Бруцеллезге шалдыққан малдың еті мен сүтін тұтыну қалай реттеліп отыр? Редакция сауалына Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясы басшысының м.а. Сұлухия БИСЕНОВА жазбаша жолдаған жауабында бұның өз ережелері бар екендігін атап өткен.
ҚР АШМ бұйрығына сәйкес, қолдағы ұсақ малдар сою цехтарына жіберіліп, олардың етінен шұжық дайындалады. Ал, ауруға шалдыққан ірі қара мал да сою цехында сойылып, белгіленген талаптарға сай сатуға шығарылуы мүмкін.
Бруцеллезбен ауыратын жануарларды және олардан алынған төлді басқа мал басынан тез арада оқшаулап және кемінде 15 күн ішінде физиологиялық күйіне, жасына қарамастан бордақылау және жайылып семіртусіз тиісті аумақта орналасқан мал сою объектілеріне санитариялық союға беріледі.
Мал сою объектілерінде сойылған бруцеллезге оң әсер берген ірі қара мал мен шошқаның, түйенің, жылқының еті ұшасы мен ағзаларында патологоанатомиялық өзгерістер болмаса, ет 12 сағат тұрғаннан кейін шектеусіз шығарыла береді. Егер өзгерістер анықталған жағдайда шұжық және консерві өнімдері әзірленеді.
Ал, жылқыларда сақау ауруы анықталған жағдайда етін пайдалануға рұқсат етілмейді.
Рұқсат етілмеген сауда орындарында ветеринариялық құжатсыз жануарлардан алынатын өнімдерді сатуға рұқсат етілмейді. Ол түсінікті. Дегенмен, біз үлкен тас жолдардың бойында шұбат, қымыз, айран, сүт және сүт өнімдерін сатушыларды көреміз. Бұл саудагерлер құқық ережелерін бұзып отыр және олар ҚР ӘҚБтК сәйкес әкімшілік жазаға тартылады, делінген С.Бисенованың жауабында. Онда былай деп көрсетілген: «Тұтынушы дүкендер мен дүңгіршектерде сатылып жатқан ет, сүт өнімдерінің ветеринариялық құжаттарын талап етуге құқылы».
Базарлар мен дүкендерде сатылатын ет пен сүт өнімдері қалай тексеріледі деген сұрағымызға инспекция басшысының м.а. С.Бисенова: «Сойылатын жануарларды сояр алдындағы ветеринариялық тексеру жүргізіледі, ал одан кейін және сойылғаннан кейінгі ұшалары мен ішкі ағзаларын ветеринариялық-санитариялық сараптаудан өтеді. Сауда нысандары әкімшіліктерінің бастамасымен өндірістік бақылау бөлімдері құрылды, онда ветеринарлық дәрігерлер сою цехтарынан келген еттерді тексеруден өткізеді. Ал күнделікті ветеринарлық бақылау жергілікті атқарушы органның мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлері тарапынан жүзеге асырылады» деп жауап берді.
Ветеринар Сатыбалды ОРАЗҒАЛИЕВ бруцеллездің адамға қой мен ешкіден жұғатынын, ал ірі қарадан көп жұға қоймайтынын атап өтті. Сол себепті, қолдағы ұсақ малдың сүтін мүлдем пайдалануға болмайды. Ал, сиырдың сүтін пісіріп ішуге болады, алайда қаймағын жеуге болмайды. Маманның айтуынша, бруцеллезге шалдыққан ірі қара мал сою пункттерінде сойылып, ұшасы ілініп тұрады. Егер ет 12 сағаттың ішінде қанталап кетсе, кері қайтарылмайды. Ал, егер еттің түсі өзгермей, қалыпты болса, иесі оны алып кете алады.
Ет пен сүтті асығыс сатып алуға асықпаңыз, тиісті анықтаманы талап етіңіз.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА