жапония, Үндістан, Ресей, АҚШ, Қытай, Корея, Сауд Арабиясы... Иран мен Түрікменстан, Иордания, Африка... Осы жерде ішімде «Тоқта, бұл елдердің де болашақтағы инновация туралы айтары бар ма?» деген бір ой жалт етті. Мұнай эмбаргосынан 30 жылдан кейін флешкаға технологиялық прогрестің ғажайыбы ретінде қарайтын Иран ба? Елінің басым бөлігі ондаған жылдар бойына гуманитарлық катастрофа жағдайынан шыға алмай отырған Қара құрлық па? Еріксіз «Африка Плаза» жаққа қарай адымдадым. Ол жерде жәрмеңке бар екен: ондаған дүңгіршектердің әрқайсысында әр ел орналасқан: Кения, Зимбабве, Ботсвана, Йемен, Уганда ... Қолтырауын, мүйізтұмсық терілерінен тігілген сөмкелер, піл сүйегінен жасалған тарақтар, алқа, білезіктер... Иордания павильоны өзінің мәдени және тарихи інжуі Петраны көрсете білген. Қызғылт қатпарлы қабырғалар, бағаналар, алтын құмдар. Бәлкім, менің қиялым жетіспеген шығар, бірақ маған бұл инновацияға қарағанда туризмге көбірек ұқсайтындай көрінді.


 

ЕҢ КЕРЕМЕТІ

Өзбектер жақсы жағынан таң қалдырды. Олар күн аккумуляторымен жүретін машинаны ұсыныпты. Мұндай көліктер, олардың сендіруінше, 2025 жылы өндіріске түседі екен. Біз секілді шикізат экономикасының ауыртпалығын көтеріп жүрген Әзірбайжан болашақтағы энергия мәселесін бізден бұрын ойластырғанға ұқсайды. Қазірдің өзінде, Әзірбайжанда барлық энергия көзінің 13%-ы жаңартылатын қуат көздері есебінен өндіріледі. Үндістер күн энергетикасы бойынша әлемдегі ең алғашқы әуежайды таныстыруда. Алайда, ол болашақтағы жоба емес, Керала штатындағы әуежай 2014 жылдан бастап жолаушыларды қабылдайды. Жапония да баламалы энергетика – сутегіні жаппай қолданып келеді. Яғни, бүгінде, жапондық көліктер шын мәнінде сумен жүреді. Ал мұндай қозғалтқыштардың саны ол жақта жылдан жылға артып келеді. Жапон павильоны – осы елдің жанкүйерлері үшін must see. Ол жерде қызыл-көк-ақ киім киген еріктілер қолдарын кеуделеріне сыпайы қойып, иіліп тағзым ете: «аригато» дейді, бірақ бұл жұмсақтыққа алдарқанбаңыз - сіз дайындалған бүкіл роликтерді көрмейінше, павильоннан шыға алмайсыз. Роликтер әсерлі. Бес минутқа шыдауыңызға болады.

Ең кереметі - Ватикан павильоны. Иә, елестетіп көріңіз. Католик шіркеуі энергияны ысыраппен пайдаланудың теріс салдары мен

Ғаламның жаратылысы туралы әңгімелейді. Шіркеу нұсқасы жаһандық нұсқаға саяды.

 

БІЗДІҢ ШАР


Павильондардың негізгі бөлігі бос тұр. Израиль, АҚШ, Оңтүстік Корея мен Германияға ұзын-сонар кезек тұр. Бірақ ең ұзын кезек Қазақстан павильонында. Онда қазақстандық инновацияға құмартқан  шетелдіктер болмаса да, бәрібір көңілді жылытады екен.

Мен де Астананың шыжыған күніне қарамастан кезекке тұрдым. 40 минуттан соң шарға, дәлірек айтқанда, 8 қатарлы шыны сфераға кірдік. Сыртқы келбеті де, ішкі көрінісі де шебер сәулет туындысы екен. Әр қатар энергияның белгілі бір түрін - кинетикалық, су, жел, биоотын қуатын білдіреді... Ішіндегілердің бәрі әдемі, үлкен дизайнерлік жұмыс жасалғаны көрініп тұр. Жалтыраған жеделсатылар, су ағындарынан жасалған орнатымдар, желге «билеген» жібек кесінділері, шыны сүрлеу, Күн мен Жерді білдіретін нысандар. Бірақ бұл жердегі инновация қайда, жетістік қайда, баламалы энергетика жобалары қайда?! Көптеген павильондар үшін ортақ тренд - біздің климатымызға және жер ресурстарына жарамды  биоотын технологиясын әзірлеу. Бұл тропикалық климаты бар елдер ұсынған карта.

Бірақ, олар да – мұның әзірге өте қымбат технология екенін, шикізаттың да қалағанымыздай тез жаңартылмайтынын мойындайды. Тағы да сол, осындай жолмен энергияны өндіргенде топырақтың бүлінетіндігі, эрозияға ұшырайтыны, топырақтың азуы орын алатыны сөзсіз. Тағы да, жер шарындағы су тапшылығы жүгеріден алынатын бензинге қарағанда бізге көбірек қауіп төндіреді. Бірақ біздің қатысымыз бар британдық компаниялар оптимизмдерін жоғалтар емес.

 

КӨКТЕ САМҒАУ


«Эйр Астана» АҚ павильонында байырғы қазақ сұлулығы бойына тұнған ерікті Жұлдызай ЖҰМАГЕЛДИНА қазір ұшақтары қоршаған ортаны аз ластау үшін №1 әуе тасымалдаушының қандай шара алып жатқанын әңгімеледі.

– Біздің ұшақтың қанаттары арнайы шарклеттермен жабдықталған. Егер сіз байқасаңыз, құс қарқындап шарықтаған кезде қанаттарының ұштарын ашып, сүйірлейді. Ұшақ та солай: ол әуелеп самғаған кезде, отын аз шығындалады, демек, қоршаған орта да аз ластанады. Бүгінгі таңда біздің авиапаркте дюралюминий ұшақтар бар, олар өте жеңіл және отынды 2%-ға үнемдейді. Бірақ болашақта анағұрлым жеңіл композиттік материалдарды пайдалану жоспарланып отыр, ұшақтардың салмағы аз болған сайын, отын шығындары мен қоршаған ортаға залал аз болады. Ал жақын арада, біздің ұшақтармыз, мәселен, балдырлардан алынған отынмен ұшуы мүмкін, - деп топшылады Жұлдызай.

 

БОЛАШАҚ ЭНЕРГИЯСЫ

Жалпы, менің субъективті пікірімше, бұл көрмедегі үздіктер – еріктілер. Біздің қыздар мен жігіттер қайран қалдырды - олар тақырыптық материалды жақсы меңгерген, өте жылы шырайлы, күлімсіреп тұрады, көпшілігі ағылшын тілінде тамаша сөйлейді. Меніңше, Қазақстанның болашақтағы энергиясы осылар.

Алайда, бұл ЭКСПО-ға кірген әрбір қазақстандықтың көкейіндегі риторикалық сұраққа жауап емес. Қазір «банкет кімнің есебінен болып жатыр?» деген сұрақ жабылған болса (түрлі мәліметтер бойынша, Ұлттық қордан, республикалық бюджеттен және зейнетақы қорынан 1,5 млрд-тан 3 млрд долларға дейінгі қаражатпен қош айтыстық), бірақ мен жаңартылған санамен Бунша секілді: көрме аяқталғаннан кейін алып кешенді ұстап тұру бізге қаншаға шығатынын білгім келеді. Астананың бюджеті резіңке емес, бастысы, оның кіріс бөлігі сіз бен бізді қаржымыздан қалыптасады ғой. Бұл сома да өте қомақты болады деп жорамалдаймын.

Ал әлі күнге дейін жергілікті ЖЭО мен жеке тұрғын үйлер көмір пайдаланады, астанаға газ құбырын әлі тартар емес (шамасы, шахта иелерінің мүдделерін қолдау үшін шығар). Суық күз түскенде ол түтін мен ысқа оранатын болады ...

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

«АЖ»-ның арнайы тілшісі

Атырау-Астана-Атырау

Cуретті түсірген автор

29 шілде 2017, 18:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.