Махамбет атындағы облыстық драма театр ұжымы Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» антикалық өнердің ХІХ халықаралық фестиваліне қатысты. Еврипидтің «Медея» қойылымын (қоюшы режиссер Қуандық ҚАСЫМОВ) сахналап, «Современное прочтение античной темы» номинациясына ие болды.
Осы жағымды жаңалыққа орай Атырауда өткен баспасөз конференциясында театрдың бас режиссері Мұқанғали ТОМАНОВ махаббат, сатқындық, қызғаныш, кек алу туралы керемет жазылған ежелгі грек трагедиясы актерлардың шығармашылығына кең өріс берді.
- Біз болған жердің өзі ерекше шабыт берді. Біз Митридат тауының етегінде, ежелгі Эллада дәуірінен қалған тарихи ескерткіштердің арасында ойнадық. Келісесіз бе, дайын сахна, дайын реквизит, дайын декорация, - дейді Томанов. - Биыл фестивальге алты театр өз қойылымдарын алып барды. Қазылар алқасының құрамындағы 14 адамның қатарында Ресейдің халық әртістері Василий ЛАНОВОЙ, Владимир КОРЕНЕВ, Юрий ВАСИЛЬЕВТЕР болды. Көрермен көп жиналды, бізді ыстық ықыласпен қарсы алды. Жылы қабылдағандары да таңсық деуге келмес, себебі, Кеңес Одағының батыры, қазақтың Қайрошы - Қайырғали Смағұлов 1943 жылы қазіргі таңда Керчтің бір ауданы болып табылатын Елтиген қыстағы үшін болған ұрыста ерлікпен жауға қарсы күрескен.
Сонымен қатар, театр труппасы елден ұл болып кетіп, Мысырда ұлыға айналған Сұлтан Бейбарыстың қолымен салған мешітке барып тәу етіп, дұға оқыды.
- Құдіреттілігін-ай деймін, біз мешітке барған кезде жаңбыр жауып, ерекше ауан орын алды. Қазақта «нұр жауды» деп айтады ғой. Біз сондай ерекше сезімге бөлендік, - деп еске алады режиссер Томанов.
- Біз театрдың 79-маусымын жаптық, - дейді театрдың директор Берік ЖӘМЕНОВ. - Енді күзде ашылатын мерейлі 80-маусымға дайындық басталып кетті. Жоспарлар көп, жұмыстар жүріп жатыр. Қыркүйекте АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларына сапар күтіп тұр.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор және театр ұжымынікі