Атырау, 27 қараша 09:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Алаудың бейнежазбасы үшін жұмыстан шығарылды

Бейнежазба
3 841 просмотра
Бейнежазба скриншоты.

Қарабатандағы мердігер компания өртеніп жатқан алаудың бейнежазбасын әлеуметтік желіге жариялағаны үшін өз қызметкерін жұмыстан шығарды.

2017 жылдың 7 наурызында «Теміржол құрылыс Атырау» ЖШС-нің жүк ілдіруші бригадирі Тимур ҚАЛИАҚПАРОВ «Болашақ» мұнай өңдеу зауытынан түтіндеп жатқан алауға назар аударады. Оның адвокаты Аслан ЖОЛБОЛОВТЫҢ айтуынша, Қалиақпаров «зауытта экологиялық заңнама нормалары бұзылып жатыр деп жорамалдап, бұл фактіні жұртшылыққа жеткізуді өзінің борышым деп есептеп, Инстаграммдағы топтардың біріне жариялайды». Ролик кеңінен тез таралды. Келесі күні кәсіпорынның қауіпсіздік қызметі бригадирге қатысты тергеу жұмысын бастады. Сол күні оның телефонынан бейнежазбаны жоюға мәжбүрлейді. Ал 10 күннен кейін ол тікелей жұмыс берушісінен басқа жұмысқа ауыстырылғаны туралы хабарлама алады. «Теміржол құрылыс Атырау» ЖШС басшылығы себеп ретінде Батыс Ескене аумағында болу және жұмыс жасау ережесінің бұзылғандығын айтады: «Осыған байланысты сізге тапсырыс берушінің шешімімен аумаққа кіруге тыйым салынады», - делінген құжатта.

- Қалиақпаровты бригадирден аула тазалаушыға ауыстырды, оған 1 сәуірден бастап 70 мың теңге лауазымдық жалақымен кеңсе бойынша түрлі жұмысты атқаратын жұмысшы міндетіне кірісу ұсынылады. Ал бұрынғы лауазымында орташа алғанда 180 мың және одан жоғары жалақы алып отырған еді, - деп түсіндіреді адвокат. – Қалиақпаров басшылыққа бұл жайтты түсіндіру үшін жүгінеді. Оған 9 наурызда тапсырыс берушінің өкілі, дәлірек айтқанда, «НКОК» компаниясының логистика жөніндегі супервайзері келісімшарт бойынша жұмыс күшін ұсынатын өз мердігерінің электронды мекенжайына хат жолдағанын айтты. Онда ағылшын тілінен аударғанда былай делінген: «Компания ережесін бұзып, зауытта бейнежазба түсірген Тимурды учаскеден алып тастаңыздар. Оның позициясына монтаждаушылардың бірін ауыстырамыз. Өткізбеу процедурасын бастаңыздар. Сондай-ақ, төменде бүкіл қызметкерлерге учаскенің ережесі туралы еске салу қажеттігі туралы ұсыныстар берілген. Компания туралы кез келген жалған және нақты емес ақпарат беделге нұқсан келетінін түсіндіру. Қауіпсіздік техникасының жалпы ережесін, нұсқаунаманы жаңартып, рұқсат алмастан компания орынжайын бейнежазбаға, фотосуретке түсіруге тыйым салынатыны туралы хабарлау».

Қалиақпаров жаңа лауазымнан бас тартқан соң, оны жұмыстан шығарып жібереді. Ол Атырау қалалық сотына «Теміржол құрылыс Атырау» ЖШС-нің еңбек келісімшартын бұзу туралы бұйрығын заңсыз деп тану туралы, бұрынғы қызметіне қайта жұмысқа алынуды, сонымен қатар, жауапкерден мәжбүрлі түрде жұмысқа келмеген уақыты үшін еңбекақыны және 1 миллион теңге көлемінде моралдық зиянды өндіріп алу туралы талап-арызбен жүгінеді.

Сотта жауапкердің заңгерінің айтуынша, мердігердің учаскеде болу ережесін реттейтін құжат мәтіні жоқ екені белгілі болды. Судья бұл жағдайда қызметкерлердің тапсырыс берушінің қандай ережесі мен талаптарын бұзып отырғанын қалай біле алатынын нақтылауды сұрады.

Заңгер судьяға жарытымды жауап бере алмады. Ол тапсырыс беруші алдын ала оқыту барысында болашақ қызметкерлерді олармен таныстырады деп жорамал жасады. Бірақ, Қалиақпаров мұны теріске шығарды.

Жауапкердің заңгері дәлел ретінде штаттық кесте бойынша жұмыстан шығарылған Қалиақпаровтың бригадир емес, аға жүк ілдіруші болғанын, осылайша жаңа позиция оның жағдайын еш өзгертпегенін – біліктілік стандарттары бойынша екі позиция да «түрлі жұмыс жасайтын жұмысшы» санатына жататынын растады. Ал еңбек кітапшасында, еңбек келісімшартында, еңбек демалыстары мен басқа позиция туралы бұйрықтарда жұмыс берушінің өзі Қалиақпаровтың лауазымын – «бригадир» деп атайды.

Сот тараптардың пікірін тыңдап, жаңа отырыс тағайындады.


Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

1 шілде 2017, 18:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.