Атыраудағы тұрғындар арасында көп сыналған христиандар зиратының әкімшілігіне жаңа басқарушылар келді. Олар енді заңды түрде қызмет етеді. Бұған дейінгілердің әрекеті заңсыз болатын.
Бұл хикая ұзақ жылдарға созылып, азалы қызметті пайдаланушылар «Спецбюро» ЖШС-не қатысты үнемі шағымданатын. Аумақтағы қоқыс үйінділері, іс жүргізудегі тәртіпсіздіктер, қызметкерлердің дөрекілігі, іздеушісі жоқ, танылмаған мүрделер мен медициналық қалдықтарды лайықсыз жерлеу, өз қызметтерін таңу және бастысы, жерлеу орны үшін заңсыз ақы алу туралы біз газетімізде талай рет жазған болатынбыз. Тіпті, жерлейтін шұңқыр ақылы қызметтер тізіміне кірмесе де, енді анықталғандай, жиырма жылдан астам уақыт бойына өзіне тиесілі емес және мүлдем сатылуға тиіс емес нәрсені сатқан жерлеу қызметі бюросының басшысы Ольга ПАВЛЕНКОНЫҢ қызметін тоқтату үшін бірде-бір қадағалаушы орган селт етпеді. Танылмаған мүрделерді ғана жерлеуге рұқсатынан басқа, қолында аумаққа билік етуге рұқсат беретін еш құжаттары болмай-ақ, о дүниелік болған жандардан бизнес ұйымдастырып, өз қызметін сату үшін өте батыл болу керек.
- Зират – бұл қаланың коммуналдық меншігі және қалалық қаржы бөлімінің балансына алынған. 132 гектар аумаққа, әрі жалпы (мұсылмандар мен христиандар зираттарының ортақ шекарасы бар және бір нысан ретінде тіркелген) мемлекеттік акт тек 2013 жылы орындалды. Павленконың христиандар зиратына кіре берісіндегі үйшікке техникалық төлқұжаты мен мемлекеттік акітісі бар. Үйшік оның билігіне кеңес дәуірінде көшкен, ол тиісінше, оны меншік құқығына ресімдеген. Басқасының бәрі – басып алу. Оның қызмет көрсетуге немесе сенімді басқаруға ешқандай келісімшарты жоқ. Оның мекемесі соңғы 7 жылда мемлекеттік бюджет қаржысына танылмаған мүрделерді жерлеу конкурсының жеңімпазы ғана болып табылады, - деп хабарлады қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Қайрат КЕНЖАЛИЕВ.
- Қалалық әкімдіктің жерлеу талаптарын адал атқармағаны туралы мәліметтердің болғанына қарамастан тендердің осы ЖШС-ге үнемі беріліп отырғандығы таң қалдырады.
- Егер ол жерде танылмаған мүрделердің ортақ бейітке көмілгендігі туралы айтып отырсаңыз, бұл шындық емес. Жерлеу ТКШ қызметкерлерінің қатысуымен жүргізіледі. Плацентаны ортақ бейітке жерлей алады, ал мүрделер жерленбейді.
- Сонда қалғандарынан Павленко заңсыз пайда түсіріп отырған ба?
- Иә, анархия болды деп айтуға болады, заңсыз жұмыс жасады, оның ешқандай құқығы болмады. Бірақ мұны құқыққорғау органдары шешсін.
Бірақ, ол жердегі тәртіптер туралы, зиратта прайстың бар екені (оның бірінші тармағындағы бұлыңғыр «Тіркелу және жерлеуге рұқсат алу» қызметі - 10 мың теңге) туралы көптеген жарияланымдардың болғанына қарамастан құқыққорғау органдарын зираттағы қарбалас қызықтырмады. Бұдан басқа, жерлеу қызметінің бюросы орынды бейіт қазу және табыт сату (тағы 15 және 25 мың теңге) түріндегі «қосымша» қызметсіз сатудан бас тартқан, бірақ адамдар тек формалды түрде орын үшін бір чекті ғана алған. Ал бұл еске салсам, заң бойынша тегін. Жоғары айтылғандардың барлығы кәсіпорынның салық есептерінде бейнеленуі неғайбыл деп ойлаймын.
Бүгінде осы фактілердің барлығын ескеріп, қалалық қаржы бөлімі христиандар зираты бөлігін «Кульчиев» ЖК-не қызмет көрсетуге берді. Күні кеше ғана, 19 шілдеде онымен қосымша келісім жасалды.
- 2015 жылы кәсіпкер Сырым КУЛЬЧИЕВ конкурс бойынша «ноғай бейіті» деп аталатын мұсылмандар зиратын сенімді басқаруға алды. Ол жерде де қоқыс пен тәртіпсіздіктерге шағымдар көп болатын. Бірақ қазір адамдар риза, тазарып, күзет пайда болған, жалпы қоршау мен жол жабындары қалпына келтірілген, коммуналдық қызметтермен келісімшарттар жасалған. Сондықтан оған христиандар зиратын беру ұйғарылды. Ерікті қызмет көрсету тарифін кәсіпкердің өзі белгілейді, бірақ оларды адамдарға таңа алмайды. Егер, мәселен, адамдар бейіт қазатын адамдарды өздері әкелгілері келсе, оларға ешкім кедергі келтірмейді. Әрине, ешкім де орын үшін ешқандай төлемақы ала алмайды, - дейді қала әкімінің орынбасары Мейірім ҚАЛАУИ.
