Атырау, 27 қараша 07:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жатжерліктер

5 166 просмотра

Қарақалпақстан тумасы Паруаз МНАЖАТДИНОВАНЫҢ Атыраудағы хикаясы аяқталды. Ол отанына оралды.

ПАРУАЗ ҮЙІНЕ ЖЕТТІ

Естеріңізге салсақ, 27 маусымда кешкісін қантала, көкала болып соққыға жығылған Паруаз Мнажатдинова жедел жәрдем бригадасымен облыстық ауруханаға жеткізілді. Палаталас көршілеріне ол Ақтауға күйеуіне бара жатқанын, бірақ жол бойында бейтаныс адамдардың жақсы жұмысқа орналастыруға уәде беріп, Атыраудан түсіп қалуға көндіргенін, бірақ оның орнына төлқұжаты мен телефонын алып қойып, әлдебір кафенің асүйінде тегін жұмыс жасауға мәжбүрлегенін, ал түнде жертөлеге қамап тастағанын баяндады. Әйел қашуға бекінгенде оны ұстап алып, соққыға жыққан. Соның салдарынан бала кезден ауыратын қояншық ұстамасы басталған. Әлгілер қорқып кетіп, оны көшеге лақтырып тастапты.

«АЖ» жарияланымынан кейін Мнажатдинованың ісін полиция ақыры қолға алып, ҚР ҚК-нің 126-бабы («Бас бостандығынан заңсыз айыру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып, кешікпей оның төлқұжаты табылды. Қарақалпақ ұлттық мәдени орталығы «Еділ-Жайық» ҚБ төрағасының орынбасары Жеткербай ПИШЕНБАЕВ та үн қосып, Паруазға жан-жақты қолдау көрсетті. Қалалық билік өз кезегінде әлеуметтік бейімдеу орталығынан орын ұсынуға дайын екендігін хабарлады.

Ал 19 шілдеде Паруаз Мнажатдинова көші-қон полициясынан өз төлқұжатын және тіркелмегендіктен Қазақстан аумағынан үш тәулік ішінде кету жөніндегі ұйғарымды алды. Келесі күні ол Атыраудан кетіп қалды, бізге хабарлағандай, ата-анасы күтіп отырған үйіне аман-есен жетіпті.

«Бас бостандығынан заңсыз айыру» бабы бойынша қылмыстық іске келер болсақ, бұл істің келешегі бұлыңғыр болатынға ұқсайды. Атырау облыстық ІІД-де бұл туралы еш комментарий бермеді. Бүгінгі күнгі бұл хикаяның басты қорытындысы – енді бұл әйел қауіпсіз жерде.

МИГРАНТҚА КІМ КӨМЕКТЕСЕДІ?

Бұл оқиға 30 шілдеде атап өтілетін Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні қарсаңында орын алды. Атырауда Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) ресми өкілі болып табылатын «Мега Полис» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейтінін білетіндер бірен-саран. Мен «Мега Полис» ҚБ атқарушы директоры Елена ГАЙГОРОДОВАҒА бірнеше сұрақ қойдым.

- Отанынан жырақта жүрген еңбек мигранттары қиын жағдайларға жиі ұшырайды, - дейді Е.Гайгородова. – Олар туралы көбінесе туыстары дабыл қағып, ХКҰ-ның өкіл ұйымына жүгінеді. Өйткені мигрант тіпті кімге жүгінерін білмейді. Біреуінің тіркеу уақыты өтіп кеткен, біреулер әлдебір себептермен төлқұжатынан айырылған... Ал полицияға баруға қорқады.

- Неліктен? Үйіне оралу мүмкіндігі негізгі мақсаты емес пе?

- Айталық, егер еңбек мигранты тіркеу уақытын өткізіп алса, ол біздің заңды бұзған болып шығады. Бұл жағдайда жазасы – елден шығарылып, төлқұжатына бес жыл бойына бұл жерге келуге тыйым салатын мөр соғылады. Көпшілігі осыдан қатты қорқады, өйткені Қазақстанға табыс табуға келеді. Сондықтан да мұндай мүмкіндікті жіберіп алғысы келмейді.

- Сіздің тәжірибеңізде адамдар саудасына қатысы оқиғалар болды ма?

- Екі жыл бұрын Өзбекстаннан ақпарат келіп түсті. Бір әйел сол жақтағы ХКҰ өкілдеріне күйеуі мен екі ұлының бізде Атырау облысының Миялы ауылында еңбек құлдығында жүргенін хабарлапты. Олар қашып кетуге әрекеттенген, қожайын оларға оқ атып, ұлдарының біреуін жаралапты. Әрине, мұндай дабылдар бойынша мен бірден құқыққорғау органдарына хабарлаймын. Біз сол жерге бардық, осы факті бойынша іс қозғалды. Алайда ер адамдарға жұмыс берген адамның оларға ақша төлегені, ол туралы қолхаттары бар екені анықталды. Сол кезде үшеуін де үйлеріне жіберуге қол жеткіздік.

4 жыл бұрын мынадай жағдай болды. Қарақалпақ жігіт жергілікті әйелге үйленеді. Ол содан соң қайтыс болған, ал оның қызы өгей шешесімен бірге қалады. Әйел қыздың төлқұжатын тартып алып, оны коммерциялық секс саласында пайдалана бастаған. ХКҰ-мен және құқыққорғау органдарымен бірге бұл қызға уақытша сертификат жасалып, ол отанына оралды.

Өткен жылы Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлеріне Атырауда сексуалдық құлдықта жүрген алты қыз туралы ақпарат түскен. Бұл қыздарды қаладағы медициналық мекемелердің біріне тексеруге алып келген кезде күдіктілер ұсталды.

Бірақ барлық жағдайда дерлік адамдар саудасын дәлелдеу өте қиын екенін атап өткім келеді. Отанындағы туыстары осы жердегі бір жерлерде құлдықта жүргендер туралы хабар береді, біз құқыққорғау органдарын аяқтарынан тік тұрғызамыз, тексереміз. Ал құлдықта жүр деген адамдар айналып келгенде арыз жазудан бас тартады. Немесе жауап береді, бірақ кейіннен ол жауаптарынан бас тартып жатады. Сондықтан көп жағдайда мұндай мигранттарды үйлеріне жібереді.

- Сіздер еңбек мигранттары өз құқықтарын білу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізесіздер ме?

- Иә, әрине. Бізге көп қолдау көрсететін құқыққорғау органдарымен бірге жүргіземіз. Мәселен, соңғы екі жылда біз облыста ауыл шаруашылығы жерлерін аралар жүрміз. Егістіктерде жұмыс жасайтын адамдармен кездесеміз. Көп жағдайларда олардың жұмыс берушілеріне қоятын талаптары жоқ, құжаттары реттеулі. Сондай-ақ, базардағы мигранттармен кездесеміз, ақпараттық бюллетендер таратамыз.

- Егер еңбек мигранты қиын жағдайға тап болса, қайда жүгінгені жөн?

- Тікелей маған 7 771 341 45 68 телефонына хабарласа алады. Сондай-ақ, өз елдеріндегі ХКҰ өкілдігіне жүгіне алады, олар кейін бізге шығады. Бұл жолға қойылған механизм.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

26 шілде 2017, 12:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.