Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері жалған салық қызметкерін ұстады.
Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хабарламасында хабарланғандай, Атырау қаласының жеке кәсіпкерлерінен әлденеше рет ақшалай қаржы жымқыру фактісі бойынша жедел іздестіру шарасының барысында Атырау облысының тумасы, бұрын пара алу және алаяқтық қылмыстары бойынша сотталған Әнуар ЕРМҰРАТОВ ұсталды.
Департаменті баспасөз хабарламасына сәйкес, 37 жастағы Ә.Ермұратов биылғы жылдың сәуірінен маусымға дейін кәсіпкерлерге салық органдарының қызметкері ретінде келіп, олардың «шаңдарын қағып», содан соң жібіп, тексерумен мазаламауға және алдағы уақытта қамқорлық жасауға уәде беріп, 10-40 мың теңге аралығында ақша алып отырған.
Қазіргі кезде оның басқа да алаяқтық фактілеріне қатыстылығы тексерілуде. Зардап шегушілерді Абай көшесі, 8-үй мекен-жайындағы Мемлекеттік кірістер департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасына немесе 31-87-50, 35-42-10, 8-778-444-49-69 сенім телефоны арқылы хабарласу сұралады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