Атырау, 27 қараша 09:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Ақындар ұйықтап жатқан қоғамды сынға алды

4 697 просмотра


Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда облыстық ақындар айтысы өтті. 

Солардың арасында нағашы мен жиен айтысының әдемі үлгісін көрсетіп, қазылардың жоғары ұпайына ие болған Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ пен Әнуарбек САДЫҚОВТЫҢ жұбына халық қошеметін аямады. Айтыскер Әнуарбек сахнаға Серікболдан көп жыл кейін шықса да өз жанкүйерлерін қалыптастырып үлгерген, көрермендеріне «башқұрттың баласымын» деп айтыста айтқан шумағымен танымал еді. Шынымен де, оның әкесі башқұр да, анасы қазақ қызы.

Аламанның алғашқы қарымтасында-ақ, Әнуарбек бір айтыста Серікболды қалғып отырып жеңгенінен хабар беріп, бүгін де тыңғылықты дайындықпен келгенін көрсетті.  

Қарсыласының әр сөзін бағып отырған Серікбол да оның «ұйықтап отырып жеңем» деген сөзін жауапсыз қалдырмады. Қазіргі кезде «ұйқыдағы» адамдардың кесірінен қоғам ақсап жатқанын тілге тиек етті. 

Бұдан кейін Әнуар елордада жұмыс жасап, Астананың көркеюіне атсалысып келгенін айтып, елдің назарын тақырыпқа аударды. Астана төрінде болып жатқан ЭКСПО-2017 көрмесіне еріксіз билет алдырып жатқан мекемелерді сынға алды: 

- Дәл қазір Астанада ЭКСПО-ның,
Бағасы тыс болып тұр шамадан да.
Бір кесе шәйдің өзі - 1200
Бара жатқан мейманға обал ол да.
Қырық мың деп құныққан таксилері,
Темір торды сәл жатыр сағалауға.
...Сіз қоғамдық газетте журналиссіз,
ЭКСПО қандай екен шын мәнінде,
Серікболдың көзімен қарағанда, - деп пікірін білмек болып, кезек ұсынды. Айтпақшы, Серікбол Исатай аудандық газетінде жұмыс істейді. Ол Әнуарбектің сөзіне былай деп жауап қайырды: 

- ...Құрылыстан тәжірибең нөл емес пе?
Мұндайда салмай жатып қирап қалған 
Астананың көпірі келеді еске.
Айтпақшы, сол көпірдің опырылған,
Шегесін қағып жүрген сен емес пе? - деп әзілмен залды күлкіге қарық қылды. 

Алайда, Әнуар: «Мен қазір өзім көпір болып жүрмін,
Башқұрт пен қазақтардың арасына», - деп қаны бөлек болса да жаны қазақ деп соғатынын айтып, айтысты түйіндеді.

Айтыстың қорытындысында қазылар алқасының шешімімен Әнуарбек бас жүлде - 250 мың теңгені жеңіп алса, бірінші орын - 200 мың теңге Серікболға бұйырды. Шалқарбай ІЗБАСАРОВ пен Өнербек ДӘУЛЕКЕНОВ сынды ақындар екінші орын - 150 мың  теңгемен марапатталса, Жәнібек САДЫРОВ, Серік ҚОЙШЫҒҰЛОВ, Бимырза ӘБІЛХАЙЫР үшінші орын үшін әрқайсысы 100 мың теңгемен марапатталды. Айтыстың жеңімпаздары күзде Атырау қаласында өтетін республикалық айтысқа қатысады. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор


13 шілде 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.