Қазір балалар арасында кең тараған спиннер ойыншығы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
Пікірлер екіге жарылды. Кейбіреулер спиннер әсіресе зейін жетіспеушілігі мен гипербелсенділік синдромымен және аутизмммен ауыратын балалар үшін пайдалы дейді. Басқалары бұл ойыншық тыныштандыруға, өзгеге көңілін аудару үшін қолданылады деп отыр.
- Басқа ойыншықтар секілді спиннердің де баланың мінез-құлқының қалыптасуына тигізетін жақсы және жаман жақтары бар. Сондықтан ата-аналар балаға бұл сәнді ойыншықты сатып алып бергенде оның қандай пайда беретінін бақылау керек, - дейді атыраулық психолог Нелли КУЛИКОВСКИХ. - Бірақ оны сабақ кезінде мүлде қолдануға болмайды, бұл баланың зейінінін ұрлап, білім алуына кедергі жасайды.
Атырауда спиннердің қазір сауда орындарында Қазақстанның туы, ЭКСПО логотипі, ұлы жүз, кіші жүз деп жазылған түрлері де сатылымға шықты.
- Бағасы 350 теңгеден 3000 теңгеге дейін жетеді, - дейді «Дина» базарында спиннерлер сатып тұрған жігіт. - Сонымен бірге 3000 теңгенің спиннерін қолда айналдырғанда әр түрлі жарықтар жанып, тіпті одан музыка тыңдауға да болады. Оны samsung-ке арналған мынандай ұялы телефонның зарядкасымен қуаттандырады. Қалай қолдану керектігін балаларға апарып берсең өздері сықитады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ:
Спиннер (spinner ағылш.) – көңіл көтеруге арналған айналмалы ойыншық. Спиннердің ортасында металл немесе керамикалық тірек бар. Ойыншықтың сырты тегіс, үш күлтелі және екі күлтелі болып келеді. Тіректердің материалы мен дизайны спиннерлердің айналым жасау ұзақтығына әсер етеді. Спиннер 90-жылдары ойлап табылған. Бірақ, тек 2017 жылы ғана танымалдылыққа ие болды. Оқушылар арасында кеңінен тарады. Нәтижесінде сабақта балалардың көңілі бөлінеді деген себеппен АҚШ-тағы бірнеше мектепте оқушыларға спиннерді әкелуге тыйым салынған.