Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында Наурыз мерекесінде Атырауда орын алған қос өлім туралы іс қаралды.
Сотта 2017 жылдың 22 наурызында 34 жастағы сотталушы Т.Б.-ның Бірінші учаскедегі өз үйінде ағайы М.А.-мен және өгей бауыры Б.О.-мен бірге ішімдік ішкені белгілі болды. Үй иесі мен меймандар арасында кикілжің туындап, Т.Б. пышаққа жармасып, ағайының кеудесіне пышақ салып алады. Бауыры қаша бастайды, алайда қанішер оны қуып жетіп, оған да ішіне пышақ салады. Нәтижесінде екі туысы да сол жерде көз жұмады.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-тармағы 1-тармақшасы («Екi немесе одан көп адамды өлтіру») бойынша сотталушының кінәсі түгелдей дәлелденді. Оның бұдан бұрын адам өлтіргені үшін сотты болғаны ескеріліп, Т.Б. ерекше режимдегі колонияда 19 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