Шілдеде Қызылқоғада 45 мың, ал Индер ауданында 36 мың гектар мал жайылымы өртеніп кетті. Бұл малшылар үшін қиындық туғызып отыр.
Қызылқоға ауданында жыл сайын дала өрті болып тұрады. Биылғы жылы өрт алапат ыстық пен аңызақ желдің салдарынан кең аумақты қамтыды. Облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТАН қатаң сөгіс алған Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот МҰҚАНОВ бұл тығырықтан қысылмай шығатынына сенімді:
- Жайылымдық жері өртенген малшылар Мақат ауданына шектес жерде отыр. Олардың қалаған жеріне көшуіне жәрдемдесетін боламыз. Ең бастысы, малды суару үшін құдық мәселесі де шешіледі. Негізі аудан бойынша 2,5 млн. гектар жер бар. Сондықтан өрттің зияндылығы біз үшін аса білінбейді. Биыл аудан бойынша 150 мың тонна пішен дайындалуы қажет. Бүгінгі күні штаттық режимде жұмыстар жүріп жатыр, шөп шабу науқанына шаруа қожалықтары, шаруалар, пішен бригадалары маусымның 20-сынан бастап кірісіп кетті. Дайындалған шөп 11 мың тонна.
Индер ауданында 16 мың гектар Елтай округінде, ал 20 мың гектар Жарсуат округінде отқа оранды. Онсызда шабындық жері жұтаң Елтай округінде тілсіз жаудың салдарынан дала қап-қара күйеге айналған. Күйік иісі жүргізбейді. Көлік жолында әлі бықсып жатқандарын топырақпен көміп те жатыр. Жалы, құйрық жүні күйіп қалған жылқы малы да кездеседі.
Елтай округінің әкімі Ербол ДҮЙШІММЕН жергілікті тұрғындардың кездесуінде де өрт мәселесі басты тақырып болды. Олардың айтуынша, Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Ақжайық, Қаратөбе, Сырым аудандарынан тұтанған от бет қаратпай, тойтарыс беруге мүмкіндік бермеген.
- Бізде өрт шілденің 6-сы күні басталды. Өте тез келгені соншалық ауылдағы ағайындарға хабарлап үлгердік. Олар көмекке келгенімен бірақ жалынды тоқтату мүмкін болмады, оншақты адамның қолынан не келетін еді. Жел де оңды-солды ұйытқып, бой бермей кетті. – дейді «Ақниет» ШҚ иесі Ақниет БАХИТОВ.
- Енді жарамды жер өте аз қалды. Қолымдағы төрт түлікті енді қай өріске шығарам деп ойланып отырмын. Жылқы мен қойды қыстақ маңына бағармын, ал қолымдағы 60 шақты сиырды не істеймін? Қыстақтан 7-8 шақырым жерге ұзатуым керек. Ол жаққа көшіп барайын десем, жерінің иесі бар, ол құдығын бере ме?
Бұл мәселе сондай-ақ "Жырақұдық" учаскесіндегі Қайырғали ЖАҚСЫЛЫҚОВТЫ, "Нұрбол" учаскесіндегі Ербол БАХТИЯРОВ пен "Сейіттегі" учаскесіндегі Ерғали ӘЖІБАЕВТАРДЫ да алаңдатып отыр. Жайылым жерлері тарылып қалды. Енді қайтпек керек?
-Қысылтаяң кезде не техника, не адам күші болмады. Тіпті үй кетіп қала ма зәре жоқ. Мүмкін бірден бетін қайтарғанда осыншама жер күлге айналмас еді. Енді малымызды не істейміз, білмейміз. Біз осы малмен күнелтіп отырмыз ғой, - дейді жергілікті тұрғын Нұрила ҚАМЕШЕВА.
Әрине, орын алған өрттің тигізген зияны аз емес. Дегенмен, Елтай округінің әкімі Дүйшім барынша жігерлілік танытуда:
- Адамдар енді шөпті басқа аудандардан сатып алуға мәжбүр. Мал жайылар өріске зарығып қалғандар пішенді тек сырттан сатып алу қалғанын айтады. Өткен жылы бір орам шөп 5 мың, ал бір машина пішен 35 мың теңге болған. Енді қалай болғанда да көршілермен келісуге тура келеді. Егер құдай беріп жауын жауар болса, онда екі аптаның ішінде қайтадан шөп шығып та үлгереді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА,
Суреттерді түсірген автор