Атырау, 27 қараша 12:30
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +4
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Ембіде алаулар өшеді

5 060 просмотра


«Ембімұнайгаз» АҚ Жылыой ауданындағы Прорва кен орындары тобында ілеспе мұнай газын кешенді дайындау қондырғысын (ГКДҚ) іске қосты. Бұл жоба өңір экологиясы үшін үлкен маңызға ие және компания қабылдаған Ілеспе мұнай газын кәдеге жарату бағдарламасының шеңберінде жүзеге асуда.

Естеріңізге салсақ, бүгінгі күні компанияның осындай қондырғылары облыстың Исатай, Мақат және Қызылқоға аудандарының тұрғындарын қожетімді бағадағы табиғи газбен қамтамасыз етіп, «Салтанат Балғымбаев» және «Шығыс Мақат» кен орындарында ойдағыдай жұмыс істеп тұр.

Нысанды салтанатты түрде іске қосу рәсіміне: «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Сауат МЫҢБАЕВ, «ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ, ZHERSU ИӨК құрылтайшысы Бауыржан ОСПАНОВ, БАҚ және компания қызметкерлері қатысты.

Өз сөзінде ұлттық компания басшысы Ембі мұнайшыларын компанияның мерейтойымен құттықтады:

- Бұл еліміздің бүкіл мұнай саласы үшін атаулы дата. Өйткені осы жерде, Жылыой ауданындағы Қарашүңгіл кен орнында 1899 жылы Қазақстанның алғашқы мұнай бұрқағы атқылады.



Жаңа кешеннің экономикалық және экологиялық тұрғысына қатысты С.Мыңбаев: «Қондырғы жобалау қуатына шыққаннан кейін компания бірнеше міндетті қатар шешеді. Ең алдымен ЕМГ алауларда ілеспе газды ауаға жағуды мүлдем тоқтатады, бұл өңірдегі қоршаған орта үшін және Жылыой ауданындағы жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары үлкен маңызға ие. Бұл экология мәселелері мен халықтың мұң-мұқтажы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен оның еншілес кәсіпорындары үшін басымдық болып табылатынын тағы да дәлелдейді», деп атап өтті.

- Жобаны іске қосу компаниямыздың мерейтойлық салтанатына тура келіп отыр. Жүз жылдай уақыт мұнайлы Ембі ұлттық экономиканы және өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты дамытуға өзінің салмақты үлесін қосып келеді. 2012 жылы акционерлік қоғам болып құрылған кезден бастап 2016 жылға дейінгі аралықта компания салық түрінде республикалық және жергілікті бюджеттерге 625 млрд-тан астам теңге төлеп, Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға - 1,7 млрд-тан астам теңге және демеушілік пен қайырымдылыққа 1,7 млрд теңге бөлді. Бүгінде біз үшін жауапты сәт туды. Келесі екі ай ішінде қондырғы жобалау қуатына шыққанша кешенді іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіледі. Қондырғының жұмысы Прорва кен орындары тобында мұнай өндіруді тұрақтандыруға және жаңа ұңғымаларды бұрғылау есебімен болашақта «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ өндіретін мұнайдың көлемін көбейтуге мүмкіндік беретіндігі маңызды, - деді ЕМГ Басқармасының төрағасы Ануар ЖАҚСЫБЕКОВ салтанатты шарадан соң берген сұхбатында.

Салатанатты рәсімнен кейін газ дайындау және күкірт алу цехының инженер-технологы Мәди БЕК атап өткеніндей, қондырғы Атырау облысы Жылыой ауданындағы Прорва кен орындары тобында ілеспе мұнай газын кәдеге жаратуға арналған. Нысан құрылысы 2014 жылдың жазында басталды. Қондырғы қуаты – жылына 150 млн текше метр.

Жобаның бірегейлігі сол – ТМД аумағында алғаш рет күкірт алу үшін Merichem фирмасының патенттелген LO-CAT технологиясы қолданылатын болады. Бұл технология экология тұрғысында қауіпсіз, химикаттардың уытты препараттары жоқ, жанама зиянды қалдықтар шығармайды және ілеспе газдан күкіртсутектің өте жоғары тиімділікпен жойылуын қамтамасыз етеді. Мұнда газ дайындаудың бүкіл процесі толықтай автоматтандырылған және өндірістегі апатты жағдайдан қорғаудың бірнеше сатысын қарастырады.

Қондырғы іске қосылғаннан кейін: жылына 2,7 мың тонна тауарлық табиғи газ, тауарлық түйіршіктелген күкірт, 4,1 мың тонна тұрақты газ конденсатын өндіретін болады. Тауарлық газ қондырғының кәсіпшілік газ құбыры – «Толқын» газ жинау пунктінің бойымен тасымалданады. Тұрақты газ конденсаты мұнай тұтқырлығын төмендету үшін қолданылады. Осылайша оны өндіру көлемін көтеру үшін түйіршіктелген күкірт Қазақстанның ішкі және сыртқы нарығына өткізілетін болады.

Жоба құны – 35 млрд теңге шамасында. Бас мердігер - «Kerneu limited» ЖШС. Кешен құрылысы кезінде бес жүзден астам уақытша жұмыс орындары құрылды. Іске қосылғаннан кейін қондырғыда компанияның 100 шақты қызметкері жұмыс жасамақ.

Іске қосу рәсімінен кейін біз жаңа өндірістік нысанның қызметкерлерімен – кешеннің өнімді химиялық талдау зертханашысы Гүлжан НҰРБЕРГЕНОВАМЕН және басқару пультінің операторы Қайрат ЖАНӘДІЛОВПЕН әңгімелестік.

Гүлжан Орталық Азия университетін үздік бітірген бойда, мамыр айында жұмысқа қабылданған. Қайрат мектепті «Алтын белгімен» бітірген, содан кейін Қазақстан-Британ технологиялық университетін тәмамдаған. Жас кадрлар Артемьевск қаласында «Татнефть» ресейлік мұнай компаниясының оқу орталығы базасында оқытудан өткен. Енді алған білімдерін іс жүзінде қолданбақшы.

ГКДҚ БӨА инженері Қайрат БАЙСЫДЫҚОВТЫҢ айтуынша, LO-CAT технологиясы АҚШ-та жасалған және ілеспе мұнай газынан 99,9% күкіртсутек бөлуге мүмкіндік береді. Бұл басқа, ұқсас технологиялардан анағұрлым тиімді. ГКДҚ-ның апат болған жағдайда немесе күрделі жөндеу кезінде ғана іске қосылатын жоғарғы және төменгі қысымды екі алау қондырғысы бар. Кешен апатқа қарсы компьютерлендірілген сенімді бір қорғаныс жүйесіне біріктірілген жетекші американдық, неміс және ресейлік өндірушілердің бақылау аспаптарымен жарақталған.

 Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

 Фотосуреттерді ЕМГ баспасөз қызметі ұсынды

20 маусым 2017, 15:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.

Комментарий беру ажыратылған