Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облыстық ІІД бастығы Аян ДҮЙСЕМБАЕВ (суретте) лауазымына кіріскен уақыттан бастап – 11 ай ішінде жасалған жұмыстар бойынша есеп берді.
Ол жалпы қылмыс санының 12,7 пайызға қысқарғанын, ал қылмыс ашу, керісінше, 13 пайызға артқанын баяндады. Атыраудың жаңа ықшамаудандарында ұрлық санының көбеюі алаңдатып отыр:
- 17 ықшамаудан - Өркен, Балауса, Жұлдыз және т.б. салынды. Кезінде жеке құрылыс салушыларға инфрақұрылымсыз жер берілді. Полицияға көше жарығы, учаскелік пункттер керек. Біз облыс әкіміне баяндадық, ол бізді түсінді – қазір полицияның 34 учаскелік пункті: Атырауда – 20, аудандарда – 14 пункт жергілікті бюджет қаржысына салынатын болады.
Алайда, адамдар полиция пункттерінің салынуын күтпестен үйлерін салып, ол жерге жеке заттарын әкеледі. Менің әр үйдің жанына полицей қоюға мүмкіндігім жоқ – облыс орталығының тұрғындары соңғы жылдары көбейіп кетті, ал біздің кадрлар 10 пайызға қысқарды. Бірақ біз қала маңындағы ауылдарда кезекшілік ететін түнгі патрульдер санын көбейттік, олар әрбір 6 сағат сайын ауысып отырады. Көп кешікпей ахуалды түзейміз…
А.Дүйсембаевтың айтуынша, Атыраудың «ақшалы» қала ретінде аты шыққандықтан, бұл жерге түрлі қылмыстық топтар келеді. Оларды полиция құрықтап отырады. Есептік кезеңде Өскемен, Ақтөбе, Алматы, Алматы, Қызылорда мен Оралдың 32 ұрылар тобы ұсталды. Дүйсембаев Атырау Астанаға EXPO-ға көшедегі бейнебақылау камераларын жіберді деген қауесетті теріске шығарды. Оның айтуынша, 232 камера есептен шығарылған, қазір көшелерде 277 аспап, соның ішінде, қиылыстарда 72, қоғамдық орындарда 38 және аулаларда 167 камера жұмыс істеп тұр. Жергілікті бюджет қаржысына тағы 429 камера мен оның жиынтықтарын сатып алу жоспарланып отыр.
Баяндамасының соңында ол ІІД-де кадрлардың тапшылығы (293 штат бірлігі жинақталмаған) сезілетінін атап өтіп, ауыл жастарын полицияға жұмыс жасауға шақырды. Оның айтуынша, полицейлерге пәтерлер берілетін болады.
«АЖ» сұрақтар қойды.
- 2011-12 жылдары Атырауға тағайындалмас бұрын сіз ІІМ-де «Р» департаментіне басшылық еттіңіз. Ондағы жұмыс ерекшелігі жария емес тергеу әрекеттері (ізге түсу, телефондарды тыңдау, түрлі салаларға жедел қызметкерлерді енгізу және т.б.) болып табылады. Полицейлер жария емес тергеу әрекеттеріне қаншалықты жиі жүгінеді?
- Иә, мен жедел департаментке басшылық еттім, әріптері есімде жоқ, - деп күлімсіреді Дүйсембаев. Содан соң жария емес тергеу әрекеттерінің арқасында елді шулатқан қылмыстың – 2013 жылы Құрманғазы ауданының Қиғаш ауылында ерлі-зайыптыларды өлтіру қылмысының ашылғанын мысалға келтірді. Кейіннен қылмысқа бес қатысушы ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылу жазаларын алған еді.
- Атыраудағы полицейлер түрлі жол-көлік оқиғаларына жиі ұшырайды. Интернетте полицейлердің өздерінің жол қозғалысы ережелерін бұзатындығы туралы фото және бейнежазба айғақтары толып тұр. Сіздер қандай шара аласыздар?
- Мұндай әрбір апатты ішкі қауіпсіздік басқармасы тергейді. Олардың кез-келгеніне қатысты редакция сауалын жолдай аласыздар, сіздерге жауап береді. біз кінәлі болғандарды қатаң жазалаймыз, бақылау жасап, жас қызметкерлерді үйретуге тырысамыз. Бізде кадрлық аппаратта арнайы класстар бар, ол жерде полицейлер қоғамда өздерін қалай ұстау керектігі, қала ішінде қалай жүру керектігі туралы курстар өткізіледі.
ІІД бастығы, сонымен қатар, қазір біздің өңіріміздің 50 тұрғыны халықаралық іздестіруде жүргенін хабарлады. Олардың ішінде, бұрынғы облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ, парламенттің экс-депутаты Аманжан РЫСҚАЛИ және танымал ағайындылардың ұйымдасқан қылмыстық тобының құрамындағы бірнеше кәсіпкерлер бар. Ал іздестіру жарияланғандардың көпшілігі – Сирияға, басқа елге кетіп, халықаралық лаңкестік ұйымдарға кіргендер.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор