11-17 шілде аралығында Түркия мемлекеті былтыр 15 шілдеде іске аспай қалған әскери төңкерістің бір жылдығын атап өтті. Осыған орай елде әр түрлі іс-шаралар өткізіліп, Түркия Республикасы премьер-министрінің аппараты жанындағы Баспасөз және ақпарат бас басқармасы шетелдік журналистер үшін пресс-тур ұйымдастырды. Оған әлемнің 52 мемлекетінен келген 350 БАҚ өкілі қатысты. Ал Қазақстаннан барған 11 журналистің арасында «Ақ Жайық» газетінің тілшісі де болды.
ТАНКТЕРГЕ ҚАРСЫ ШЫҚТЫ
Мен Анкараға Атырау-Ақтау-Стамбұл-Анкара бағыты арқылы 14 шілде күні жеттім. Сол күні премьер-министр жанындағы Баспасөз және ақпарат бас басқармасында «Әділет және даму» басқарушы партиясы төрағасының орынбасары Махир УНАЛ журналистермен кездесті. Ол өз сөзінде төңкеріс әрекеті танктерге қарсы шыққан қарапайым халықтың арқасында тоқтатылғандығын атап өтті. Сол оқиға кезінде құрбан болғандар бар. Басқарманың залында осы жайттарды баяндайтын «15 шілдедегі оқиғалар фотографтардың көзімен» тақырыбымен фототілшілердің көрмесі ұйымдастырылды. Көрме былтыр өзінің кәсіби міндетін атқару кезінде қаза тапқан фототілші Мұстафа ЖАНБАЗДЫҢ құрметіне арналған. Айтпақшы, үлкен танкті тоқтатпақ болып, дөңгелегінің астына түспек болған бейбіт тұрғынның атақты суреті секілді басқа да суреттер ілінген көрме Стамбұл мен Анкара әуежайларында да жұмыс істеп тұр.
Бұл оқиғаны Түркия бүкіл бір ел болып еске алуда. Анкара көшелерінен де былтыр «15 шілдеде болған оқиғаны ұмытпаймыз» деген жазулары бар плакаттар ілінген. Кейбір зәулім ғимараттар мен үлкен автобустардың сыртында президент Режеп Тайып ЕРДОҒАННЫҢ 15 шілдені еске алуға шақыратын суреттері ілінген.
ТӨРТ ҰЙЫММЕН КҮРЕС
Махир Уналға қайта келсек, ол журналистердің елде төтенше жағдай мерзімінің әлі күнге дейін созылуы не себеп деген сұрағына қазір төрт террористік ұйыммен күресіп жатыр деп жауап берді.
- Бұл Фетхуллах Гүленнің террористік ұйымынан бөлек (ФЕТО), «Ислам мемлекеті», Күрді жұмысшы париясы және Сириядағы күрд жасақтары.
Сол секілді елде журналистер мен ФЕТО ұйымының мүшелерін қамауға алу туралы сұраққа ол былай деп жауап берді:
- Олар террористік ұйымды насихаттап, оның мүддесіне орай жалған ақпарат таратты. Бұл журналистер емес, өздерін журналистпіз деп жүргендер. Ал жалпы біз сөз бостандығы принциптеріне сыйластықпен қараймыз.
Түстен кейін осы басқарманың ғимаратында журналистермен Түркияның премьер-министрі Нуман КУРТУЛМУШ кездесті.
Ол да журналистерге ФЕТО ұйымының мүшелері қамауға алынып, қазір сот процесі басталғанын айтты.
- Бәрі де заң аясында және ашық түрде жүргізіліп жатыр, - деді ол.
Бұдан соң кешке Rixos қонақ үйінде жергілікті журналистерді, яғни Мұстафа Жанбаздың атындағы байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Шарада сөз сөйлеген Түркияның премьер-министрі Бинали ЙЫЛДЫРЫМ төңкеріс әрекеті кезіндегі БАҚ рөлінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге, әлемнің әр түкпірінен жиналған залдағы журналистерге қарата:
- Сіздер арқылы 15 шілдедегі оқиғаның бүкіл әлемге таратылатынына сенімдімін, - деді.
Еске салып өтейік, ресми дерек бойынша былтырғы оқиғада 250 адам қаза болып, 2 193 бейбіт адам жараланған.
