Ресми мәліметтер бойынша Атырау облысында жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрайды, яғни, 15 600-ге жуық адам жұмыс іздеп жүр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Балдай ӨТЕҒАЛИЕВА (суретте) хабарлады.
Ол сондай-ақ, биыл 27 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отырғанын айтты: 10 мың жаңа бизнес-нысандардың ашылуымен байланысты, 14 мың орын егде жандар зейнеткерлікке шыққанда және жүкті әйелдер декреттік демалысқа кеткеннен кейін босайды. Қалғандарын мемлекеттік бағдарлама аясында ашу жоспарланып отыр.
– Жыл басынан бері 8 722 орын ашылды: 7 101 - тұрақты, қалған орындар – уақытша. Бос орындардың басым бөлігі құрылыс, білім және өндіріс саласының еншісінде, - деп хабарлады Б.Өтеғалиева.
Сақтандыру медицинасын енгізуге байланысты ол бүкіл тұрғындардың – зейнеткерлер, қызметкерлер, жұмыссыздар және т.б. мәртебесін белгілеу қажеттігі туралы еске салды. Кәсіпорын қызметкерлері үшін сақтандыру медицинасының қорына белгілі бір пропорцияда өздері және жұмыс беруші төлейді, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, келісімшарт бойынша кіріс алып тұратын жеке тұлғалар, жеке шағын шаруашылықтары бар өздерін жұмыспен қамтушылар үшін белгілі бір пайыз бар. Әлеуметтік қорғалмаған топтар үшін жарнаны мемлекет бөлетін болады.
Жақында әлеуметтік қорғалмаған топтардың 15 санатына тағы үш санат қосылды: 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларына күтім жасайтын ата-аналар; жоғарғы оқу орындары мен колледждердің түлектері –оқу орнын аяқтағаннан кейін үш ай ішінде; оралмандар және оған теңестірілген Қазақстан аумағында тұрақты тұратын тұлғалар – елге келгеннен кейін жыл ішінде.
Мүгедектерге қолдау көрсету туралы айтқан кезде, Өтеғалиева жыл басынан бері олардың шипажайлық-курорттық емделуге шыға алатынын атап өтті:
– Бізде 20 939 мүгедек бар, оның 1 751-і бірінші топта, 9 168-і екінші және 6 884-і үшінші топта, сондай-ақ, 3 136 мүгедек балалар бар. Тек көру бойынша 175 мүгедек Алматыдағы «Спутник» шипажайына бара алды. Қалғандарының әзірге денсаулықтарын түзетуге мүмкіндіктері жоқ. Өйткені, шипажайлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсыну конкурс нәтижелерінің негізінде өткізіледі. Біз тендер жарияладық, алайда қатысуға ниет білдірген кәсіпорындар мен ұйымдар табылған жоқ. Енді жаңа конкурс жарияланды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор