Атырау, 27 қараша 07:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Ақ бұлақ»: Индер ауданы

Сурет
7 337 просмотра


Индер ауданында «Ақ бұлақ» бағдарламасы аяғына дейін жүзеге асқан жоқ, сол себепті ауыз су мәселесі мұнда әлі де өзекті.

Ауыз су Өрлік, Бөдене, Есбол ауылдарында сағаттап берілуде.



- Есболда ауыз су тәулігіне екі мезгіл, яғни 400 текше метр беріліп тұр, - дейді «Есбосынов» ШҚ жетекшісі Рашид ЕСБОСЫНОВ. -  Бұл жылдың үш мезгілінде су жетпестігін болдырмайтын. Ал жаз басталғалы бұл су көлемі күніге 4 сағатқа ғана жетуде. Бұл қатты ыстықта 2 сағаттан аспайды. Басқа ауылдарға қарағанда мұнда су бағасы өте төмен. Мәселен, 2014 жылы бір текше метр су 93,80 теңге болса, оның 30 теңгесін тұтынушылардың өздері төлейді, ал қалғаны мемлекеттік субсидия есебінен жабылып отырды. Ауылда жазғы ауыз су құбырының жоқтығынан бұл арзан суды тұрғындар суару үшін де пайдалануда.  

Өрлікте бір текше метр су – 270 теңге, Көктоғайда - 250,64, Жарсуатта - 278, Бөденеде 345 теңге тұрады.



- Өткен айда мен суға бес мың теңге төледім. Келесі айда бұл екі есе қымбат болуы мүмкін, себебі аптап ыстықта суды көп пайдаланған болатынбыз. Сондықтан тарифті төмендетсе, бізге жеңілірек болар еді, - дейді Өрлік ауылының тұрғыны Жолдасқали НҰРСҰЛТАНОВ (суретте).  



Бөдене ауылының тұрғындары да көршілері секілді ауыз су тарифі төмендетілсе дейді.  

- Тек су үшін мен ай сайын 10 мың теңге төлеп отырмын. Басқа да көтерер шығындары бар біздің көпбалалы отбасымыз үшін бұл қиындау болып жатыр, - дейді Бөдене ауылының тұрғыны Бағила.

Қазіргі су тарифі де сумен қамтушы мекемелердің мәселесін шешіп отырған жоқ екен.



Көктоғай ауылындағы су тазарту қондырғысын сенімгерлік басқаруға алған «Ерлан» ЖК жетекшісі Қайыржан ЕСМҰХАНОВТЫҢ айтуынша, су сапасын тексеретін лабороторияны құрал-жабдықпен толық қамтамасыз ету үшін 1 млн теңгеден астам қаржы керек. Оған қоса химиялық реагенттер сатып алуға жұмсалатын ай сайынғы шығын бар. 25 кг коагулянт 25 мың теңге тұрады, ал мұндайдың айына 100 кг қажет.

- Қазір ауыл тұрғындарын сумен қамтушы мекемелер мемлекеттік субсидия алу үшін қажетті құжаттарын тапсырды. Құжаттар мақұлданғаннан кейін бекітілген су тарифі тұрғындар үшін төмендетіледі, - дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Абзал РАМАЗАНОВ.

Өткен жылдан бастап барлық ауылдарда жазғы су құбырын төсеу жұмыстары жүргізлуде. Бұған бюджеттен қаржы бөлінген. Жарсуат, Өрлік ауылдарында жазғы су құбырлары пайдалануға беруге дайын, енді балансқа беру мәселесі шешілуде. Қалған ауылдарда жұмыстар тамыз аяғының аяғында аяқталмақшы.



СУ ЖАҚЫН КҮНДЕРІ БЕРІЛІП ҚАЛАР

Құрылыс, Ынтымақ, Аққала ауылдарының тұрғындарының ауыз судың үздіксіз берілуін күткеніне биыл тоғызыншы жыл. Осы жылдар ішінде үш мердігер ауысқан, бұл жұмыс сапасына кері әсер етті. Үш елді мекендегі су тазарту қондырғысының құрылысы 2016 жылы толық аяқталды. Бұған бюджеттен  516 млн теңге жұмсалды. Осы жылдың басында аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ наурыз айының соңында техникалық құжаттар жасақталып, округ әкімдерінің балансына беріледі деген болатын. Содан бері үш ай өтсе де балансқа әлі берілмеген болып шықты.

- Су тазарту қондырғысының құрылысы 2008 жылдан бастап жүрді. Сол кездердегі құдықтар балшықпен, басқа да тұрғындардың тастаған қоқыстарымен бітеліп қалған болатын. Қазір соны тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Мен 20 күннің ішінде басқарушы компания анықталып, біз ауылдарды сумен қамтамыз етуді бастап кетеміз деп ойламын, - дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысы міндетін атқарушы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

24 шілде 2017, 16:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.