ҚЫЗЫЛ ЖАРТЫ АЙ
Пресс-турдың келесі күні, 15 шілдеде күндіз Түрік қызыл жарты ай қоғамының штабына бардық. Онда журналистерге былтыр шілдедегі бүлік кезінде жараланған адамдарға жерде қансырап құлап жатқан адамдарды ауруханаға жеткізіп, оларға донорлық көмек көрсеткендігі айтылды. Штабқа әлі күнге дейін жер-жерден гуманитарлық көмек жеткізіліп отырады екен. Штаб аумағында қоғамның тарихынан сыр шертетін музейге де бас сұқтық. Түркияда бұл гуманитарлық ұйым 1868 жылы құрылған. Музейде сол жылдан бері қарай қандай жұмыстардың атқарылғаны туралы баяндайтын материалдар жинақталған. Олармен таныса отырып, осы ұлы елдің күрделі тарихының қойнауына бір сүңгіп шыққандай болады екенсің.
Бұдан соң журналистерді тағы да автобуспен Президент кешені алдында былтыр 15 шілдеде құрбан болған жандарға арнап тұрғызылған ескерткіштің алдына алып келді. Бізді осы жаққа әкеле жатқанда жол бойында палаткалар құрып, былтырғы оқиғаны еске салатын плакаттар іліп жатқан адамдарды көрдік. Бұл шараны мұнда «Демократия вахтасы» деп атайды.
ПРЕЗИДЕНТ САҒАТЫ
Маңызды шаралардың бірі осы күні кешке, түн ортасында басталды. Пресс-тур қатысушыларын бақылау-өткізу пунктінде мықтап тексеріп барып Парламент үйінің алдына жинады. Алаңға өткен соң біз Ердоғанды қолдап, ұрандатқан және партиоттық әндерді қосылып шырқаған мыңдаған халықты көрдік. Олар мұнда күн ұзағына тұр екен. Бір адам қандай ұран тастаса, соны іліп әкетіп, қайталап, бірдей айқайлайды.
Алаңдағы халық әйелдер мен ерлер болып екіге бөлініп тұр. Әйелдер секторын қаруланған жас қыздар бақылап тұрды. Митингті жүргізуші былтыр 15 шілдеде құрбан болғандардың рухы осында, бізбен бірге екенін айтып, есімдерін жеке-жеке атай бастады. Сол кезде әрқайсысының есімі аталған сайын халық «бурда!» (осында!), деп айқайлады. Бұл енді толқынысты сәт болды.
Алаңдағы адамдар құрбан болғандардың рухына арнап Құран сүрелері оқылған кезде тынышталып қалды. Құран ұзақ оқылды. Осы кезде көз жасына ерік берген қыз-келіншектерге көзіміз түсті. Жедел жәрдем қызметкерлері қоршау ішінде бірнеше сағаттап тұрып, өздерін нашар сезінген адамдарды біртіндеп әкетіп жатты. Президент Режеп Тайып ЕРДОҒАН халық алдына тура 2:32-де шықты. Себебі былтыр 15 шілде күні дәл осы уақытта Парламент үйінің ғимаратына бомба түскен болатын. Ол өте әсерлене және ұзақ сөйледі. Бірінші кезекте төңкерісті болдырмағаны үшін өз халқына алғыс білдірді.
КІШКЕНТАЙ ГИД ЖӘНЕ ЕЛШІМЕН КЕЗДЕСУ
Қонақ үйге біздер таңда келдік. Бұл күні пресс-тур аясында ешқандай бағдарлама болмаған соң мен алматылық әріптесім Аида КӨЖМАМБЕТОВАМЕН және астаналық әріптесім Серікбол КӨШМАҒАМБЕТОВПЕН бірге Анкараны аралауға шықтым. Серікболдың түрікше жақсы білетіні бізге жеңіл болды. Базарларды аралап болған соң Рим империясы кезінде біздің заманымыздан 2 000 жыл бұрын салынған Анкара қорғанында болдық.
Маңында қарапайым халық тұрып жатқан лашық үйлер бар екен. Қорған қақпасынан кіре бергенде жанымызға 13 жасар қыз бала жақындады. Ол бізге жол көрсетіп, қорған тарихы жайлы айтып беремін деді. Бірақ, бұл кішкентай гидіміз мардымды ештеңе айта қоймады, десе де біз оның қызметіне ақы төледік.
Ал кешкісін Қазақстан журналистері мейрамханалардың бірінде ҚР Түрік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал САПАРБЕКҰЛЫМЕН бірге кешкі ас ішті. Бұл бір жылы шырайлы кездесу болды. Елші екі елдің арасындағы ынтымақтастықты бекіте түсу бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы айта келе, бізге алдағы жұмысымызға сәттілік тіледі.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор
Атырау-Анкара-Атырау