ОПЕК елдерінің мұнай өндірісі шілде айында тәулігіне 145 мың баррельге дейін ұлғаюы мүмкін. Ал бұл ұйым елдерінің шикізат көлемін азайту келісіміне бейжай қарайтынын көрсетеді. Мұндай пікірді Petro-Logistics консалтингтік компаниясы келтіріп отыр.
Мұнай экспорттаушы елдер 2018 жылдың наурыз айына дейін шикізат өндірісін тәулігіне шамамен 1,2 млн баррельге дейін қысқарту туралы шешімге келген еді. Келісімді ОПЕК және оған мүше емес елдер қолдаған болатын. Алайда компанияның мәліметінше, бірнеше аптадан бері мұнай өндірісі айтарлықтай артқан. Әсіресе өндіріс көлемінің артуы Ливия мен Нигерияда байқалып отыр. Себебі бұл елдер шикізат өндірісін қысқарту келісімінен босатылған.
Сонымен Petro-Logistics директоры Дэниел Гербердің болжамы бойынша, ОПЕК елдерінің өндірісі шілде айында тәулігіне 145 мың баррельге дейін артып, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб әмірлігі және Нигериядағы шикізат көлемінің көбеюіне байланысты тәулігіне 33 млн баррельге жетуі мүмкін.
Айта кетейік, маусым айында ОПЕК-тің қара алтын өндірісі тәулігіне 393 мың баррельге артып, 32,611 млн баррельді құраған. Енді осы көрсеткішке мән берсек, ОПЕК-тің келісімі 2018 жылдың наурызына дейін маңызын жоғалтуы мүмкін. Тіпті Қазақстанның өзі 2017 жылдың қаңтар-мамыр айында мұнай экспортынан 10,5 млрд доллар табыс тапты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 43,9 пайызға жоғары болған.
Дереккөз: qazaqtimes.com