Атырау, 27 қараша 09:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Атырау үкімет ережесіне өзгеріс енгізіп отыр ма?

2 196 просмотра


Көктемде Egov электрондық үкімет порталында талапкерлерді кешенді тестілеуге қатысу үшін құжаттарды қабылдау 20 маусымнан 9 шілдеге дейін жүргізілетіні жөнінде хабарланған. Алайда, іс жүзінде бәрі басқаша болды.   

- Мен Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінен дипломды 30 маусымда алдым. Соның ертесі күні Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне талапкерлердің кешенді тестілеуіне қатысуға өтініш білдіруге барғанымда, маған кешігіп қалғанымды айтты. Қабылдау 25 маусымда біткен екен, - дейді өзін таныстырғысы келмеген гуманитарлық колледждің түлегі.

Мәселенің анығын білмекке біз Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Арман ЖҰМАҒАЗИЕВКЕ хабарластық.

Оның айтуынша, биыл талапкерлерді кешенді тестілеудің бірінші кезеңіне қабылдау 1-20 маусым аралығында жүргізілген.  

Талапкерлердің өтініштері бойынша бұл мерзім 25 маусымға дейін ұзартылды.

- Ол туралы қаламыздағы барлық оқу орындарына хабарладық, жиналыстар өткізілді, әлеуметтік желілерге де салынды. Осы бірінші ауысымға құжат тапсырып үлгермегендер тамыз айының 1-8 аралығында екінші ауысымға құжат тапсыра алады. Бірақ, мұндағы бір ерекшелігі - құжат тапсырып үлгере алмағандар тек ақылы түрде оқу мүмкіндігіне ие болады. Яғни, мемлекеттік грантқа үміткер бола алмайды, - дейді А. Жұмағазиев.

Біз «Egov» сайтындағы «Қазақстанда талапкерлерді кешенді тестілеу: не, қайда және қашан?» туралы берілген ақпаратты шолып өттік. Онда ақпаратқа соңғы өзгеріс 13.04.2017 жылы жасалған екен. Онда құжаттарды қабылдау мерзімі 20 маусым – 9 шілде аралығы деп көрсетілген. 


Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ:

Қазіргі уақытта Қазақстанда жоғары оқу орнына (ЖОО) немесе техникалық мекемеге ҰБТ нәтижелері немесе талапкерлерге арналған кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде түсуге болады.

Жалпы, кешенді тестілеу мыналар үшін жүргізіледі:

өткен жылдардағы жалпы орта білім ұйымдарының түлектері;

техникалық және кәсіби білім ұйымдарының түлектері;

шетел оқушыларымен халықаралық алмасу желісі бойынша білім алған жалпы білім беретін мектептердің түлектері;

республикалық музыкалық мектеп-интернаттардың түлектері;

шетелде оқу орнын аяқтаған адамдар. Кешенді тестілеуден өту нәтижелері бойынша талапкерлер егер ҰБТ нәтижелері бойынша түсе алмаса ЖОО түсе алады, сондай-ақ 9 сыныптық оқуды аяқтағаннан кейін колледждердегі білімін жалғастыра алады. Ағымдағы жылы ҰБТ нәтижелері бойынша ЖОО өтпеген балалар үшін кешенді тестілеу тек келесі жылы ғана мүмкін.

5 шілде 2017, 15:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.