Атырау, 27 қараша 07:29
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Тұзды көлге бардың ба?

Сурет
7 202 просмотра


Күннің ыссылығы 43 градус болып тұр. Біз Индербор кентінен карьерге қарай бағыт алып келеміз. Грейдерден кейін қара жол басталады. Ешқандай белгі болмағандықтан адасып кетуің оңай. Ал иесіз жатқан карьерлерге жазда келушілер көп. Және олар тек жергілікті тұрғындар ғана емес.

Кезінде борат кені өндірілген бірнеше карьерлердің орнында тұзды көлшіктер пайда болған. Оның суы шипалы саналады. Адамдар неге екені белгісіз, №100 карьерді таңдаған (кеңес уақытында ол солай аталған болатын).

Карьердегі су өте тұзды. Мұнда батып кетпейсің, тіпті батқың келгеннің өзінде сені су бетіне алып шығады.  

- Өткен жылы осы уақытта біз де осында келіп суға түсіп кеткенбіз. Бұл судың емдік қасиеті бар дейді. Шынымен де бірнеше рет шомылғаннан кейін кәдімгідей жеңілдеп қаласың, - дейді Махамбет ауданынан келген жастардың бірі. Бұл суға түсу қаншалықты пайдалы (ал мүмкін зиян да шығар?) екені белгісіз. Карьер иесіз жатыр, және онда ешқандай зерттеулер жүргізілген жоқ.



№100 карьерден он шақырым жерде тұз көлі бар. Онда жанына дауа, денсаулығына шипа іздеген көпшілік ағылып жатыр. Олардың арасында тек атыраулықтар ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен, тіпті Ресейден келгендер де бар. Көпшілігі мұнда палатка құрып екі, үш күн осында тұрады.

- Мұнда тамағымызды, суымызды, бар керек-жарағымызды көтеріп келдік. Мүмкін шипасы тиер деп екінші күн қонып жатырмыз, - дейді Атырау тұрғындары (суретте).


Тұз көлінің жағасы қазан шұңқырларға толы. Адамдар балшыққа белшесінен түсіп, 15-20 минуттай отырып, сосын  жып-жылы көл  мен мұздай бұлақ суына шомылады. Мұның бәрін олар өздері ойлап тапқан, ешқандай медициналық көрсетілім жоқ.

- Осыншама көп адамның келіп жатқанына қарамастан әлі күнге дейін бұл жерге қандайма бір инфрақұрылым жүргізетін бірде-бір бизнесменнің табылмауы қисынсыз, - дейді Атырау тұрғыны Гүлнар ХАЙЫРЛИЕВА.

...Сонымен бірге мұнда «Қыз әулие» деген атауға ие жер бар. Онда бұлақ ағып жатыр. Көбіне бұған ұзақ уақыт бала көтермеген әйедер сыйынып, тәу етеді.    


Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор 

25 шілде 2017, 12:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.