«Спецбюро» ЖШС-не талап қоюға себеп болған соңғы жайт – христиандар зиратының аумағындағы жабылған су құбыры. Осы уақыт бойына жерленгендердің туыстары бейіттерге отырғызылған ағаштарды суара алмай келеді. Су дайындау кәсіпорны маусымның аяғында «Спецбюро» ЖШС есептегіштер орнатып, олармен келісімшарт жасаудан бас тартқандықтан, нысанды сумен жабдықтауды тоқтатқан.
- Христиандар зиратындағы су маусыммен, жазда беріледі. Бұл ауыз су, ешқашан ешкім ол үшін ақы төлеген жоқ, бірақ есепсіз пайдаланылды. Гастарбайтерлер келіп, түрлі ыдыстармен толтырып алып кететін жағдайға дейін барды. Кез келген шеткері ұйым немесе жеке тұлға осынау есепсіз су көздерін пайдалануы мүмкін еді. Ол жерді тек жауып тастаған жоқпыз, күтімсіз қалғандықтан су құбыры тесіліп қалған еді. Оны жөндеуге өзіміз әлденеше рет көмектестік, бірақ әкімшілік басшысы Ольга Павленко есептеу аспабын орнатып, су үшін ақы төлеуден бас тартты: «ТКШ, тұрғындар төлесін, мен төлеуге тиіс емеспін!» деді. Біз есептегіш орнату қажеттігі туралы ұйғарым шығардық. Мұсылмандар зиратының әкімшілігі бізбен бірден келісімшарт жасады. Павленко ұйғарымды орындамаған соң, біз су беруді тоқтатып тастадық, - деп түсіндірді «Атырау Су Арнасы» КМК директоры Владимир ТАШЛЫКОВ.
- Маған зиратты басқаруға алуға рұқсат беруі үшін үш жыл бойына әкімдікті тоздырдым. Сөйтсем, ол тіпті қала есебінде жоқ болып шықты, - дейді «Кульчиев» ЖК директоры Сырым Кульчиев. – Сол кездегі қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ осы мәселені көтеріп, енді қаладағы барлық 27 зират мемлекеттік тізілімге енгізіліп, қалалық әкімдіктің балансына алынды. Біз ең алдымен өз бөлігіміздегі құрылыс қоқысын тазартып, жарық жүргіздік, аумақты тегістеп, қоқыс контейнерлерін орнаттық, қоршауды жамадық, енді бұл жерден бұрынғыдай шойын қоршауларды оңайлықпен алып кете алмайды. Ұрлықтың алдын алу мақсатында кіреберіске бейнебақылау камераларын орнатуды жоспарлап отырмыз.
- Сіз енді өз басқаруыңызға христиандық бөлікті де алдыңыз. Суға қатысты мәселені қашан шешесіз?
- Тап ертең-ақ кірісеміз: есептегіш орнатып, АСА-мен қызмет көрсету келісімшартын ресімдейміз. Бұдан басқа, әкімнен асфальт төсеу үшін бюджетке қаржы салуды өтінемін. Онсыз бұл жерде мүмкін емес, сонымен қатар «Арнаулы автобаза» көмегі керек. Аумақта қоқыс өте көп. Осы қоқыстарды шығаруға көмектессін, ал ол жерде тәртіпті өзіміз жолға қоямыз. Бейіттер мен орындарды реттеу бойынша үлкен жұмыстар күтіп тұр. Біз ноғай бейітінде бүкіл алаңды секторларға бөлдік, бұл жұмыс екі жылға созылды. Бүкіл жерленгендерді көшіріп, жазып алдық. Енді кімге қажет болса, жерленген жерді көрсете аламыз. Сонымен қатар, танылмаған мүрделерді ұлтына және ықтимал дініне қарай жерлеуді жоспарлап отырмыз. Бұрын бәрін бірдей сұрыптап жатпастан христиандық бөлікке көметін еді. Бұл адамшылыққа жатпайды, дұрыс емес. Жақында ғана бір оқиға болды. Әкесі 10 жылдан кейін ұлының бейітін тауып, бізден іздеді, ал ол христиандар зиратына жерленген болып шықты. Эксгумация жасап, қайта жерледі.
Осы фактілердің барлығына қатысты Ольга Павленконың өзінің пікірін білу мүмкін болмады. Оның ұялы телефоны өшірулі тұрды, ал зират кеңсесіндегі қалалық нөмірі жауап бермеді. Оны этномәдени «Довира» украин бірлестігіне жетекшілік ететін Достық үйінен де таба алмадық.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА