Атырау, 27 қараша 07:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Төбелерден су ақты

3 606 просмотра


Балықшыдағы А.Байжігітова көшесі №84 үйдің 34 тұрғыны редакцияға жолдаған хатында терможаңғырту жұмыстарын 42 миллион 700 мың теңгеге не үшін жүргізгенін түсінбей отыр.



Біз оқиға орнына барып, мән-жайды біліп қайттық.

Танзила ДОСҚАЛИЕВА №84 үйдің 44-ші пәтерінде (бесінші қабат) 1986 жылдан бері тұрады. Ол осы жылдар бойына толассыз жаңбыр, бұршақтап қар жауса да төбемізден тамшы кетіп көрмеп еді, деп отыр. Барлық мәселе былтыр күрделі жөндеу жүргізгеннен кейін басталыпты.



- Бұл пәтерді біз жолдасымыз екеумізге зауытта жұмыс жасап жүрген кезде беріп еді. Содан отыз жылға жуық уақыт өткен соң бағдарлама бойынша несие төлесек те үйіміздің сәні кірсін, ескіргенін жаңартайық деп көршілер болып терможаңғырту жұмысын жүргізуге келісім бердік. Күрделі жөндеуден кейін  төбемізден су кетті. Жаңбыр жауса шелек ұстап бөлмеден бөлмеге жүгіріп жүргенімізге екі жылға жуық уақыт болды, - дейді Досқалиева.

Мәселенің қалай басталғанын терможаңғырту жұмыстары кезінде тұрғындар атынан төраға болып тағайындалған Құрманбике ҚАБДЫҒАЛИЕВА тарқатып жеткізді.

- Жақсы жақтары да бар. Мысалы қазір жертөлеге жалаң аяқ кіріп шығуға болады. Бұрынғы есік алды толы шөптер мен кәріз сулары алынып, қазір оның орнына балалар ойнайтын футбол алаңы салынуда. Мәселе үйлердің ішкі бетінде болып тұр. Өмірі су кетпеген тұрғындардың шатырынан тамшы ағып, мүлкі бүлініп жатыр. Тұрғындар атынан төраға қылып сайлағасын көпшілігіне терможаңғырту жүргізейік деп үгіттеген де өзім едім. Бұлай болады деп ойламадым, - дейді Қабдығалиева.



Үйді күрделі жөндеу үшін тұрғындармен және тапсырыс беруші «Қаладағы үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС және «Асланбек» ПИК арқылы 142 миллион 700 мың теңгеге үш жақты келісімшарт жасалған. Жалпы соманы 75 тұрғынға бөлгенде 550 мың теңгеден келеді. Тұрғындар несиені «Цеснабанк» арқылы 10 жылға бөліп төлейтін болып келісіп, жұмыстар мамыр айында бастаған. Тұрғындардың айтуларынша, құрылыстың орта жеріне келгенде мердігер мекеме атауын «ҚұрылысТаймКонтракт» ЖШС біраздан кейін түбегейлі жоқ болып кеткен.

- Біз жұмыстар толықтай бітпеген соң қайта келіп жасайды деп жүрдік. Өйткені, дәліздеріміз бен жертөледегі құбырлардың әлі жөндеуі аяқталмаған болатын. Балконнан жаңбыр кетіп, үйіміз ылғалданып тұрды. Жылу сақтау үшін үйдің оң жақ сыртқы қабырғасына жабыстырған қалтқылары желден құлап қалды, - дейді №84 үй тұрғындардың бірі.     



№84 үйдің өкілдері облыстық энергетика және ТКШ басқармасында болып, сол жерде комиссияның оларға ескертпестен бітпеген үйді былтыр 28 қыркүйекте қабылдап қойғанын білген. Содан кейін тұрғындардың талап етуімен мердігер мекеме құрылыс басына қайта келді. Жөндеу жүргізушілер жертөледегі ескі қалдықтарды шығарып, үйдің оң жақ қабырғасын қайта жөндеп ретке  келтірген. Алайда, ол жұмыстардан кейін де шатырдан су кету тыйылмапты.

- Биылғы жылдың 2 мамырында облыстық ТКШ басқармасының қазіргі бастығы Жұмабай ҚАРАҒАЕВҚА, 5 мамыр күні облыс әкімінің сол кездегі бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВҚА барып, қабылдауында болдық. Ертесі күні үйге комиссия келіп жағдаймен танысты. Соның нәтижесінде мердігер мекеме ТКШ басқармасына 16 мамырдан кейін 20 жұмыс күннің ішінде бәрін аяқтап беретінін айтып жауап берген. Ол хаттың да екінші нұсқасы біздің қолымызда. Бірақ екі ай өтсе де «ҚұрылысТаймКонтракт» төбе көрсетпеді, - дейді Қабдығалиева.

- Балықшыдағы №84 үйдің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, - деп есептейді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрғайса ШАХМЕТОВ. -  «ҚұрылысТаймКонтракт» ЖШС бұл үйге мердігер бір емес бірнеше рет барып жөндеу жасады. Жақында тағы барып суағарын жөндеді. Бірақ, бұл жобалық-сметалық құжаттарыгда қаралмаған. Ал енді олар Балықшыдағы №17 үйдің терможаңғыртуымен айналысуда, жұмысты осы жылдың аяғына дейін бітіру жоспарланып отыр. 

Ал «ҚұрылысТаймКонтракт» ЖШС директоры Сержан АЙТЖАНОВ былай дейді:

- №84 үйдің күрделі жөндеу жұмыстары уақытында аяқталды. Тұрғындардың өтініші бойынша жаңбыр балконға кетпес үшін былтыр суағарлар қондырып бердім. Бірақ, бұл жұқа қаңылтырлар былтыр қыстағы қарды көтере алмай тағы да пайдаға жарамай қалған. Оған биыл тағы ЖШС қаратаны есебінен 500 мың теңге бөліп, оларды жөндеттім. Негізі оны жасау міндетімізге кірмейді. Байқасаңыз, №84 үйдің шатыры балкондарды жаппайды. Ол үшін кезінде балконға да қосымша смета жасау керек еді.

№84 үйдің тек үштен бір бөлігі ғана несиелерін банкке төлеп отыр, қалғандары шатыр мәселесі шешілмейінше төлем жүргізуден бас тартқан.   

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

26 шілде 2017, 16:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.