Солтүстік Корея түрмесінде бір жылдан астам уақыт қамауда болған америкалық студент Отто Уормбьер қайтыс болды. Бұл туралы оның ата-анасы хабарлады. Солтүстік Кореяда комаға түскен Уормбьер бірнеше күн бұрын АҚШ-қа қайтарылған еді.
"Амал не, ұлымыздың солтүстік кореялықтардан көрген адам төзгісіз азабы қайғыға душар етті" делінген ата-анасы Синди және Фред Уормбьердің мәлімдемесінде. АҚШ президенті Дональд Трамп Отто Уормбьердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты. "Менің әкімшілігім Оттоның басына түскен тағдырдан заң үстемдігі мен қарапайым ғана адами құндылықтарды елемейтін режимдердің қолында бейкүнә адамдардың мұндай қайғыға тап болуының алдын алудағы батылдығын еселеп жіберді" деді Трамп.
Ықпалды сенатор Бен Кардин Солтүстік Корея режимін "тағылық әрекетін жалғастырып отырғаны" үшін жауапқа тарту қажетін мәлімдеді. "АҚШ өз азаматтарының жау елдерде қаза тапқанына төзе алмайды" деді сенатор Джон Маккейн.
Отто Уормбьердің қазасын екі күннен соң Вашингтонда кездесетін АҚШ пен Қытайдың сыртқы істер және қорғаныс министрлері талқылайды деген болжам бар. АҚШ Отто Уормбьер Солтүстік Кореяда қамауда отырғанда оған не болғанын анықтау үшін Қытайдың көмегіне жүгінбек ниетте.
Америкалық бірнеше конгресмен америкалықтардың Солтүстік Кореяға туристік мақсатта баруына тыйым салып, лицензия арқылы ғана сапарлайтын ереже енгізуді ұсынды,
Вирджиния университетінің 22 жастағы студенті Отто Уормбьерге 2016 жылы наурызда 15 жыл мәжбүрлі еңбекке жегілу жазасы кесілген еді. Ол Солтүстік Кореяда болғанында қонақүйде қабырғада ілініп тұрған саяси плакатты жыртып тастағаны үшін қамалған. Уормбиердің соты бір-ақ сағат болған. Содан бері оны көпшілік алдына шығармаған. Уормбьердің не себепті комаға түскені әзірге белгісіз. Америкалық дәрігерлер Солтүстік Корея билігінің Уормбьер ботулизммен ауырып комаға түсті деген ресми тұжырымын жоққа шығарады. Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, Вашитнгтон Уормбьердің қазасына жауап шаралары ретінде Пхеньянға жаңа санкциялар салуы мүмкін.
Дереккөз: Азаттық